Баласына алимент ала алмай пұшайман хал кешкен аналар баршылық. Бүгінгідей нарықтық заманда аналар баласын қалай қатарынан кем қылмаймын, ел қатарлы оқытып, қалаған үйірме, қосымшасына жіберемін деп жанталасып жүргенде, әкелер баласына неғұрлым аз алимент төлеп, мүмкіндік болса мекен жайын жасырып, жалақы көлемін азайтып көрсетіп, ақшасын үнемдеудің айласын іздеп әлек. Ұрпағының алдындағы борышын өтеуге салғырт қарайтын азаматтар алименттің әкенің орнын алмастыра алмайтынын түсінгісі де келмейді. Соның салдарынан баласына жетімдіктің тақсыратын сездіргісі келмеген аналардың екі-үш жерде қатар жұмыс істеп, баласының тәрбиесін уысынан шығарып алатын да кездері де көп. «Әйелдің қырық жаны бар» десек те, жұмыс пен отбасының ортасында шапқылап жүрген аналардың демалыссыз еңбек, жүйкеге түскен салмақ денсаулығын нашарлатпай қоймайды. Сондықтан ана мен баланың болашағы үшін, денсаулығы мен қамсыз өмірі үшін әкелердің жауаптылығын арттырып, алиментті уақытында төлеуіне ықпал ету маңызды.
Әрине, алимент баланың барлық қажеттілігін өтеуге жетпейтіні түсінікті. Дегенмен, бұл қаржының уақытылы аударылып тұруы ана мен балаға айтарлықтай көмек екені даусыз. Соған орай республика шеңберінде алиментке байланысты жауаптылықты арттыруға, берешекті қайтартуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл істердің басында Әдәлет министрлігінің тұрғанын айта кетуіміз керек. Әсіресе, биылғы жылы Әділет министрі Азамат Есқараевтың өзі бастап, республикадағы алиментке байланысты қарызы көп аймақтарды аралап, түрлі іс-шараларға мұрындық болып жүргенінен барша жұртшылық хабардар.
Осы ретте құзырлы орган әкімдік, полиция және прокуратура органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, бірталай шаруалар атқарды. Оның бір бөлігі ақпараттық-насихат жұмыстарына арналған. Көрнекі жерлерге, қаланың кіре беріс тұсына «Әке, алиментті ұмытпа!» «Алимент әке болмайды» деген мазмұндағы арнайы биллбордтар орнатылып, өз жауапкершілігін есінен шығарған жандарға ескерту жасалуда. Сонымен бірге, әділет органының қызметкерлері түрлі БАҚ беттерінде, сайттарда, әлеуметтік желілерде алимент төлеудің маңызын, бала алдындағы міндеттемені түсіндіріп, алимент төлемегендерге тағайындалатын жауапкершілік туралы, заңдық мәжбүрлеу шаралары туралы тұрақты мақалалар мен материалдар әзірлеп, жариялап келеді. Бұл да болса, парыз бен қарыздың парқын ұғындыратын шаралар.
Сонымен бірге, Әділет министрі жыл басынан бері бірқатар облыстарға барып, алиментке байланысты шешімін таппаған мәселелер бойынша жиындар өткізуді қолға алған. Бір артықшылығы, Азамат Есқараев өзіне қолайлы топты ғана жинап, есеп үшін, немесе өзінің беделін көтеру үшін еңбек етпейді. Министрдің басқосу туралы алдын ала хабарлап, халықпен ашық диалог орнатуға, туындаған мәселелерді бірігіп шешуге деген ықыласы қуантпай қоймайды. Мәселен, Жетісу облысына сапары да алдын ала айқындалып, бұл жайында әлеуметтік желілерде Жетісу жұртшылығына жан-жақты хабар берілді. Алиментке байланысты қиындық көріп жүрген, шешілмеген мәселесі бар, қиындыққа тап болған азаматтар мұндай кездесуді асыға күткені даусыз.
Өңір халқымен кездесу барысында көптеген шетін мәселелер жұртшылық талқысына салынды. Министрдің сөзіне қарағанда жыл басынан бергі статистикаға сай еліміз бойынша екі мыңнан астам борышкер алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал мұндай жауапкершілік бірден белгіленбейді. Алиментті біраз уақыт төлемеген азаматтарға алдымен бірнеше рет ауызша, сосын жазбаша ескерту беріліп, мұндай шаралардан ешбір нәтиже шығармаған жағдайда ғана айыппұл салынады. Жоғарыдағы жауаптылық белгіленген азаматтар қатарында Жетісу облысының тұрғындары да бар. Олардың қазіргі саны Борышкердің бір бөлігі жүз он бір адамды құрайды.
Министрдің сөзіне қарағанда берешегі жиналып қалған бұл азаматтардың кейбірі материалдық жағдайы бола тұра, алимент төлеуден жалтарған. Бірі жалақы көлемін жасырып көрсеткен, енді біреулері мүлде табысын жасырған. Ал енді баласына тиесілі берешегін тұрақты төлеп жүріп жұмыстан шығып қалғандықтан, ай сайын алатын табысы мен жинаған мүлкінің болмауына байланысты алимент төлей алмағандар да баршылық.
Әділет министрлігі бұл мәселені шешу бойынша да мақсатты шараға мұрындық болып келеді. Соған сәйкес бүгінде еліміздің әр өңіріндегі аумақтық әділет басқармалары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, берешегі жиналған борышкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Соның нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында Жетісу облысында алиментін төлей алмай жүрген 121 борышкер жұмысқа орналастырылды. Мұндай сауапты, қажетті іс-шараларды министрлік алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Алиментке байланысты мәселелер Қызылорда облысында да бар. Бұл өңірге атбасын тіреген Әділет министрі Сыр елінде екі жүзден астам тұрғынның алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын алға тартты.
Министр айтуынша, Қызылорда облысында алимент бойынша 14 мыңнан астам атқарушылық іс қарастырылған. «Тек биылғы жылдың алты айының ішінде Қызылорда облысында алимент төлеу жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 263 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл бала алдындағы міндеттемесін орындауға азаматтардың салғырт тқарайтынын көрсетеді. Тіпті осындай шара қолданылғаннан кейін де әрекет жасамай, берешегін қайтаруға тырыспай отырған жандар аз емес. Соған орай әкімшілік жауаптылықтан сабақ алмағандарға қатысты әділет органының қызметкерлері Ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 25 ұсыныс жіберілген. Сондай-ақ 2 іс бойынша сот айыптау үкімін шығарды. Бұдан бөлек, алимент төлемеу үшін тұрғылықты мекен-жайын жасырып жүргендерге іздеу салынып, 1500 борышкердің Қазақстан Республикасының аумағынан шығуына уақытша тыйым салынды», – дейді Әділет министрі Азамат Есқараев.
Алиментті өндіру, берешегі барларды қарызын қайтаруға мәжбүрлеу бағытындағы жұмыстар бұдан әрі жалғасады.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024