25-07-18 |
4990 рет қаралған
Алматыда қылмыс төрт есе өскен.
Алматыда қылмыс төрт есе өскен

Бүгін Алматыдағы Қоғамдық кеңес алаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тыңдау өтті. Оған қала белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар мен қала тұрғындары қатысты.

Қоғамдық кеңес мүшелері қалалық ішкі істер департаменті жұмысын жетілдіру бойынша азаматтардан түскен бірқатар нақты шаралар мен ұсыныстарды жариялады.

«Жұртшылық тарапынан әртүрлі бағыттағы көптеген ұсыныстар келіп түсті. Мысалы, 102 колл-орталығының жұмысын жақсарту қажет. Осы орталықтың штатын ұлғайту керек, себебі адамдар көбіне хабарласа алмай жатады. Бұдан бөлек, қала тұрғындары пробация жүйесінде рақымшылық жасалған сотталушыларды сауықтыру және бейімделу жағдайына алаңдаушылық білдіруде. Қалалық ІІД және аудандық АІІБ басшылары үшін KPI енгізу қажеттігі белсенді түрде талқыланды. Сондай-ақ, жалақы төлеу, білікті кадрлар іріктеу мәселелері көтерілді», – деген қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов ұсыныстармен бөлісті.

Өз кезегінде, Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибұтов қала тұрғындары мен полицияның  ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімсіздігі мәселесін көтерді.

«Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ұсақ құқық бұзушылықтардың ашылмай қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты адамдардың полицияға деген сенімі жоғалып барады. Егер полиция ұрланған кәріз қақпағы немесе телефонды таба алмаса, ірі тонаушылық немесе қарақшылық қылмысты аша алар ма екен? Сондықтан, полиция осыған мән бергені жөн», – деді Шибутов.

Тыңдалым қорытындысы бойынша, Қоғамдық кеңес барлық айтылған ұсыныстарды Үкімет пен Парламентке заң тәртібімен жібереді.

Ал Бас прокуратураның құқықтық статистика және есеп комитетінің мәліметі бойынша Алматыда қылмыс деңгейі 2010 жылдан бері төрт есе өскен.

Дереккөз: inform.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.