Кез келген мемлекетте баланың құқығы заңмен қорғалады. Заң баптарында баланы сырттағы озбырлықтан, ортасының әлімжеттігінен, ата-ана, туыстарының қиянатынан сақтаудың тетіктері қарастырылған. Баланың бақыт мекені – өзінің отбасы. Бірақ, ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуі, шаңырақтың шайқалуы бала психологиясына, келешегіне айтарлықтай әсерін тигізеді. Өкінішке орай, жарасымды өмір сүре алмай екі жаққа кеткен ерлі-зайыптылардың бала құқығын аяққа таптайтын кезі аз емес. Оның ең басты көрінісі баланың кіммен қалайтынын анықтау кезінде аңғарылады.
Қазақстан заңнамаларында ата-анасы ажырасқан соң баланы көп жағдайда анасының қамқорлығында қалдырып жатады. Дегенмен, өз пікірін білдіріп, өз ойын айта алатын жастағы балалардың таңдау еркіндігі ескерілуі керек. Себебі, бала үшін ананың орны қандай қымбат болса, әкенің де бағасы одан бір мысқал кем емес. Сондықтан, кіммен тұрудың тиімді, жайлы болатынын баланың өзі анықтағаны абзал.
Неке бұзылған соң баланың әкесімен араласуымен көп ретте аналар қарсы болып жатады. Бұл әйелдің ішкі қызғанышынан туындаған қарсылық. Шындығында баласының азамат ретінде қалыптасып, тәрбиедегі әкенің рөлін төмендетпеу үшін әйелдер бұрынғы күйеуінің ұл-қызымен кездесіп, маңызды мәселелерді бірігіп шешуіне жол ашуы керек. Әсіресе, ұл тәрбиесінде әкенің ықпалы орасан. Бүгінде мінезі қыздай, ер балаға тән емес жат қылықтар көрсететін, өзіндік пікірі жоқ, көрінгенге жалтақтап өскен ұлдардың көбейгені байқалады. Мұның себебін отбасындағы ана тәрбиесімен ғана байланыстыруға болмайды. Анадан бөлек, қазіргі қоғамда ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мамандардың басым бөлігін нәзік жандылар құрайды. Яғни, бүлдіршіндердің балабақшада көретіні кілең әйелдер, мектеп, жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер мен мамандардың да басым бөлігі әйелдер. Қызмет көрсету орындарынан да ер азаматтарды сирек көреміз. Осының өзі соңғы жылдары әкелер институтының құлдырып бара жатқанын байқатады.
Ата-анасы ажырасқанымен, бөлек тұрып жатқан әке мен баланың арасындағы қатынас тоқтамауы керек. Ата-анасының мінезінің жараспағанына бала кінәлі емес. Баланы өмірге әкелген ата-ананың екеуі де оның болашағына, ертеңіне теңдей жауапты болатынын ұмытпауы керек. Заң ерлі-зайыптылар қанша жерден ажырасса да, баланы тең тәрбиелеуді міндеттейді. Ал заңда көрсетілгендей баланың әкесі немесе анасы өз міндетін орындамаса, сот оны орындауға мәжбүрлеп орындатуға құқылы. Соның ішінде сот анасының өзімшіл ұстанымына қарамастан, баланың әкесімен кездесуіне мүмкіндік беріп, әкенің бала тәрбиесімен айналысуын міндеттейді.
Тағы бір ескерерлігі, бала отбасылық мәселелер туындағанда өз ой-пікірін еркін білдіруге құқылы. Бала 10 жасқа толғаннан кейін оның пікірін ескерусіз қалдыруға болмайды. Баласы 10 жасқа толған сәттен бастап, ата-анасының оның пікірімен санасуы шарт. Мысалы, баланың тегі мен атын өзгерткенде, баланы асырап алғанда жасөспірімдердің пікірі міндетті түрде ескеріледі.
Бала – тағдырдың сыйы. Кейбір орта жастан асқан қыз-келіншектер баланы – қамсыз қарттығымның кепілі деп түсінеді. Соған орай жасының ұлғайғанына қарамастан, баланың болашағынан бұрын, өзінің ертеңі үшін ұрпақ сүйіп, болмаса балалар үйінен ұл мен қызды асырап алып жатады. Бұл да болса баланың ертеңін ойламау, өз мүддесі үшін өзгенің тағдырын тәлкек ету. Баланың әкесі анықталмаған жағдайда анасының өз тегін беруі міндет. Төлқұжатты әкесінің атының болмауы баланың өзін қолайсыз сезінуіне, қатарластарының сынына ұшырауына ықпал етеді. Сондықтан ұл-қызының ертеңін ойлаған аналар бұл мәселеге де көңіл аударғаны дұрыс.
Біздің елімізде бала құқығын қорғаудың барлық тетігі қалыптасқан. Балалар құқығы тапталмауы үшін әрбір қолайсыз отбасы құзырлы орындар есебінде тұрады. Сондай-ақ, аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар жағдайы билік назарынан тыс қалмағаны жөн. Бұл жұмысты зерделеу жергілікті учаскелік инспекторларға жүктелген. Мектепте де полиция көмекшілері оқушылардың сырт келбетіне, мінез-құлқына, араласқан ортасына мониторинг жасап отырады. Содан кейін ғана жасөспірімдердің қандай да бір құқығын қорғау үшін қамқоршы органдарға, сотқа жүгініп жатады.
Ал шетелдегі жағдай қандай? Тарихи құжаттарда көрсетілгендей, Еуропаның, АҚШ-тың, Канаданың көптеген өркениетті мемлекеттерінде полицияның арнаулы қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметтің жұмысы балалар мен олардың ата-анасы үшін әрдайым қолжетімді. Арнаулы қызмет ашық жұмыс істейтіндіктен, балалардың соларға телефон соғып, ата-аналарының дөрекі қылықтарына, күш қолдану әрекетіне, жәбірлеуіне қарсы шағым беруі мүмкін. Құзырлы орган сол арада тездетіп келіп шара қолданады, ата-аналарына айыппұл салады.
Баланың мүліктік құқығы да бар, ол көбінесе баланың өз ата-аналары мен отбасының өзге де мүшелерінен асырап-бағу үшін қаражат көмегін алуына байланысты туындайды. Сот тәжірибсінен байқалғанында бүгінде алименттер, зейнетақы мен жәрдемақылар ата-анасының атына келіп түседі. Ал шын мәнінде бұл қаржы балаларды асырап-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалуы керек. Көп жағдайда ата-аналар осындай қарапайым қағиданы қаперге алмай жатады.
Мемлекет баланың ата-ананың қасында тәрбиеленуіне мүдделі. Сондықтан, тұрмысқа шықпаған, некесін заңдастырмаған, азаматы әкелік құқығынан бас тартқаны үшін жас баласымен далада қалған аналарға материалдық қиындықтары шешімін тапқанша мемлекет арнайы қамқорлық үйін паналатып, қолдау көрсетуде. Жас аналар, студенттер, кәмелет жасқа толмай ана атанғандар оқу орнын бітіргенше балаларын осындай уақытша орталықтарға, тәрбиелеуге бере алады. Мұндай аналардың өз балаларына келіп, кездесіп тұруына, қамқорлық жасауына тыйым салынбайды. Көмекке мұқтаж ана мен балаға мемлекет жәрдемақы төлейді. Сонымен қатар, өз міндетін тиісті орындамаған ата-анадан да бала қамқорлығы үшін алиментті мәжбүрлеп өндіріп алуға мемлекет мүдделі.