29-10-23 |
910 рет қаралған
Адвокаттар да тараптарды татуластыра алады.
Адвокаттар да тараптарды татуластыра алады

Құқықтық, зайырлы мемлекетте әрбір даудың, кез келген келіспеушіліктің сот алаңында шешілуі оңтайлы. Бұл қоғамның құқықтық даму жолына түсуінің, мәселені күш-қуат, жуан жұдырықпен шешудің ауылы алыста қалғанының дәлелі. Дегенмен, құқық институттарын бір жүйеге түсірген өркениетті мемлекеттер дауды сот төрелігінде таразылағаннан гөрі, өзара мәміле, медиациямен шешкеннің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Расында, дамыған мемлекеттерде медиация институты айрықша танымал. Австралия, Америка құрам штаттары мен кейбір еуропа елдерінде дауларды сотта қарамас бұрын, тараптардың медиатордың алдына баруы заңды түрде міндеттелген. Медиатордың қатысуымен тараптар келісімге келе алмаған жағдайда ғана іс соттың назарына ұсынылады. Бұл өркениетті елдердің даукестікті азайту бойынша қабылдаған нағыз ұтымды әдісі десек қателеспейміз. Ал дауды соттан тыс шешудің балама тетігі саналатын бұл институт біздің елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануымен жандана түсті.

Қазақта медиация туралы құжат дайындалғанға дейін де бітімгершілік институты жан-жақты жұмыс істеген. Тек ауыл үйдің арасындағы кикілжіңді алысқа ұзатпай шешуге дағдыланған қазақтың бейбіт сүйер қасиетін медиация айшықтай түседі. Тарихқа шегініс жасағанда, қазақтың Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің Жеті жарғысының бәрінде дауды бітіммен аяқтауға басымдық берілгенін байқамау мүмкін емес. Жазаны ағаттық жасаған адамды тұқырту үшін емес, тәрбиелеу мақсатында қолданған қазақтың кеңдігіне, көргендігіне таңданбай тұра алмайсың. Тіпті, бабаларымыз кісі қайтыс болса да ағайын арасындағы кекшілдік тереңдеп кетпесін деп құн дауын тәжірибеге енгізген. «Медиация туралы» заң сол дала заңын тірілтіп, заманауи талаптарға жақындатқан пәрменді құжат.

Медиация алдағы уақытта да дамып, өркендеуі үшін ақпараттық насихат жұмыстарынан бөлек, заңдары түсіндіру, халыққа жаңашылдықты таныстыру, медиаторлар мен татуластырушы судьяның белсенділігін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Сонымен бірге, ел тыныштығын, ауыл арасындағы сыйластықты сақтауда медиаторлықпен кәсіби тұрғыдан айналысатын білікті мамандардың шоғырын қалыптастырып, елге сөзі өтететін ауыл ақсақалдарының төрелікке араласуына жағдай жасау шарт.

Азаматтар кикілжіңді сотқа жеткізбей шешкен жағдайда бірқатар артықшылыққа ие болады. Бұл басымдықтарды әрбір азамат білуі, тәжірибеде тиімді қолдануы қажет. Мәселен медиация процедурасының бірден бір ерекшелігі – дауды сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігінде. Сот пооцесі заң шеңберінде жүргізілетіндіктен, өте көп уақытта алады. Көптеген құқықтық процедуралардан өтуді қажет етеді. Әр поцеске қатысу уақытты кетіреді. Ал тұрақты жұмысы бар адамға әрбір сот отырысы өткен сайын сұранып, сот ғимаратына келу әурешілік тудырады. Сот процесіне келгенде кейбір қатысушылардың себепсіз сотқа келмеуі процестің созылуына, босқа уақытты кетіруге әкеліп соғады. Сонымен бірге, сотта ісі қаралған тараптардың жүйкесіне де аз салмақ түспейді. Өз сөзінің дұрыс, өз қадамының негізді екенін дәлелдегісі келген тараптар мәдениетті түрде айтыса бермейтінін, сыпайы түрде сөз таластыра алмайтынын жиі байқауға болады. Кейде көңіл-күйдің жетегімен кеткен тараптар бір-біріне дауыс көтеріп, қатты сөздер айтып, ар-намысына тиетін жағдайлар да болады. Соның кесірінен сотта ісі қаралған адамдар арасындағы сыйластыққа сызат түседі, қанша жерден жақын, туыс болса да, сот отырысынан кейін бір-бірін көрместей болып кететін азаматтар аз емес. Сот отырысы қаржылық тұрғыдан да тараптарға қолайлы дей алмаймыз. Себебі, әрір процеске келу артық шығынды қажет етеді. Жұмыстан сұранудың соңы жалақының қысқаруына әсерін тигізеді. Одан бөлек, заңгер жалдау, сараптама тағайындау сияқты қызметтерге кететін ақы да аз дей алмаймыз.

Міне, сот пен медиация арасындағы бар мен жоқты таразылағаннан кейін азаматтардың көп ретте медиацияға таңдау жасайтынының себебі осыда. бұзылған қатынасты қалпына келтіруді мақсат етіп, келісімді жүзеге асыру барысында жанжалдың негізінде жатқан сезімдерді, эмоцияларды, тілектерді зерттеу нәтижесінде медиатор тараптардың психологиялық қарым-қатынастарын қайта қалыптастыруға көмек беруге ұмтылады. Тағы да бір ерекшелігі – медиация процедурасы келісімді жүргізудің негізі ретінде тараптардың ұстанған бағыттарын емес, олардың мүдделері негізінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта кәсіби медиаторлардың белсенділігі артып келеді. Олардың көмегімен медиативтік келісімге келіп жатқандардың да қатары қалың. Медиаторлардың танылуына, тараптардың таңдау жасауына, ынталандыруға сот саласы да айрықша көңіл бөліп отыр. Себебі, даулардың медиациямен шешілгеніне соттар да мүдделілік танытады. Бұл бір жағынан сот жүктемесін азайтуға көмектессе, екінші жағынан, судьялардың басқа күрделі, ауыр істерге көбірек көңіл бөліп, бос уақытын ізденуге, тәжірибесін шыңдауға бағыттауына жол ашады.

Жалпы, медиацияның қанатының кеңге жайылуына Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың оң әсер еткенін де айта кеткеніміз артық емес. Бұл кодексте татуластыру рәсімдеріне бөлек тарау берілген. Заңдағы жаңа нормаларға сәйкес, енді қорғау­шылар мен татуластырушы судья да алдына келген екі жақты татуластыра алады. Мұндай жаңашылдық медиацияны қолдану бойынша тәжірибені зерделеп, көпшілік пікіріне құлақ түргеннен кейін енгізіліп отыр. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, азаматтар даудың бұрынғыдай тек сот залында, судьяның қатысуымен шешілгенін қалайды. Сондықтан Азаматтық процестік кодексте татуластырушы судьялардың қызмет етуінің құқықтық тәртібі қарастырылған. Осыны негізге ала отырып, әрбір азаматтық сотта тәжірибелі, білікті судьялардың ішінен татуластырушы судьялар іріктелген. Мұндай судьяларға медиациялық келісімге келу мүмкіндігі бар істер ұсынылады. Ал татуластырушы судьяның көмегімен ортақ мәмілеге келу тараптардың өз таңдауы. Бү­гінгі күні бұл өте құптарлық жайт. Сонымен қатар, партисипативтік рәсімнің енгізілуі де көпшілік пікірін ескере отырып қарастырылған жаңашылдық. Мұнда екі тараптың қорғаушысы тараптардың құқығы мен мүддесін, қалауын ескере отырып, дауды өзара келісіммен шешуге атсалысады. Бүгінгі күні адвокаттардың да тараптарды татуластыруға атсалысып жатқаны қуантады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.