09-05-18 |
3970 рет қаралған
Қайта жанданған дала заңы.
Қайта жанданған дала заңы

Дана халқымыздың кез-келген мәселені бейбіт шешіп, кеңдік таныту қанында бар. Бітімгершілік дәстүрін жалғастырып, медиацияны жандандыру бойынша жүргізілген жұмыстар сол ескіні тірілтіп, көнені бүгінгі күннің игілігіне жаратуды көздейді.

«Алдына келсе атасының құнын кешкен» қазақтың татулықты ту еткені, араздыққа жол бермегені белгілі. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң құқықтық қағидалардың қазақы үлгісін бүгінгі күннің басты тақырыбына айналдырған еді. Десек те, кеңестік кезеңнің қатал талабынан өткен халыққа дауды бітімгершілікпен шешу, жанжалға өзара келісім арқылы нүкте қою дегеннің таңсық көрінгені рас. Құқықтық қорғаудың таптаурын сүрлеуіне түскендер тіпті татуласудың дұрыс шешім екеніне күдікпен қарайтын. Өйткені, біз жетпіс жылдан астам уақыт бойы дау-жанжалды тек соттың қарап, сот залында ғана үкімнің шығатынына үйреніп қалдық. Ендеше, бір ғана заң қабылдау арқылы бұрынғы көзқарасты, қалыптасқан дағдыны өзгертем деу әсте қиын. Ол үшін медиацияның насихатын арттыру керек. Медиаторлардың беделін арттырып, кәсібилігін көтеру де маңызды. Сот жүйесінің қызметкерлері алдына осындай жоғары міндет қойып, медиациямен аяқталатын істердің көбеюіне үлес қосты.

Азаматтық процестік кодекстің қабылдануын бітімгершілікті барынша жетілдіруге, медиацияның мерейін өсіруге жасалған ірі қадам деп бағалаған орынды. Кодекстегі бір тараудың тұтастай татуластыру рәсімдеріне арналуының өзі дала заңын мойындағандықтың белгісі болса керек. Жаңа өзгерістерге сай енді тараптарды татуластыру құқығына тек медиаторлар ғана емес, судья-медиаторлар да, адвокаттар да, нотариустар да ие бола алады. Осының ішінде татуластырудың партисипативтік рәсімінің қолданылатынына күмәнданғандар көп. Өйткені, қаржылық тұрғыдан алсақ да, кәсіби тұрғыдан алып қарасақ та адвокаттарға қорғауындағы адамның дауласқан тараппен татуласып, істі орта жолдан тоқтатуы тиімсіз.  Ал, адами көзқарас ақша мен қызметтен биік. Сондықтан, өз кәсібін сүйетін, өзінен көмек сұрап келген адамға шын жанашырлық танытқан адвокат қаламақының құлы болмай, істің жедел, тиімді шешілуіне барынша мүдделілік танытқаны абзал.

Партисипативтік келісімді ресімдеуде айтарлықтай қиындық жоқ. Азаматтық процестік кодекстің 182-бабына сай дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасамас бұрын судья келісімнің мазмұнын тексереді. Себебі, келісім немесе келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176 және 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.Егер адвокаттар келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартты бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Алматы қаласы Медеу аудандық сотында биылғы жылдың тоғыз айында 142 іс медиацияны қолданумен, екі іс партисипативтік тәртіппен шешімін тапқан.

Д.Акетаев,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.