13-02-19 |
3350 рет қаралған
Экс-президентке жаңа айып тағылды.
Экс-президентке жаңа айып тағылды

Армения тергеу қызметі елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарянға «пара алу» айыбын тақты. Бұған дейін конституциялық құрылысты өзгертпекші болған деген айып тағылған экс-президент қамауда отыр.

«Кочарянға Армения қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша аса ірі көлемде пара алу айыбы тағылды» деп хабарлады экс-президенттің адвокоттары.

1998-2008 жылдар аралығында Армения президенті болған Роберт Кочарянға өткен жылы шілдеде тергеу орындары конституциялық құрылысты өзгертпекші болған деген айып таққан. Оған 2008 жылы 1 наурызда болған оқиғаларға байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында айып тағылды.

2008 жылы 1 наурызда Армения президенті сайлауында Серж Саргсянның жеңіске жеткені туралы ресми қорытындымен келіспей көшеге шыққан наразы жұртқа қарсы үкімет күш қолданып, қақтығыстарда он адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған. Сол кезде президент қызметінде отырған Кочарян елде төтенше жағдай жариялап, наразылық басылған. Қантөгіске ұласқан оқиғалар кезінде наразыларға қарсы күш қолдануға кім бұйрық бергені әлі күнге анықталған жоқ.

Армения арнайы тергеу қызметінің басшысы Сасун Хачатрян өткне күздегі мәлімдемесінде наразыларға армия қару қолданғанын айтқан. «Біз жүргізген тергеу барысында армияның 1 наурыздағы оқиғаларға қатысқаны және адамдар мен тұрғын үйлерге оқ атқаны анықталды. Яғни бұл іс-әрекеттерге армия араласты. Еліміздің бұрынғы жетекшілері армия сарбаздарын жалдамалы күшке айналдырғанын дәл қазір қалай түсіндіретінін білмеймін» деген ол.

Арменияда ұзақ уақыт бойы жүргізілмеген «1 наурыз ісі» бойынша тергеу 2018 жылы «Барқыт төңкерісі» нәтижесінде Никол Пашинян билікке келгеннен кейін қайта қозғалды.

Өткен жылы 27 шілдеде Армения экс-президенті Роберт Кочарянды екі айға тұтқындады. Оның алдында Кочарян өзіне тағылған айыпты «кек алу» деп атаған.

2018 жылы 13 тамызда апелляциялық сот экс-президентке тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған адвокаттарының өтінішін қанағаттандырып, Роберт Кочарянды қамаудан босатқан. Армения ұлттық жиналысының (парламент) 46 депутаты сотқа экс-президентке кепіл болатыны туралы өтініш білдірген.

Желтоқсанда Роберт Кочарян сот шешімімен қайтадан қамауға алынған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.