15-06-18 |
2250 рет қаралған
«Қаракөздердің жат жерде өсуі – трагедия».
«Қаракөздердің жат жерде өсуі – трагедия»

«Жетім көрсең жебей жүр» дейтін бабалар қағидасының күн өткен сайын күші әлсірегеніне куә болып жүрміз. Тар құрсақты кеңейтіп, тас омырауды жібітетін титімдей тіршілік иесін тағдыр тауқыметіне тастау қазаққа шындығында жат еді. Ұрпағы үшін еміренетін, елінің ертеңі үшін уайым жейтін ұлттың бүгінгі ұстанымы өзгерді. Отбасынан опа көрмеген шарананы үлкен Отаны да оп-оңай шекара асыра салатын ахуалға жеттік. Оған себеп те, сылтау да көп. Далиған даласының туған топырағында аунаудың бағы бұйырмаған балапанға «аппағым» дейтін қарғаның, «жұмсағым» дейтін кірпінің мейірімін қияр көптің көп еместігі өкініш. Осындай жатқа кеткен жәутеңкөздердің жайын білу де оңай болмай тұр. Халықтық деңгейдегі қаракетті қажет ететін келелі мәселе төңірегіндегі айтар арыз-арман да, ұсыныс-тілек те жетерлік. Мемлекеттік талқы мен талдаудың уақытын күтіп тұрған ұрпақ жайын кезінде журналист Жанар Байсемізованың жеріне жеткізе зерттеп, көрерменге көрсеткені белгілі.

Журналистің айтуынша, «Қазақстан» Ұлттық арнасының эфирінде көрсетілген «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының мақсаты шетелге кеткен қазақ ұрпағының тағдырын баяндау арқылы қоғамға ой тастау. Бұл шетелдік азаматтарға бала беру үшін жасалған жарнама емес. Егер қазақ халқы өз ұрпағын кез келген жерге, қоқысқа, көшеге тастап кетпегенде Қазақстан халықаралық бала асырау процесіне араласпас та еді. Сондықтан, «Үкімет балаларды шетелге сатып жатыр» деп жазғырып, «жерден алып, жерге салмас» бұрын алдымен әр азамат өзінің ары алдында жауап беруі тиіс. Қаракөздердің шоқынуы, жат мәдениетте тәрбиеленуі, ана тілінен, тарихтан, діннен, ділден мақұрым болуы ең алдымен қазақ халқының трагедиясы. Ата-бабаларымыздың түсіне де кірмеген бұл қасіретті, сүйекке түскен таңбаны енді жуып-шаю мүмкін емес.

Шетелдіктер асырап алған қазақстандық жетім балаларды кезінде тағдыр өткеліне тастап кеткен көкек аналар, безбүйрек әкелер көзі тірі болса, елде өмір сүріп жатыр, олар басқа планетаға көшіп кеткен жоқ. «Біз қазақпыз ұлы халықпыз, текті халықпыз» деген сөзден әлдеқашан қадір кеткен тәрізді. Дамыған елдердің ешбірі сыртқа бала бермейді. Ал, біздің елдегі жетім балалар үйіне күн санап тастанды балалар түсуде. Олардың басым бөлігі қазақ ұрпағы екені шошындырады.

«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының әр көрсетілімінде әр деталь, әр сөз, әр көрініс арқылы «біз қайда кетіп барамыз?», «қазақ осыншама тасбауыр болған ба?», «қазақ балаларының ұлтқа жат болуына қазақ халқы кінәлі емес пе?» деген ой айтылған. Жоба халқымыздың ұлттық құндылықтарымен қайта қауышуына, бала тәрбиесіне мән беруге, егер оң жақта отырып қыздардың аяғы ауыр болып қалған жағдайда перзентін балалар үйіне өткізбеуге, ата-аналардың ұрпағына жауапкершілікпен, түсіністікпен қарауына, халықтың балалар үйіндегі бүлдіршіндерді асырап алуына ықыласын оятуға қандай да бір септігін тигізсе екен деген тілек бар. Шетел асқан қазақ балаларының басым бөлігі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен емес, «ұят» деген үш әріптің жоқтығы салдарынан жатбауыр болған. Әр бағдарламада жобаның мақсатын қадап айта беру, журналистің өз ойын халыққа таңуы дұрыс емес, сондықтан осы жобада көрсетіп жатқан әр баланың сөзіне, көзіне, келтірілген деректерге терең үңілген абзал. Мүмкін, кейбір адамдар бағдарламадан білместікпен жасаған күнәсінің көрінісін көріп, бұл жобаның мақсатын түсіне алмадым дер, дегенмен әркім өз таңдауын жасайды. Екіншіден, шетелдіктер асырап алған балалардың болмысы бәрібір қазақ болып қалады. Сондықтан да, бағдарлама шеттегі балаларды қазақтан алыстатпауды көздеуімен құнды.

Халықаралық деңгейдегі мұндай жобаны жасау оңай емес. Осы бағдарламаны жасаған Жанар Байсемізова қазақтың жанына жақын тақырыпты қозғағаны үшін халықтың ықыласына бөленгені есімізде. Журналистің айтуынша, бұл халықаралық масштабта жасалған тұңғыш жоба, ешбір елде мұның баламасы жоқ.

«Бірақ, мұны мақтанышпен емес, күйінішпен айтамын. Жобаның ойдағыдай жүзеге асуына ҚР Сыртқы істер министрлігі қолдау көрсетті. Елдің өзінде түсірілім жұмыстарын ұйымдастыру оңай шаруа емес, ал шетелде жұмыс жүргізу, съемка жасау үлкен қажырлықты, қайратты, жауапкершілікті, шыдамдылықты, ыждахаттылықты, өз ісіңе деген адалдықты талап етеді. Бұл орайда, Халықаралық ақпарат комитетімен, Консулдық қызмет департаментімен тығыз әрекет еттік. Іссапар жоспарланған мемлекеттердегі елшіліктердің әрбір қызметкерінің еңбегі сіңді. Жоба басталған уақыттан бастап шетел азаматары асырап алған балаларды түгендеу басталды. Кейбір елдерде хабарсыз кеткен қазақстандық бүлдіршіндер қайта табылып, есепке тұрғызылды. Шетел азаматтары арасында Қазақстан атынан бұндай жобаның басталғанына таңданыспен, құрметпен қарағандары да, үріккендері де болды. Ең маңыздысы, олардың қазақ балалары өз тамырын жоғалтпауы тиіс, сіздердің оларды іздеп келулеріңіз балалардың мерейін өсіріп, өзі шыққан жерін, өзін құрметтеуіне септігін тигізді деген пікірлер естідік. Тағы бір айтып өтетін жайт балалардың барлығы бір қалада, бір өңірде шоғырланбағандықтан межеленген жерге уақытында жету, бір күнде бірнеше баламен кездесу үшін көз ілмеген кездер де көп болды» дейді Жанар Байсемізова аңызға айналған жобаның қиындықтары туралы.

К.Әкімбекқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.