«Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Конституциялық заңы 59 баптан тұрады. Осы баптарда еліміздегі сот билігі, сот жүйесі және аудандық, облыстық және Жоғарғы Сот судьяларының міндеттері мен оларға мемлекет тарапынан жасалынатын кепілдіктер мен жеңілдіктер толық қамтылған.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» заңының 3 бөлімі судьялардың құқықтық жағдайын, олардың тәуелсіздігін және еркіндігін бекіте отырып, оларға қойылатын талаптарды да толығымен жіктеген. Атап айтқанда, заңда нақты шешім қабылдаудағы судьяның тәуелсіздігі, конституциямен қорғалатындығы және оларға ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласуға, қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, аталмыш заңда судьяларға қойылатын талаптар да нақты бекітілген.
Судьялардың өз міндеттерін лайықты және алаңсыз атқаруына жағдай туғызыла отырып, заң олардың материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туғызды. Қызметi бойынша Қазақстанның бiр өңiрiнен екiншi өңiрiне судья болып тағайындалған (сайланған) судьяларға, қайта тағайындалған (қайта сайланған) судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне қоныс аударуына байланысты шығыс шығындары төленіп беріледі. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Судья үнемі тұрып жатқан қызметтік тұрғын үй-жай оның қалауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекешелендірілуі мүмкін.
Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды, ал егер босатылған жағдайда оған өзі тұрып жатқан қызметтік тұрғын үй-жайды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекешелендіру құқығы беріледі. Осы заңдағы судьялардың басқа мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда лауазымынан құрметпен кетуі, өкiлеттiктерiн тоқтатуының ерекше нысаны бекітілген. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде оның соңғы лауазымы бойынша бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.
Қорыта айтқанда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы халықаралық құқыққа толығымен сай келетін, демократиялық принцип қағидаларын толық қамтыған прогрессивтік бағыттағы заң және сот жүйесінің лайықты қызмет атқаруына нақты жағдайлар мен кепілдіктер беретін бірден-бір құжат.
Жанна ЗАРИДЗЕ
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024