04-06-18 |
3520 рет қаралған
Алимент әке болмайды.
Алимент әке болмайды

Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағу үшін қаражат төлеу бөлек тұратын ата-ананың негізгі міндеті болып табылады. Бірақ, сотқа түскен шағымдарды және жеке айыптау тәртібімен қаралған қылмыстық істерді саралай отырып әкелердің өздерінің балаларын асырауға немқұрайлы қарайтыны байқалады. Әрбір әке баланың өзінен-өзі өспейтінін, оған ішетін тамақ, киетін киім керек екені, ауырған кезде дәрі керек екені, ал олардың барлығына ақша қаражаты қажет екенін білмейді емес, біледі. Тек олар: «Мен жұмыс істемеймін, табысым жоқ» деген оңай сылтаумен жауаптылықтан құтыла салғысы келеді. Соның кесіренен баланы қалай асыраймын деп анасы шырылдап жүреді.

Қылмыстық кодекстің 136-бабының 1 бөлігімен көзделген қылмыстық әрекет, яғни, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегіз жасқа толған еңбекке жарамсыз балаларын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осы жерде мына мәселені айтып өту керек, бұл бапқа және осы диспозицияға 2014 жылдың басында ғана өзгерістер енгізілген. Бұрын, яғни, 2014 жылдың 29 қаңтарына дейін бұл баптың диспозициясында «ата-ананың сот шешiмi бойынша кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке жарамсыз балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден үш айдан астам әдейi жалтаруы» деп жазылған. Байқап отырсаңыздар бұрын алимент төлемей жүрген азаматты қылмыстық жауапқа тарту үшін оның алиментті төлеуден 3 айдан астам әдейі жалтаруын дәлелдеу керек болса, казіргі уақытта алимент төлеу жөніндегі міндеттерін 3 айдан астам орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған. Яғни, заң шығарушы алимент төлеуші азаматтардың жағдайын ауырлатып, оларды алимент төлеуге мәжбүрлеп отыр, оның ішінде қылмыстық жауапқа тартылу қаупімен мәжбүрлеуге барып отыр.

Осындайда аимент төлемеушілерге қылмыстық жауаптылық тағайындаудың себебі неде деген сұрақ туындайды. Себебі, алимент ең бастысы баланы асырап-бағу үшін, оның өсіп-жетілуіне қолайлы материалдық жағдай жасау үшін қолға алынған тетік. Алимент кәмелетке толмаған бала үшін керек және алимент уақытылы төленбесе ең бірінші болып сол кәмелетке толмаған баланың құқығы бұзылады. Заң шығарушы осы мәселелерді негізге алып, қылмыстық жауаптылық қолдану аясын кеңейткен. ҚР ҚК-нің 136-бабының 1 бөлігі бойынша жәбірленуші ретінде кәмелетке толмаған бала танылады, ал алимент алуға тиісті ата-ана жәбірленушінің заңды өкілі ретінде іске қатысады.

Жаңа Қылмыстық Кодекс бойынша ескі кодекспен салыстырғанда қылмыстық әрекеттің сипаттамасы өзгермеген. Яғни, Қылмыстық Кодекс бойынша ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы қылмыстық жауапқа әкеп соғады. Бірақ, осы қылмыстық әрекетке қолданылатын жаза өзгерген, ал дәлірек айтқанда ауырлаған. Нақтырақ айтқанда, бұрынғы ҚК-нің 136-бабының 1 бөлігіне сай үш айдан аса уақыт бала нәпақасын кешіктірген әкелер бір жүз жиырма сағаттан бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, жаңа Қылмыстық Кодекс бойынша мұндай заңбұзушылыққа жол бергендер екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Яғни, қазіргі кезде алимент төлемеген азаматтарға қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қолданылмайды, тек қана бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Барлығымызға белгілі, жаңа Қылмыстық Кодекс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар екі бөлінеді, ол қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар. Қылмыстық Кодекс бойынша айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады, ал қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.

Байқап отырғандай алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамаған азаматтардың әрекеті, яғни, ҚК-нің 139-бабы қылмыс болып танылады және 11 бапқа сәйкес онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Бұл жерде көріп отырғанымыздай заң шығарушы бұл әрекетті қылмыстық теріс қылыққа емес, қылмыстар санатына жатқызған.

Бұрынғы Қылмыстық Кодекстің 136-бабының 1 бөлігінде көзделген қылмыстық әрекет бойынша қылмыстық қудалау жеке айыптау тәртібімен жүзеге асырылатын. Яғни, қылмыстық іс тек қана жеке айыптаушының арызы бойынша қозғалады және сотта жүзеге асатын. Жеке айыптаушы барлық дәлелдемелерді өзі жинап, сотқа ұсынатын. Осы бап бойынша жеке айыптаушының арызы ішкі істер органдарына түскен жағдайда соттылығы бойынша сотқа жолданатын еді. Жаңа қолданысқа енгізілген Қылмыстық-Процессуалдық кодекс бойынша алимент төлеу міндеттерін орындамаған азаматтардың қылмыстық әрекеті бойынша қылмыстық қудалау жеке-жариялы айыптау тәртібі бойынша жүзеге асырылады. Яғни, қылмыстық іс жәбірленушінің арызы бойынша қозғалып, ішкі істер органдары анықтау жүргізеді. Бұл жағдай заң шығарушы тарапынан алимент төлемегендерген ерекше мән беріліп отырғанын байқатады.

Осы заң талаптарын түсіндіре отырып, әрбір алимент төлеуші әкелерімізге өз балаларының тағдырына, олардың жағдайына алаңдап, ата-аналық міндеттеріне немқұрайлы қарамай, өз балалары не істеп, қандай тамақ ішіп жатыр, қандай киім киіп жүр деп ойланса екен дейміз.

Қайратбек Маханбетұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.