Балаларға жасалған зорлық-зомбылық, қатігездік азаймай отыр. Тіпті, алысқа бармай-ақ, өз отбасында, анасы мен әкесінің, бауырларының құқайын көріп, қорлығына төзіп жүрген балалар қаншама. Мұндай жағдайлардың ілуде біреуі ғана әшкере болып, қоғам талқысына түсіп жатады. Ал көпшілігі жария етілмеген қалпы, жабық күйінде қалып келеді. Қылмыстың ашылуы жасөспірім өмірін өзгертеді деп тағы айта алмаймыз. Өйткені, қылмыскерді жазалаумен мәселе шешілді ме? Шындығында балалардың бақытты балалық шағын қаншалықты қамтамасыз ете алып отырмыз?
Мысалы Атырау облыстық ІІД жасөспірімдер полициясының мәліметінше, былтыр облыс көлемінде кәмелетке толмағандарға қатысты 48 қылмыс жасалыпты, оның 19-ында өрімдей баланы жыныстық қатынасқа мәжбүрлемек болған. Төрт зорлау, бес кәмелетке толмағандарды азғындау, жасы он алтыға толмағандармен интимдік қарым-қатынаста болудың он дерегі тіркелген. Бұдан да сорақысы, зорлықшылардың көбі – баланың айналасынан, туған немесе өгей әкесі, жақын-жуықтары, таныстары болып келеді.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында үйінен қашып кету оқиғалары да белең алып отырғаны айтылды. Әсіресе, өтпелі кезеңде тұрған ұл мен қыздың жүйкесі тым жұқа. Отбасындағы ұрыс-керіс, ересектердің әлімжеттік жасап, күш көрсетуі оларға теріс әсер етеді. Өткен жылы осындай 48 жағдай тіркеліп, баласының тәрбиесіне жүрдім-бардым қараған 126 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Жалпы, комиссияның есебіне 193 қолайсыз отбасы алынған.
Облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Қайролла Көшқалиев проблеманың түпкі себебін тереңнен іздейді. «Бұл балалардың ата-аналары елде экономикалық қиыншылық болған өткен ғасырдың 90 жылдары дүниеге келгендер. Олар да кезінде үй ішінде дұрыс тәрбие ала алмады. Енді сол әлеуметтік фактордың салдары балалардың бойынан көрініп жатыр» дейді ол.
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, соңғы жылдары мектеп жасындағы жас аналардың жиі кездесуі кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның жұмысына жүк сала түсті. Дегенмен, облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев ерте жүктіліктің аздап азаюы байқалғанын жеткізді. Айталық, бұдан үш жыл бұрын кәмелетке толмай жатып аяғы ауырлаған 73 қыз баланың 27-сі оқушы, 46-сы колледж студенті болса, былтыр дәрігерлік есепке алынған осындай елу қыздың тоғызы – мектеп шәкірті де, 41-і – орта және арнаулы оқу орнында білім алып жатқандар.
Тағы бір қозғалған жай – суицидке байланысты. Мұнайлы өңірде бұл құбылыстың алдын алу мақсатында 14-15 жас аралығындағы жеті мың, одан жоғары жастағы 23 мың жасөспірімнің арасында сауалнама жүргізілген. Соның нәтижесінде психологиялық көмекке мұқтаж деген 109 бала анықталып, олармен дәрігерлер мен психологтар жұмыс жасауда.
Келелі жиынды қорытындылаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова бала тәрбиесіндегі басты орынның ата-анаға тиесілі екенін айта келіп, бауыр еті баласына дұрыс қарамайтын әкелер мен шешелердің жауапкершілігін заң жолымен күшейту шарасы нәтижесін берер деген пікірін білдірді. Бұл шаралардың қатарында баланың ата-анасын шартты түрде жазалау мен көп мөлшерде айыппұл төлету аталды.
Қ.Үргенішбай
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024