arasha.kz

Қалмұхамбет Қасымов: Президент қалай шешеді, біз соған көнеміз

Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың Денис Теннің қазасынан соң қоғам талап еткенде неліктен қызметінен кетпегені белгілі болды. Министр қоғам талабына емес, бұйрыққа қана бағынады екен. «Біз әскери адамбыз, үкімет, президент қалай шешеді, біз соған көнеміз», – деді Қ. Қасымов Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Атақты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылар ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың қызметінен кетуін талап еткен еді. Кейінірек Алматы қаласының қоғамдық кеңесі қала қауіпсіздігі туралы жиын өткізіп, онда кеңес мүшесі Рахман Алшанов: «Қала қоғамдастығы ішкі істер министрі және қалалық ішкі істер департаменті басшысының қызметтерінен кетуін талап етіп жатыр. Өйткені бұл (ішкі істер министрлігінің жұмысын айтып отыр – ред) жұмыс жүйесінің істен шыққанын көрсетеді» деген еді. Осылайша, қоғам, қалалық кеңес министрдің орнынан кетуін талап еткенмен Үкімет ешқандай шара қабылдаған еді. Ал Қалмұхамбет Қасымовтың өзі болса, ұзақ үнсіздіктен кейін бүгін қызметінен кетуді сұрағандарға Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап берді: «Біз – әскери адамбыз. Бұйрық етілген жерде жұмыс істейміз. Қалай бұйырады, солай жұмыс істейміз».

Қызметтен кету, кетпеуі тек бұйрыққа ғана байланысты екенін айтқан министр ішкі істер министрлігі соның ішінде полиция жұмысын қоғам қатты сынауы әділетті екенін мойындап, «полицияның жұмысында шешілмеген мәселелер мен кемшіліктер өте көп» дей келіп бүй дейді: «Оны қоғамнан жасырып отырған жоқпыз. Министрлік БАҚ та жарық көрген әрбір сыни материалды тексереді. Заң және тәртіп бұзу анықталса, қатаң шара қолданып, қызметкерді жұмыстан шығарамыз».

Сыннан көш ашпай жатса да министрлік жұмысындағы көрсеткіштерді де Қалмұхамбет Қасымов жіпке тізіп шықты. Мәселен, жыл басынан бері жалпы қылмыс 8%-ға, қылмыстық теріс қылықтар 15%-ға  азайыпты. Жекелей алғанда аса ауыр  5%, ауыр қылмыстар 17%, орташа қылмыстар 8%, ауыр емес  қылмыс түрлерінің саны 10%, тонау 10%, бұзақылық 17, ұрлық   9%, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қылмыстар 8%,  соның ішінде көшелердегі қылмыс 5% төмендепті. Сондай-ақ, сотталғандар тарапынан орын алатын қылмыс 35%, мас күйінде жасалатын қылмыс 11% және жасөспірімдер қылмысы  4% ға азайған. Дегенмен ұрлық ең көп таралған қылмыс түрі болып отыр. Оның үлесі жалпы қылмыс көрсеткішін 70%.

Міне, осылайша, ішкі істер министрі сынға да жауап беріп, қылмыстың азайғаны туралы көрсеткіштерді де жария етті.

Exit mobile version