Кеше, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күніне орай, постсвоеттік елдерде жеңіс күні мерекеленді. Қазақстан қалаларында жеңіс күніне арналған іс-шаралар өтіп, «Бессмертный полк» шеруі өтті. Бұл шеру өзінің бастауын Ресейдің Томск қаласынан алады. Онда 2011 жылы осындай шеру өтіп, кейін ол постсоветтік елдерде тарала бастады.
Қазақстанда «Бессмертный полк» шеруі бірнеше жылдан бері өтіп келеді. Шерудің өтуіне жергілікті әкімшіліктер көмектесіп, полиция шерудің қауіпсіздігін қадағалайды. Яғни, бұл шерудің өтуіне билік барлық қажетті жағдайды жасайды. Алайда, қоғамда аталған шеруді өткізу Ресейдің ықпалымен жасалып жатыр дейтін де пікірлер бар.
Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың Ресейге ресми сапары кезінде Ресей президенті В.Путин екеуі бірлескен мәлімдеме жасаған еді. Онда: «Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін құптамайды» делінген. Яғни, «Бессмертный полк» шеруі секілді екінші дүниежүзілік соғыс адамдардың санасында қайта жаңғыртып, оны постсоветтік елдердегі ортақ тарихқа балай отырып, тәуелсіз елдерді өз ықпалынан шығармауға бағытталған Ресей билігінің саясаты Қазақстанда да жалғаса бермек. Бұл отарсыздану саясаты жүрмеген Қазақстанда секілді елдерде оңай іске асатыны түсінікті.
Өткенде «Левада центр» орталығы ресейліктердің 70% Сталиннің тарихи тұлғасына оң қарайтынын жариялаған. Бұл да Кремльдің Сталин бейнесін адамдардың санасында қайта жаңғыртуға бағытталған неоимпералистік саясатының көрінісі. Кеше Қазақстан қалаларында өткен «Бессмертный полк» шеруі кезінде шеруге қатысушылар Сталиннің суретін көтеріп шыққаны БАҚ-та тараған фотосуреттерде көрініс берді. Жалпы бұл Қазақстанның екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты өз идеологиясын жасай алмай, керісінше, Ресей идеологиясының ықпалында кеткенін көрсетеді.