Армения Әзербайжан тарапынан шабуыл жасалғанын хабарлады. Бұл туралы Nexta басылымы жазды.
Армения Ресейден 1997 жылғы екі жақты келісімге сәйкес өз территориясын қорғауға көмек сұрамақ. Ереван Ресей Федерациясын, ҰҚШҰ және Минск тобына мүше мемлекеттерді Армения аумағынан Әзірбайжан әскерлерін шығару үшін белсенді шаралар қабылдауға шақырады.
Армения Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шекарада шайқас жүріп жатыр. Жараланғандар мен қаза тапқандар бар.
Жергілікті ақпарат құралдары Әзірбайжан Қарулы Күштері түрік ұшқышсыз ұшу аппараттарын байланыс желісінде орналастырғанын хабарлады.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, атыстың басталуына Армения бірінші түрткі болған. Оған қарап қалмаған Әзербайжан бірден қарсы күш қолданып, қарсыластың танкке қарсы құрылғысы мен минометтің көзін жойыпты.
Сайып келгенде, екі тарап бір-бірін ерегісті бастады деп айыптап отыр.
Даудың басы былтыр Таулы Қарабақтан басталғаны есте. Ол кезде Әзербайжанның айы оңынан туып, Қарабақты қайтарып, бейбіт келісімге келген болатын. Ал Ресейдің бітімгершілік күші жағдайды бақылауға уағдаласты.
Былтырғыдай үлкен соғыс болмаса да, кішігірім текетірес содан бері ауық-ауық жалғасып келеді.