arasha.kz

«Қазақстанның әрбір облысында Ресейдің сынақ алаңдары бар»

Абзал ҚҰСПАН, 
адвокат:
– Жер мəселесіне арналған қоғамдық ашық отырысқа қатысты менің айтпаған, айта алмаған, бірақ айтуға тиісті біраз мәселе болды. Ең бірінші қадап тұрып айтарым – бұл жиын не үшін ұйымдастырылды және қандай маңызы болды деген сұрақты талқылап алуымыз керек.
Біріншіден, соңғы бірнеше апта көлемінде «Уатсап» байланысы және әлеуметтік желілері арқылы «Жер шетелдіктерге сатылады екен, Парламентте сол туралы заң қаралып жатыр екен» деген алып-қашпа әңгіме кеулеп кетті. Сол хабарды таратушылар халықты ашық түрде митингіге шақырып жатты.
Әрине, бұған дер кезінде халықпен жұмыс жасамаған билік, билікке тәуелді БАҚ өкілдері, Заң жобасының авторлары, өздерін «халық өкілдеріміз» деп санайтын Парламент депутаттары кінәлі. Олар 2016 жылы жаппай митингіге шыққан халық толқуынан тиісті сабақ алған жоқ, қорытынды жасаған жоқ деуге толық негіз бар. Маған салса, сол шындыққа жанаспайтын хабарды таратушылардан гөрі, соңғыларының кінәсі басымырақ деп білемін.
Мұхтар Тайжан тарапынан ұйымдастырылған жиын – бірінші кезекте сол өсек-қауесетті жоққа шығару үшін болған еді. Халықтың аптығын басып, болуы мүмкін келеңсіз оқиғалардың алдыналуға бағытталған болатын.
Екіншіден,«Парламентте қаралып жатқан жерге қатысты Заң жобасы не туралы, оның халыққа не берері бар?» деген мәселені талдау болатын. Осыған аз-кем тоқталып кетейін.
Заң бойынша, бірінші əрекет концепциядан басталады, осы концепцияда қаралған мәселелері шартты түрде «ішкі» мәселелерді реттеуден тұрады десемде болады.
Олар мыналар;
1. Заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сақтау және жетілдіру. Шынында, қазір ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің кезінде кім-көрінгенге берілуі салдарынан ол жерлердің тозып немесе пайдаланылмаған күйде қалып қойып жатқандары бар. Бұған қатысты АШМ тарапынан республика көлемінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, бүгінгі таңда қанша жер көлемінің пайданылмай отырғаны және қанша жер тозып кеткені туралы сараптама жүргізілген.
2. Жалға берілген а/ш мақсатындағы жерлердің шекті мөлшерін белгілеу. Кезінде (мораторийге дейін) жерді сатуға бекітілген шекті мөлшержерді жалға беруде бекітілмеген. Нәтижесінде әлем бойынша ең көп жер иеленуден екінші тұрған адам – ол Қазақстанда «Иволга-Холдинг» компаниясының иесі Розинов (қазір Ресейге кетіп қалды дегенде әңгіме жүр интернетте) көкеңіз 1,5 млн гектар жерге ие. Оның үстіне ол ең құнарлы Қостанай облысында орналасқан. Розинов өзі миллионер бола тұра, компаниясы қаржылық қиындықтарға тап болған. Қолданыстағы Жер кодексімен ондай алпауыттардан жалға берілген тым көп жерлерді кері, мемлекетке қайтару механизмі жеткілікті қарастырылмаған.
3. Шекара маңындағы а/ш мақсатындағы жерлерді беруге қатысты талаптарды күшейту. Өзгерістер мен толықтыруларда шекара маңындағы жерлерді беруді шектеу, нақты бегілеу ұсынылып отыр. Меніңше, бұл да маңызды мәселелердің қатарында, себебі қауіпсіздік мәселесі әркез бірінші кезекте болуы керек.
4. Елді мекен жерлеріндегі жайылым мәселесі. Кезінде а/ш мақсатындағы жерлердің кім-көрінгенге шексіз берілуі салдарынан ауылдық жерлердегі, әсіресе ауылдың айналасындағы жайылым жерлері тарылып әрі тозып кетті. Ұсынылған Заң жобасында оларды мемлекет меншігіне кері қайтару және мемлекет есебінен құнарландыру бағытында жұмыстар атқару көзделген. Қолындағы азын-аулақ малымен ғана күнін көріп отырған ауыл тұрғындары үшін бұл өте маңызды деп білемін.
5. ЖТҮ (ИЖС) құрылысын салуға қатысты жер беру мәселесін реттеу. Бұл енді кезкелген қазақстандық, оның ішінде қазақ үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Кім қалалық жерден үй салуға он сотық жер алғысы келмейді? Бұл мәселеге қатысты, оның ауқымды әрі менің ұсынысымның қара халыққа ұнамай қалу мүмкіндігі себепті сәл кейінірек кеңінен тоқталып өткім келеді. Өйткені өз ойымды жеткізу үшін көбірек тоқталуым керек болады.
Бұлардан басқа, жер учаскелерін бөлу, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты алып қою, жер пайдаланушылардан жерді алып қойған жағдайда төленетін өтемақы, жердің мақсатты пайдалануын өзгертуге қатыстыбұрыннан бар заң нормаларын жетілдіру бағытында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.
Көріп отырғаныңыздай, шетелдіктерге жерді сату-сатпау, жалға беру жөнінде мәселе бұлзаң жобасында жоқ.Бірақ ол мәселенің өте маңызды болуы себепті оған тоқталмай өту мүмкін емес еді.
Біріншіден, бәрімізге белгілі, кезінде халықтың жаппай наразылығына тап болған «Қазақстан Республикасы Жер кодексіне өзгерістермен толықтырулар еңгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы ҚР Заңына 2016 жылғы 30 маусымда АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕРДІ БЕРУ ЖӨНІНДЕГІ НОРМАЛАР (31.12.2021 ж. дейін) тоқтатыла тұрады деп мораторий енгізілді.
Менің тарапымнан осыған орай айтылған ұсыныс: а/ш мақсатындағы жерлерге жатпайтын қорғаныс жерлерін шетелдіктерге беруге мораторий жариялап, артынан мүлдем тыйым салу қажеттігі болатын. Оған негіз: Қазақстанның әрбір облысында Ресейдің сынақ алаңдары бар. РФ жері Қазақстаннан әлдеқайда үлкен бола тұра, олардың өз жерлерінде емес, Қазақстан аумағын ғана сынақ алаңдарына айналдырып алғандарынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болмай ма?
Одан басқа – қауіпсіздік мәселесі. Мен әлем бойынша бір елдің екінші бір тәуелсізел аумағын сынақ алаңдарына айналдарған бірде-бір мысалын білмейді екем. Сонымен қатар – денсаулық, экология мәселесі. Өз басым Оралда «Абырой» қоғамдық бірлестігін құрып, алғаш басқарған адам ретінде полигон мәселесін бір кісідей білетін адаммын. Бөкейордасы ауданы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов аудандарындағы жергілікті тұрғындар қалай зардап шегіп отырғандарын зерттегендіктен, нақты білемін. Күні бүгінге дейін жас туған сәбилер өмірге кембағал күйде келіп жатыр, оларды ресми түрде «дети-уроды» деп атайды. Киіктер жылда мыңдап қырылады, оның себептерін біздің құзырлы органдар жасырып, айтпайды. Шындығында, бұл жағдайларға кінәні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұған кінәлі – полигонға айналған жерлеріміз, бүкіл әлемде тыйым салынған, бірақ РФ арсыздықпен қолданып отырған «Гептил» деген аса улы химикат!
Кім недесе, о десін, бұл жиынның пайдалы жағы мен үшін анық. Билік жер мәселесінде халықпен санаспаудың қандай салдары болуы мүмкін екенін анық түсінді, жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге ешқашан келіспейтінін де ұғынды. Менің ұсынысым сол сатуға, жалға беруге тиісті жерлерді тек а/ш мақсатындағы жерлермен ғана шектеліп қалмауымыз керек!

Дереккөз: Мұхтар Тайжанның facebook парақшасы

Exit mobile version