17-03-20 |
1900 рет қаралған
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына карантин енгізіледі.
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына карантин енгізіледі

19 наурыз сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына карантин енгізіледі деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қ. әкімі А. Көлгінов және Алматы қ. әкімі Б. Сағынтаев, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев және ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары М. Мырзалин баяндады.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

 

Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:

– карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

– карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;

– адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;

– үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

– халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

– қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

– азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

– санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

– ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

– карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

– карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;

– ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.