04-05-18 |
5400 рет қаралған
Авторлық құқықтың бұзылуына жол берілмейді.
Авторлық құқықтың бұзылуына жол берілмейді

Зияткерлік меншік – адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Онсыз ғылымның, мәдениеттің алға жылжуы, прогресстің болуы мүмкін емес. Өйткені, зияткерлік меншік ой дамуының қуатты қозғалтқышы саналады.

Әр адамның қабілет-қарымы әртүрлі. Біздің бүгінгі жақсы өміріміз дарынды, талантты, қиялшыл жандардың еңбегінің нәтижесі. Жаңалыққа құмар жандарды ынталандырып, қанаттандырып, идеясының өміршең болуына қолдау көрсету мемлекеттің басты парызы. Сондықтан, қоғамды өзгертуге ұмтылғандарға жағдай жасаумен қатар, құқығын қорғаудың, мүддесін таптатпаудың маңызды екенін ұмытпаған абзал.

Зияткерлік меншіктің негізгі объектілеріне: авторлық және аралас құқық, тауар белгілері, өнеркәсіптік үлгілер, патенттер жатады. Сондай-ақ, «Зияткерлік меншікті» коммерциялық құпия және әділетсіз бәсекелестік туралы заңдарға да жиі қосады.

Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бастап Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымына (ДИМҰ) мүше, сонымен қатар, авторлық және аралас құқықтарды регламенттейтін көптеген халықаралық конвенциялар, келісімдер мен келісім шарттарға қатысушы болып табылады. Қазақстан Париж Конвенциясының, Мадрид Келісімінің, Патенттік ынтымақтастық туралы Келісім шарттың қатысушы, бұдан бөлек меншік құқығын қорғайтын басқа да маңызды құжаттарға қол қойған. Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерінің құқығын «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы» заңымен, Қазақстан Республикасының Патенттік заңымен, «Тауар белгісі, қызмет ету белгілері және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы» заңдарымен қорғау қарастырылған. Бұған қоса, Әкімшілік, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерде Зияткерлік меншік объектілеріне қатысты құқық бұзылған жағдайда әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Зияткерлік меншік құқығы департаменті (ЗМҚД) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің зияткерлік меншік мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органы болып табылады. Бұл мекеме зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықты тіркеу және авторлық құқықты, өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді және зияткерлік меншік объектілерін қорғауды, сондай-ақ, авторлық құқыққа, патенттер, тауар белгісіне куәліктер беру және жалпы мойындалған тауар белгілерін мойындаумен байланысты мемлекеттік саясатты орындау үшін жауап береді.

Ұлттық зияткерлік меншік институты (ҰЗМИ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес Зияткерлік меншік объектілерін пайдалану және құқық қорғау саласында мемлекеттік билік органдары үшін сараптама, ғылыми зерттеулер және басқа жұмыстарды ұйымдастыру мен көмектесу мақсатында құрылған. ҰЗМИ өнертабыстарына, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге деген патенттер беруге, тауар белгілерін тіркеуге деген өтінімдерді қабылдайды, тауар белгілерінің сараптамасын жүргізеді, зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттік тіркеуді жүргізеді және ресми жарияланымдарды ұйымдастырады.

Соңғы жылдары зияткерлік меншік объектілеріне құқық қорғау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар тарапынан да, Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан да ерекше назар аударылуда. Мұның бәрі кездейсоқтық емес. Бұл маңызды салаға мейлінше көңіл бөлінетінінің көрінісі болып табылады.

Алматы қаласы Әділет департаменті

Зияткерлік меншік құқықтары бөлімі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.