Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайды Швеция босқын ретінде қабылдауға келісім беріп, Сауытбай отбасымен бірге сол елге көшіп кетті. Мұны бүгін адвокат Айман Омарова хабарлаған еді.
Біз Сайрагүл Сауытбай ісімен айналысып, оның түрмеден босап шығуына қол жеткізген және кейіннен Қазақстаннан босқын мәртебесін алуы үшін де еңбек еткен белгілі заңгер Абзал Құспанның Сайрагүлдің Швецияға көшуіне қатысты пікірін сұраған едік.
– Бастысы, Сайрагүл Сауытбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс тамаша шешімін тапты. Түрмеде жатқан және заң бойынша Қытайға кері қайтарылуы тиіс Сайрагүл бостандыққа шықты. Келесі қадам – ешбір құжаты жоқ және Қытай азаматтығынан шықпаған Сайрагүлге Қазақстанда қалып, азаматтық алу еді. Оны уәкілетті орган шеше алмады. Сондықтан азаматтық тәртіпте сотқа беру керек болды. Дәл осы азаматтық іске келгенде түсініксіз жағдайлар көбейіп кетті. Отбасымда қайғылы оқиға орын алды. Сайрагүл басқа адвокатқа жүгінетінін айтты, ол өзі айтқандай менің жағдайыма байланысты болды ма, әлде басқа бір адамдардың ықпалы болды ма әлі күнге дейін маған жұмбақ. Бірақ қылмыстық іс кезінде де «Сайрагүл саяси мәлімдеме жасасын», «істі саясиландыру керек» деушілер болды. Бірақ ондай жағдайда Сайрагүлдің тағдыры қалай шешілетіні белгісіз еді. Қалай болған жағдайда да Сайрагүлдің тағдыры үшін ең маңызды шешім, ол – қылмыстық іс бойынша Жаркент сотының үкімі, ол даусыз! Себебі, Қазақстан қолданыстағы заң, тіпті ШЫҰ сияқты халықаралық нормалар бойынша да Сайрагүлді Қытайға қайтаруы керек еді. Бірақ Қазақстан билігі, әрине қоғамның қысымымен, Сайрагүлді елде қалдырып, бостандыққа шығара алды. Осы жерде Қытайға экономикалық тараптан кіріптар ел болса да Қазақстан билігінің халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, Сайрагүлді Қытай бермей елде алып қалуы айтарлықтай қадам болды. Сот шешімі – биліктің қабылдаған шешімі. Мұны айтпасқа болмайды. Тағы бір айтатын мәселе, мен өзім де азаматтық іс шеңберінде Сайрагүлге босқын статусын беру процесі қиындап бара жатқанын көріп, 3 рет АҚШ, 1 рет Германия елшілігіне кіргенмін. Германия Сайрагүл қабылдаудан бас тартты. Ол елге қайырылған себебіміз, Сайрагүл қазақ және қытай тілінен басқа тіл білмейді. Германия қабылдаса, Мюнхенде, қазақтар ішінде тұрар деген ойымыз болды. АҚШ елшілігімен де сөйлестік. Бірақ Сайрагүл АҚШ баруға ниетті болмады. Себебі, біріншіден, тіл білмейді, екіншіден, Сайрагүлдің өзі ғана кетеді отбасы қалатын еді. Және Қазақстанға ешқашан қайтып орала алмайтын еді.
Енді Қазақстан неге Сайргүл Сауытбайға босқын мәртебесін бере алмайды дегенге келсек. Қытаймен шекаралас жатқан мемлекеттердің ешбірі ешқашан Қытайдан шыққан азаматтарға босқын мәртебесін берген емес. Босқын мәртебесін беру деген сөз – сол елде адам құқығының бұзылып жатқанын ресми түрде жариялы мойындау. Ал Қазақстан секлді Қытаймен қай жағынан алсаңыз да шендесе алмайтын дамушы елдер ондай көзссіз ерлікке бара алмайды. Оның салдары ауыр. Оны билік өте жақсы біледі. Сондықтан, қорыта айтсам, Сайрагүл Сауытбайдың шетелге босқын болып кетуі мәселесі ол түрмеден босталған сәттен басталған жұмыс болатын. Оны Швецияның қабылдағаны оңды шешім болды. Бұл – С.Сауытбай ісіне араласқан барша азаматтардың ортақ жеңісі ғой деп ойлаймын.