20-06-18 |
3580 рет қаралған
Балалар бақылаусыз қалмасын.
Балалар бақылаусыз қалмасын

Бас прокуратурада жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, соның ішінде шет елдік азаматтардың асырап алуының тәртібі туралы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік уәкілеттік органдардың қызметіне тексеру жүргізу жолға қойылған.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы 15 жыл көлемінде республикада 50 мыңнан астам бала асырап алынған, олардың 41 мыңнан астамын қазақстандық отбасылар, 9 мыңға жуығын шет елдік азаматтар асырап алған. Сонымен қатар, Бас прокуратураның уәкілетті органдарда жүргізген тексерістері жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің айтарлықтай бұзылуына алып келген бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Соңғы жылдары асырап алу рәсіміне сауданың және қылмыстың араласу үдерісі, кәмелетке жасы толмағандарды сату фактілері байқалып отыр. Өткен жылы бала саудасы фактілері бойынша 25 қылмыс анықталған. Кейінгі екі жыл ішінде заңмен белгіленген тәртіпті айналып өтіп, бала асырап алуға кандидат ретінде есепте тұрмаған адамдар 457 баланы асырап алған. Әлеуетті асырап алушылар ресми рәсімдерді өтпестен, баланы тікелей асырап алуды жөн көріп, қасақана заң бұзуға барады. Бала асырап алу рәсімінің күрделі және бюрократиялық кедергілерге толы болуы, қамқоршылық және қорғаншылық мекемелер қызметінің жабықтығы адамдарды осындай әрекетке итермелейді, кемшіліктер де осыған себепші болып отыр.

Сонымен қатар, 1858 жетімді орталықтандырылған есептен алып тастаған қамқоршылық және қорғаншылық органдардың лауазымды тұлғаларының кінәларынан балалар асырап алыну және отбасына ие болу мүмкіндігінен айырылған. Ал Қарағанды және Алматы облыстарында балаларды наркологиялық есепте тұрған, психикалық аурулары бар және өтелмеген соттылығы бар адамдарға асырап алуға берген шектен шыққан жағдайлар анықталды. Бала асырап алған отбасылардағы, әсіресе, шет елдердегі балалардың өмір сүру жағдайын тиісті есепке алу және оларға бақылау жүргізу қамтамасыз етілмеген. Жергілікті атқарушы органдардың және шет елдердегі мекемелердің тиісті бақылауының болмауынан асырап алушылар 305 мың баланың өмір сүру жағдайы туралы есеп бермеген, шет елдік азаматтарға асырап алуға берілген 673 қазақстандық баланың тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.

Тексеріс барысында барлығы 166 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, 800-ден астам баланың құқықтары қорғалды, 150-ден астам лауазымды тұлға әртүрлі деңгейдегі жауапкершілікке тартылды, 3 талап арыз енгізілді, 6 қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдардан балалардың отбасында өсуі мен тәрбиеленуі құқықтарын қорғауға, асырап алу рәсімінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, пәрменді құқықтық және практикалық шараларды қабылдауды, осы рәсімді қылмыстандырудың кез-келген талпынысына тосқауыл қоюды талап етті. Осы мақсаттарда ең алдымен асырап алу рәсімін заңнамалық оңайлату, баланы ешбір артық формализм және сөзбұйдасыз отбасыға анықтауға мүмкіндік беретін нақты және түбегейлі өлшемдер тізілімін әзірлеу туралы бастама көтеру ұсынылды. Сонымен қатар, асырап алуға жататын балаларды есепке алу туралы заңдылықтардың ережесін қайта қарау қажет деп танылды. Білім және ғылым министрлігіне әр бала туралы толық және анық ақпаратты, балалардың объективті және нақты есебін қамтамасыз ететін бірыңғай деректер қорын құру туралы құқықтық базаны жасау тапсырылды. Осы ретте барлық әлеуетті бала асырап алушылардың оған ашық қол жекізе алуы маңызды болып табылады. Жанұяға мұқтаж балалар туралы қоғамды ақпараттандырудың өзге де тиімді тетіктерінің бірі бала асырап алуды бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, белгілі телеарналарда кеңінен насихаттау болып табылады.

Денсаулық сақтау министрлігіне аналар босанатын үйлер мен бөлімшелердің жұмысына ведомстволық бақылауды күшейту, сондай-ақ асырап алуға жататын балалар денсаулығының жай-күйі туралы дәрігерлік көрінеу жалған қорытынды беру үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырылды.

Бас Прокурор сонымен қатар шетелдік асыраушы жанұяларда тәрбиеленіп жатқан  қазақстандық балалардың құқығын қамтамасыз ету қажеттігін, балалардың есебін жолға қою және олардың өмір сүру жағдайына жүйелі қадағалау жасау керектігін атап көрсетті.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.