Бішкекте Жогорку Кенеш сайлауының әділ өтпегеніне наразы жұрт Ала-Тоо алаңына жиналды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жағдайдың шиеленісіп, атылған оқ пен жарылыстардың дауысы естілгенін хабарлады. Алаңға шамамен 5 мыңға жуық халық жиналған. Олардың алдына шығып сөз сөйлеген партия жетекшілері сайлау қорытындысын заңсыз деп тану керек деген пікірлер айтты. Кешкі сағат 21:00 кезінде жағдай тіптен ушығып кеткен. Шеруге қатысушылар парламент пен президент резиденциясы ғимаратына шабуыл жасаған. Соңғы ақпарат бойынша милиция мен арнайы қызмет өкілдері наразы топты таратып жіберген.