14-05-19 |
2280 рет қаралған
Қазақстанда 5 млн адамда тұтынушылық қарыз бар, олардың жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асады – Ұлттық банк.
Қазақстанда 5 млн адамда тұтынушылық қарыз бар, олардың жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асады – Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы секторын реттеу жөніндегі тәуелсіз орган құру туралы заң жобасын әзірледі деп хабарлайды Ұлттық барнктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қаржы нарығын
қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде жоғарыда көрсетілген заң жобасын таныстыру барысында Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді. Оның айтуынша, заң жобасы екі бағытты көздейді.

«Бірінші бағыт – қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Елдің
экономикалық өсуіне жәрдемдесу үшін Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының тиімділігіне және инфляцияны бақылау шараларын іске асыруға шоғырландыруға ниетті», – деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары.

О. Смоляковтың айтуынша, қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ
тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының
Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік орган – Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылады.

«Ұлттық Банк пен Агенттіктің қызметі тиянақты түрде, оның ішінде басқару
органдарында өзара өкілдік ету арқылы үйлестіріледі. Агенттік республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Еңбекақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді, ал қызметшілердің мәртебесі Ұлттық Банк қызметшілерінің мәртебесіндей болады», – деп хабарлады ол.

О.Смоляков мұның еңбекақы төлеудің бәсекеге қабілетті деңгейін белгілей отырып
біліктілігі жоғары қызметкерлерді жедел түрде іріктеу мүмкіндігін қамтамасыз ететіндігін атап өтті.

«Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк пен Агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды», – деді Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары.

О. Смоляков Кеңестің міндетті түрде жүйелік тәуекелдерді төмендету үшін
макропруденциялық саясат шараларын, дағдарысқа қарсы шараларды, жүйелік маңызды банктерді реттеу не мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауға байланысты мәселелерді алдын ала қарауға тиіс екенін айтты.

«Тұтастай алғанда қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалау функциялары
Агенттікке бекітіліп беріледі. Ұлттық Банкте төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пункттеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу мен қадағалау функциялары сақталады», – деп атап өтті ол.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары сондай-ақ қайталауды
болдырмау және қаржы секторына жүктемені азайту мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкі мен Агенттік үшін бірдей қолжетімді болуымен статистикалық және реттеушілік
ақпараттың бірыңғай базасы құрылады деп толықтырды.
О.Смоляковтың айтуы бойынша заң жобасының екінші бағыты бұл – тұтынушылық
кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою.

«Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін болдырмау мақсатында
барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу және қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі», – деп хабарлады ол.

Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары бүгінгі күні тұтынушылық қарыз шамамен 5 млн адамда бар екенін айтты. Олардың жалпы берешегі 4 трлн теңгеден асады. Әрбір қарыз алушының берешегі орташа алғанда 800 мың теңгені құрайды.
Тұтынушылық кредиттер портфелінің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда
байқалады – бұл онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар.
Сонымен қатар, азаматтардың көп кредит алуы ұлғаюда, реттелмейтін субъектілер
тарапынан қарыз алушылардың мүдделері бұзылуда, халықтың әлеуметтік осал
топтарының жауапсыз кредиттелуде.

«Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына
кредиттеудің барлық субъектілерін енгізе отырып, оны кеңейту ұсынылады. Ұсынылатын тәсілдерде банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді», – деді О.Смоляков.

Ол сонымен қатар Қазақстан азаматтарына қарыз беру бойынша кез келген қызмет
жаңа қадағалау органының толық реттеу аясында болатындығын атап өтті.

«Кредиттік серіктестіктердің, ломбардтардың, микроқаржы ұйымдарының (оның ішінде онлайнкредиторлардың) кредиттік қызметі қолданыстағы «Микроқаржы ұйымдары туралы» Заңның негізінде микроқаржылық қызмет ретінде айқындалады», – деп атап өтті О. Смоляков.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары заң жобасында аталған әрбір
субъектінің жұмыс істеп тұрған бизнес-үлгісін өзгерту көзделмейді, тек қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге байланысты талаптар енгізіледі деп атап өтті.

«Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын әмбебап
талаптарда микрокредиттерді беру қағидаларының болуы, кредиттік бюроға ақпарат беру міндеттілігі, КЖ/ТҚҚ саласындағы талаптарды сақтау міндеттілігі қамтылады», – деп атап өтті сөзінің соңында О. Смоляков.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.