Ақтөбе қалалық сотында бөпелі болуды армандап, танымал гинекологтан ем алған 21 жастағы Гүлдана Нұрмағанбетованың өліміне қатысты сот тыңдалымы басталды.
ҚР ҚК-нің 317 бабы 3 бөлігімен жауапқа тартылған гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетер өзіне тағылған айыппен келіспейді.
Ақтөбедегі әйелдерге арналған танымал емхананың басшысынан бастап, басқа қызметкерлеріне дейін қайғылы оқиғада куәгер ретінде танылған.
«Әйелім екеуміз балалы бола алмаған соң толық тексеруден өтуге кеңес алдық. Жұбайым «Әлия» медициналық орталығын таңдады. Алдымен онда 2019 жылдың 16 cәуірі күні бардық. Маған бірден ұнамады. Ақысы қымбат болды, әрі бізге баса назар аудамады. Бізді гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетерге жіберді. 14 мамырда қайта бардық. Әйелім клиникамен әлеуметтік желі арқылы хабарласып тұрды. Мен бұл іске араласпадым. 2019 жылдың 14 қазан күні медициналық орталыққа барған кезде мен жанында болдым. Олар жедел көмек бере алмады. Көп аппараты да болған жоқ. Дәріханасы жартылай бос тұрды. Әйелімнің көз жұмғанын Әлия Абылайқызы айтты», – дейді марқұмның жолдасы Айдос Нұрмағанбетов.
Онлайн басталған сотта жәбірленуші дәрігер салған екпеден кейін келіншегінің жағдайы өзгергенін айтты. Дәлізге аяғын сылтып басып шыққан келіншегі гинеколог кабинетіне қайта кірген. Кейін есінен айырылған… Оқиға орнында көз жұмды.
Марқұм Гүлдана Нұрмағанбетова 1998 жылғы, бір жыл бойы бала көтере алмаған. «Әлия» медициналық орталығына емделуге барған келіншекті акушер гинеколог Әлия Шангараеваның өзі қабылдап, бедеулік диагнозымен тексерілуге жіберен. Сол кезде эндометрия диагнозы қойылды. Жеке емханада марқұмды емдеу гинеколог Ли-Ко-Шин-Фетер Ольга Владимировннаың міндетіне кірген.
Іс материалдарына сүйенсек, 2019 жылдың 14 қазан күні 16:15 минутта марқұмға жансыздандыру дәрісі берілген. 16:45 минутта гинеколог Ольга Ли-Ко-Шин-Фетер өз бетімен жатыр түтікшесінің өтімділігін қалпына келтірмек болған. Емделушіге метронидазол дәрісі егілген.
Прокурор айыпталушыға емделушінің анализі болу керектігі және дәріге аллергиясы, жұқпалы ауруы бар-жоғы тексерілуі керектігін айтты. Өлім себебі анафилактикалық шок болған.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе