Адвокат Абзал Құспанның құрылатын комиссия тек қылмыстық істермен ғана айналысатынын айтты. Бұл туралы ол arasha-ға хабарлады.
«Түрлі органдармен ұзақ сөйлесуден кейін ортақ бір келісімге келдік. Біз, адвокаттардан құралатын комиссия тек қана қылмыстық істермен айналысатын болдық. Оның ішінде ауруханада ем алып жатқан жерінен белгісіз, маска киген адамдар алып кетіп, іс қозғаған делінетін істер де бар», – деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, адвокаттардан құралатын комиссияға қылмыстық істерді зерттеу, қарау қолжетімді болмақ.
Адвокат жуық арада Алматыға келіп, брифинг өткізетінін де айтты.
Сондай-ақ Абзал Құспанның айтуына қарағанда, әлеуметтік желіде айтылып жатқан құқық қорғау органдарының жөнсіз ұстау және қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып ұрып-соғуға, зорлық-зомбылыққа ұшырағандар ісімен «Адам құқығына арналған хартия» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова айналыспақ.
Заңгер Абзал Құспан мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен жолыққанын және қаңтар оқиғасына байланысты істерді зерттеуге комиссия құру туралы бастамаға Ақорданың қарсылығы жоқтығын жазған еді.