02-09-18 |
5170 рет қаралған
Бала құқығы басты назарда болуы тиіс.
Бала құқығы басты назарда болуы тиіс

   «Баладай бейғам бол». Бұл қазақтың ежелден баладай ақкөңіл, тез сенгіш,  алданғыш жандарға қатысты айтылатын мақалы. Өкінішке қарай, осы бейғамдық соңғы жылдары талайларға сабақ болды,  өмірлеріне, келелі келешектеріне  кері әсерін тигізді. Көптеген ата-ананың қамсыздығынан да болар,  кейінгі деректер жасөспірімдер мен кішкене балалардың арасында үлкендер тарапынан болатын зорлық-зомбылыққа, қиянат-қысымға ұшырайтындар санының көбейіп кеткенін көрсетуде. «Ата-анаға көз қуаныш,  Алдына алған еркесі»-дейміз. Бірақ, осы көзқуанышымыздың қоғам тарапынан қорлыққа ұшырап, жүректерінің жараланып жатуы  құқықтық мемлекеттің кез келген азаматына сын.

Телеарналардағы сауалнамалар мен эксперименттерге назар салсаңыз, балалардың бөтен адамдарға тез иланғыш екенін, солардың соңынан оп-оңай еріп, кете баратынына куә боласыз. Тіпті бұндай  эксперименттер  ата-аналарының бақылауымен  жүргізілгенде ата-аналардың өздері де талай мәрте таң қалысыпты. Және олар балаларына қауіптің қайдан келетінін, бөтен адамдардың балаларды  тәтті-дәмдімен, немесе сүйікті жан-жануарымен алдайтынын ескертіп отыратынын айтысқан. Яғни, бала дәл сол оқиға орын алар сәтте ата-ананың ескертуін есіне сақтамайды.  Оған сол сәттегі дүние қызық. Демек, бұл қылмыс жасауға ниеттенген адамның қолайына оңтайлы сәт.   Өкінішке қарай, осындай сәттерді соңғы кездері қылмыс жасауға ниетті адамдар қалт жібермеуде. Сөзімізге елдегі бала ұрлығына қатысты оқиғалардың жиілеп кетуі дәлел. Әлеуметтік желілер мен жеке чаттардан келіп түсетін видео жазбаларда бұл мәселеге қатысты көпшіліктің үрейін еселей түсті. Былтыр естеріңізде болса, Оңтүстік Қазақстанда біреудің кішкене баласын «әжесімін» деп бір әйелдің ертіп кеткені белгілі болып, ол бүлдіршінді іздеуге бүкіл ел-жұрт ап салысқан. Осы көктемде де  мектепті торуылдап жүрген әйелді тағы бір топ ата-ана бейнежазбаға түсіріп алып, «мына әйел бала ұрлағалы жүр» -деп шуласқан. Келтіре берсек, мұндай дерек, дәйектер көп.  «Мына бала сабақтан қайтпай қалды», «Мына бүлдіршінді көргендеріңіз болса тез арада хабар беріңіздерші», «Алматыда бала жоғалды» деген секілді хабарламалар әлеуметтік желілерден де үнемі жарияланып жүр. Алайда, тәртіп сақшылары тарапынан мұндай оқиғалар кейде қауесеттік хабарламалар ретінде бағаланып жүр. Құқыққорғаушылар тіпті жалған ақпарат таратып, елдің ішінде дақпырт туғызған адамға қылмыстық, әкімшілік секілді жазаларда қарастырылатынын айтады. Мәселен, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі: «Жалған дерек, даурықпа ақпараттар міндетті түрде арнайы талдау жасау арқылы анықталады. ҚР Қылмыстық кодекстің 274 -бабының, 2 тармағы бойынша жалған ақпарат таратушы, яғни ол адам қасақана жалған ақпарат таратқан болып есептеледі де, ол  үшін оған қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Яғни,  2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі. Егерде бұл өтірік ақпарат Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы тарайтын болса, онда  олардың жазасы  тіпті ауырлау. Олардың қылмысының  мерзім мөлшері одан әрі күрделене түседі.  Сондықтан,  барлық азаматтарға, көпшілік қауымға айтарымыз,  әрбір айтқан,  жасаған іс-әрекетіңізге, әр жазған мақалаларыңызға аса жауапкершілікпен қарап, қатты назар аударуыңыз қажет», – дейді. Баспасөз жетекшісі Салтанат Әзірбектің бұндай заңды ескертуі еліміздің барлық құқыққорғаушылары тарапынан да айтылған, әлі де айтыла береді. Бірақ, баланың нақты жоғалу дерегі тіркелмесе де, оның  бірнеше сағатқа ел көзінен таса болып, жоғалып кетуі ата-ана түгілі кез келген адамның алаңдаушылығын туғызатыны анық.  Статистикалық деректер де елде бала ұрлығының орын алатынын жоққа шығармайды. Мәселен, былтыр  Қостанайда мектеп оқушысының бөтен бір адамның алдауына сеніп, көлге кетіп қалғанын, артынан оны бүкіл ауыл, мектеп, тәртіп сақшылары, еріктілер болып  іздегенінен бүкіл республика хабардар. Алайда,  жоғарғы сыныпта оқитын қыздың өлі денесі бір айдан кейін ғана табылғаны, күдіктінің із-түзсіз кеткені тағы да ел алдында. Жамбылда да төменгі класс оқушысын осындай жолмен алдап, ұрлап кетіп, ата-анасынан өтемақы сұраған ұрының да бес жыл арқалағанынан халық хабардар. Бұдан бөлек, педофилдердің зорлығына ұшырайтын балалар оқиғалары да халықтың көз алдында. Із-түзсіз кететін жасөспірімдердің де жайы алаңдауды қажет етеді. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері ата-аналарға балаларын көзден таса қалдырмауды, түнде мектеп жасындағы балаларды көшеге жалғыз жібермеуді қатаң ескертуде.

   Бұл мәселелерге қатысты елдегі психологтардың өз көзқарас пікірі бар. Енді соларға да назар аудара кетсек:

Айдос Ахмет, психолог:

Балаларды мұндай қауіп-қатерлерден алдын ала сақтандырып отыру керек. Ол және ара-тұра емес, күнделікті айтылып отыратын тақырып болуы тиіс. Әрине, ол ең алдымен, міндетті түрде өте жаймашуақ әңгіме ретінде жүргізілген жөн. Біз балаларды өзіміз алдаймыз. Ойлап қараңызшы, тілімізді алғыза алмай жатсақ, ақша бере саламыз, ойыншық сатып әперем дейміз, аквапаркке апарамыз дейміз, күшік, мысық әперем дейміз. Бала жылағанын бірден қояды. Демек, бұл баланы алдаудың нақты тәжірибедегі классикалық түрі. Баланы керек жерінде тіпті сондай адамдармен қорқытуда керек. Бала қорыққан нәрсесінен ғана аулақ жүреді. Неге ежелгі қазақ баласын орыспен қорқытқан? «Қазір жылағаныңды қоймасаң орысқа беріп жіберем, орыс келіп алып кетеді»-дейді. Біздің ауылда сондай болған өзі. Анау алыс Қызылорданың бір ауылында қайдан орыс болсын. Жылына бір екі рет ауылдағыларды суретке түсіруге бір орыс келетін. Әлгіні көрсе бүкіл ауылдың баласы жылап қашатын. Тіпті суретке түсуге жоламайтын оның қолындағы фотоаппарат соншалықты қызық болсада. Бала қорыққан адамына ғана еріп кетпейді. Қалған бетіне мейірлене қарап, қолына тәтті ұсынған кез келген адамына еріп кете береді. Баланың іс-әрекетін өз қалауыңыздан бағдарламалай алмайсыз. Сондықтан, баламен тек қана айналысу керек. Оған жақсы-жаманды ажыратуға сіз ғана көмектесе аласыз.

Бақытгүл Манапқызы, әлеуметтанушы:

   Көп балалы отбасыларда әр баланы бақылап, онымен айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Мен әлеуметтанушы ретінде осы отбасылық ахуалды көп зерттедім. Мектепте жұмыс істеген кезде де осындай отбасыларды көп аралайтынмын. Көпбалалы отбасы мен тұрмысы төмен отбасылардағы проблемалардың бірі осы. Яғни, бала қараусыз қалады. Оның бос уақытының бәрі өзінде. Оны қайда жұмсайды, кіммен өткізеді, немен айналысады, қандай қызығушылығы бар, ортасы кімдер? Ата-ана мұндай сұрақтарға мүлдем жауап іздеп, бас қатыра бермейді. Қараусыз қалған бала қайда барады? Ол әрине, міндетті түрде қылмысқа ұрынады, тәртібі қиын балаларға қосылады, қиянатқа ұшырайды, немесе өзі біреуге қиянат, зорлық-зомбылық жасайды. Мектепте сондай бір отбасы болды. Бес баласы бар, әкесі арақ ішеді, шешесі күндік табыс іздеп кісінің жұмысын істейді. Балалар күні бойы қараусыз. Екі ұлы да ұрлық жасайтын. Мектептегі балаларға күн көрсетпеді. Полицияның есебінде тұрды. Ақыры, үлкені жоғарғы классқа барғанда өз қатарымен төбелесіп, пышақ жарақатынан қайтыс болды. Кішісі мектептен бастап шөп шегіп, кейін соның түбіне түсіп кетті деп естідім. Ата-ана тәрбиені бір жіберіп алса, оны басқа ешкім түзей алмайды. Әлгі балалармен біз қаншама рет айналыстық. Қызықтырмақ болып, дұрыс балалардың ортасына тарттық, топтық жұмыстар жасадық. Бәрібір болмады. Балаға ең алдымен керегі, үйдегі тыныштық пен үйдегі береке. Қазақтың кейінгі кездегі көп проблемасы осы нәрселерінен айырылып қалғанында болып тұр. Ата-ананың жауапсыздығы баланың бүкіл өмірін құртады. Мен осы мәселеге қатты кейимін. Өмірге әкелген әр бала үшін қай жерде болса да сен жауаптысың. Үйден тыныштық пен күтім, береке көрмеген бала қайтеді енді? Амалсыз осындай бақытсыздыққа душар болады. Ол балаларда өз қатарында жарқырап жүріп, жадырап өмір сүргісі келмеді дейсіз бе?

    Бала құқығын басты назарда ұстау, оны болашақтың иегері, мемлекеттің тірегі ретінде қарау ата-ананың міндетті. Көп мамандар шынымен де, балаға қатысты мәселелердің барлық түйткілін ата-анаға тірейді. Демек, оған себепте жоқ емес. Демографиялық ахуалды жақсарту өз алдына, қазір қазақ деген ұлттың алдында мемлекетті кемел елге айналдыра алатын сапалы ұрпақ тәрбиелеу мәселесі де тұр.

     Бүгінгі заман тынысы мен  бет-алысы  бөлек. Бұрынғы қазақы тәрбие қатал дейміз. Себебі, бұрын  аналар тек бала тәрбиесі, үй шаруасымен ғана отырды.  Жұмысқа шығамын, жанымды бағамын, бала шағамды жеткіземін  деп жанталасқан жоқ. Олар үшін бар шаруа үйдің тірлігі, бала табу, бағу, оның тамағын қамдап, дұрыс оқыту ғана  болды. Қазір қай жағыңызға да қарасаңыз таусылмайтын, бітпейтін жанталас. Әйел әйелмін деп қарап отыратын заман кетті. Қазір әйелдің мойнында күйеуімен қатар еңбек етіп, бала-шағасын бағуға, оларды оқытып, тоқытуға деген  жауапкершілік  тұр. Бүгінгі заманның заңдылығы осы.  Алайда, тұрмыс, жағдай деп жүріп, бала тәрбиесіне еш мән бермеу, баласын қараусыз, қорғаусыз қалдыру ешқашан ақтауға да, жақтауға келмейтін ауыр қылмыс. Еш жамандық көрмеуге тиіс, бүкіл адамзатқа тән құндылықтарға ие болуға тиіс баланың аяқ-астынан түзу жолдан  таюуы- қайтадан оңалуы қиын процесс, қайтадан түзу жолға түсуі екіталай процесс. Ендеше, әуелгі қауіп өзімізден.

      Психологтардың айтуынша, отбасыңдағы кикілжің, ата-ана арасында ұрыс керіс балаға бірден әсер етіп, оның өз қатарынан жырақтауына негізгі  себеп.  Ал, мұндай  айналасынан алыстап, өз ортасынан қашқақтап жүрген, өзінің сүлесоқ, бейжай қалпымен ерекшеленген бала кез келген қылмысқа ниетті, ойы бұзық  адамның назарын өзіне бірден аударады. Арампиғыл иесі ондай баланы бірден өзіне әдемі тілі мен әртүрлі тәтті-дәмдісімен баурап алады, маңдайынан сипап, бауырына тартады.  Өз үйінде әке-шешесінің  ұрысын ғана  естіп, өзіне лайықты марапат сөз ала алмаған бала мұндай мейірімге бірден бойұсынып, соған еріп, құлай  кетеді.

«Ата-ана  мейірімі  бала үшін өте қажет. Екі ересек адам  өмірге баланы  әкелгеннен кейін ең алдымен, оның алдындағы жауапкершілікті ойлау керек.  Екеуі сағаттап керілдескеннен гөрі екі минут баласының басынан сипап жылы сөзін аямай, мейірім, махаббатына шомылдырып жіберсе балаға содан артық ештеңе де  керек емес. Ата-анасы елжіреп, мейірімін төгіп тұрса бала қалықтап жүреді, дос-жаранның арасында ондай бала  өзін өте сенімді ұстайды. Даусы да өктем шығып, өз орнын айшықтап, баланың бойында өзіне деген сенімі де пайда болады. Өкінішке қарай, біздегі көп жанұя өз перзентінен, өз баласынан осы мейірімді  аяйды. Олардың өздерінің өзімшілдігі бәрінен озық тұрады. Өзімшіл ата-ана үшін баланың кіршіксіз көңілінен гөрі өздерінің паңдығы, менмендігі, кеудесі артық. Шаңырақ көтердің бе, болды мұндай өзімшілдіктер өздігінен кейін ысырыла беруі керек. Бала мөлдір құты,әйнек шөлмек,  оны сындырып алмай аман есен есейту – парыз.  Оған өте көп уақыт қажет те емес.  Ертең оң- солын ажырата бастаған сәттен бастап, ол өзі де ата-анадан, үйінен  алыстай береді. Сондықтан балаға  адами, ата-аналық жылу қазір, дер кезінде  қажет. Кейде бүкіл ата-анаға бала үшін өмір сүріңіздер дегім келіп кетеді.  Балаңыздың зорлық-қорлықтың құрбаны болғанын қаламасаңыз, оны өз назарыңыздан таса қылмаңыз. Тіпті жұмысым көп, оған уақытым жетпейді, қарай алмаймын десеңіз, балаңызға арнайы адам жалдаңыз, қазіргі заманда ештеңенің сөкеттігі жоқ»-дейді психолог Анар Жексенбайқызы.

  Қазақта «Қуды қу, суды су табады» деген сөз бар.  Өз үйінде, ата-анасының қасында өзін бақытсыз сезінген бала қызықты, мейірім мен махаббатты  сырттан іздейді. Әуел баста  темекіден басталатын өмір кезбелікке, үйден безуге, көше қаңғыруға, бара бара ұрлық-қарлыққа, қылмысқа  ұласады. «Ағашты бұта кезінде күтіп-баптауға болады, оның діңі үлкейіп, жуандағанда , оны баптау мүмкін болмай қалады». Әркімнің перзенті де осы ағаш секілді.   Бала күнінде күтім көрмесе, мейірім-шуағыңа қанбаса ол олқылықтың орнын ол басқа жақтан толтырғысы келеді. Бұның бәрі баланың қараусыз қалуынан, тәрбиеден тыстауынан, баланың құқығының бұзылуына қатысты шыққан әңгіме. Мамандар қылмыскердің,  ұрының назарына ең алдымен, осындай өзімен өзі жүретін, елден оқшау тұратын балалар ілігететінін айтты. Демек, баланы  бақытсыздық нысанына айналдырмас үшін оны тек мәпелеп, жеткізу парыз.

   Кейінгі жылдары осындай қылмыстардың көбейіп кетуіне орай, әрі осындай қылмыстардың алдын-алу мақсатында еліміздің  ҚР Прокуратурасы,   Білім және Ғылым министрлігі, Ішкі Істер Министрлігі, өзге де құқық қорғау органдары  бірлесе отырып,  ел ішінде, республика аумағында әрқилы іс-шаралар мен акциялар ұйымдастырып, қысқа қысқа жарнамалық ескертпе роликтер  де шығаруда.  Ата-аналармен түсіндірме жұмыстар жүргізіліп, оларға арналған әртүрлі аула клубтарын ұйымдастырып жатыр, жадынамалық үнпарақтар шығаруда. Мұндай қауіп-қатердің алдын біз тек бәріміз бірлесе отырып қана алуымызға болады. Кез келген ата-ана өз баласының жадысына бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді, үйге бөтен адамды кіргізбеуді, бөтен адаммен еріп адамдардың назарынан тыс жерге бармауды, бөтеннің көлігіне отырмауды, қараңғы түскеннен кейін көшеде жалғыз жүрмеуді,  лифтіге күдікті адаммен жалғыз кірмеуді сіңіруге тиіс. Құқыққорғаушыларда осындай ескертпелерді жадынама ретінде шығарып, балалардың сөмкесіне салып қоюды ұсынады.  Және олар қылмыскерлердің үнемі қорқынышты кейіпте болмайтынын, кей қылмыскерлердің өте сұлу, әдемі киініп жүретінін де ескерткен абзал дейді.

Ш. Құрманбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.