«Біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой». Бұл — сенатор Мұрат Бақтиярұлының Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласында тұратын қазақтың тағдырына алаңдап, ондағы балабақша мен мектептердің оқу жүйесіне қатысты үкіметке жолдаған сауалында айтқан сөзі.
12-11-20 |
2310 рет қаралған
«Байқоңырдағы қазақты Ресейге жалға берген жоқпыз!».

Байқоңыр қаласында 77 мыңнан аса халық тұратын болса, оның 70%-ы қазақстандықтар болып саналады. Депутат келтірген деректер бойынша, қаладағы отандастарымыздың өз жері мен елінде отандық талапқа сай білім алуы дұрыс ұйымдастырылмай отыр.
⠀
Сенатор өз сауалында бірнеше деректерді алға тартты. Мысалы, қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бүгінгі күні 5 236 бала білім алады, ал Ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады, оның 1 508-і, яғни 37%-ы Қазақстан азаматтарының балалары.
⠀
Байқоңырда қазір Ресей Федерациясына қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмаған дейді. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қала тұрғындарымен кездесу барысында орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, осы 7 мектептің бірін мемлекет меншігіне өткізуді сұрап отыр екен.
⠀
«Бұл жағдай, ресейлік мектепте оқитын балалардың мектеп бітіргеннен соң ҰБТ-ға қатысуына және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі келтіруде. Себебі емтиханның міндетті пәндері — Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиеті ол мектептерде оқытылмайды», — деді сенатор.
⠀
Одан бөлек, Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар. Депутат халықтың бірнеше балабақшаны мемлекеттік юрисдикцияға өткізу талабы орынды деп санайды.
⠀
«Олар Қазақстан аумағында туып-өскенімен, өз жерінде тұрып, менің Отаным – Россия, менің астанам – Москва деп, Россияның арғы-бергі тарихын, тілі мен әдебиетін оқып, әрине ресейлік патриотизм рухында тәрбиеленеді. Айта өтуіміз керек, біз жерімізді жалға бергенімізбен, сол жерде тұрып жатқан халқымызды жалға берген жоқпыз ғой», — деді Мұрат Бақтиярұлы.
⠀
Сенатор Үкімет басшысынан Байқоңыр қаласы тұрғындарының білім беру саласына қатысты осы түйткілді мәселесін басты назарға алып, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
фото: qazir.kz
Соңғы мақалалар.
- 19.04.2025
- 19.04.2025
- 19.04.2025
- 19.04.2025
- 19.04.2025
- 18.04.2025
- 18.04.2025
- 18.04.2025
- 18.04.2025
МІНБЕР.
ӨЗГЕ ДЕ МАҚАЛАЛАР.