Ертеректе бейбіт елдің балалары қолына қару алып, бір-біріне оқ жаудырады десе, сенбес едік. Алайда, заманымыз озып, ғылым мен техниканың қызығын енді көре бастағанда қаршадай балаларымыздың суық қарумен бір-біріне сес көрсетуі жиіледі. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасында қарулы қақтығыстардың орын алуына не себеп? Балалар неге түсінбестікті төбелеспен шешетін болды?
Жастар арасындағы мұндай қылмыстардың орын алуы алаңдатарлық жағдай. Қазір мектепте оқитын жасөспірімдермен жұмыс біршама оңтайланған. Себебі, Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің барлығында дерлік мектеп инспекторлары жұмыс істейді. Осының арқасында Алматы біршама тыныш. Одан бөлек, Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Ювенальды полиция жұмыс жасайды. Тек осы полицияның құрамында қызмет ететін учаскелік полицейлерге қырағылық керек. Олар өздеріне тиесілі учаскеде кімдер тұрады, жастар мен жасөспірімдердің үлесі қандай, олар немен айналысады, оқи ма, жұмыс істей ме? деген сұрақтардың жауабын жақсы білулері тиіс. Өз аймағындағы адамдарды танымайтын, білмейтін учаскелік инспекторлар жастардың мәселесін шешпек тұрмақ, иегінің астында есірткі садаланып, көз алдында кәмелетке толмағандар қырқысып жатса да мән бермейді.
Мұның сыртында ата-аналар да бала тәрбиесіндегі өз жауапкершілігін ұмытып барады. Шыны керек, ата-аналар арасында балаларының күнделікті сабаққа барып, бармай жүргеніннен хабарсыз отыратындар аз емес. Кейде ұстаздары мен мектеп инспекторлары баласының тәртібіне байланысты мектепке шақырса келмейтіндері қаншама. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан бұғанасы бекімеген балаларымыз қару асынып, көшеде өздерін «герой» сезініп жүреді. Ақырында ұрынып, өз қолдарымен тағдырларына балта шауып жатады. Мысалы, суық қару қолданып, қылмысқа барған кәмелеттік жасқа толмаған бала көбіне өзінің іс-әрекетіне саналы түрде жауап бере алмайды. Жалпы, статистикаға сүйенсек, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыстардың 70 пайызы тонау, қарақшылық секілді әрекеттер. Әрине, олардың көбінде тапанша болмаса да, пышақ қолданғандары жиі кездеседі. Бұл да суық қару, бүгін пышақпен қорқытып адам тонаған балалар, ертең қару асынып жүрмесіне кім кепіл? Сондықтан, ең алдымен алдын алу шараларын күшейткен жөн. Сосын, бізде қылмыстық әркетке барған балаларды жөнге салып, қоғамға бейімдейтін орталықтар жоқтың қасы.
Жасөспірімдер мен жастарымыздың түрлі қару-жараққа әуес болуының себебі мұнымен бітпейді. Соның бір себебін балалардың атыс-шабысқа құрылған интернет ойындарға әуестігімен байланыстыруға болады. Сонымен бірге, балалардың қандай фильмдерді көріп, қандай ақпаратпен танысып жатқанынан да үлкендер хабарсыз. Кілең соғысты, әлді мен әлсіздің күресін бейнелейтін фильмдердің де балаға пайдасынан гөрі зияны басым. Қаруланып жүретін жастардың көпшілігінің айтатын себептері де осыған саяды. Жастардың топтасып алып, бейбіт күнде бір-біріне оқ жаудыруы да осы шараларының нәтижесі болып жатады. Өкінішке қарай, мұндай әуестіктің соңы қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, балаларының қару ұстауына мүмкіндік берген ересектердің заң алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет. Біріншіден түрлі қарулардың жастарымызға, тіпті балаларымызға қол жетімді болуы заңымыздың осалдығы болса, екіншіден, бұл құқыққорғау органдарының жұмысының әлсіздігі деп түсінген жөн. Тиісті орындар бұл іспен мықтап айналысып, үнемі рейдтер ұйымдастырып, заңсыз айналымдағы қару жарақтарды болдырмауға күш салмай, адам өміріне аса қауіпті қару атаулы осылайша баланың «ойыншығына» айнала бермек. Сондай-ақ, қазіргі балалар атыс-шабысқа толы түрлі фильмдерді көп көреді. Мұның да әсері аз емес. Осы орайда, ата-аналар бала тәрбиесіндегі өз жауапкершілігін өз қолдарына алғандары жөн. Қазір көптеген ата-аналар жұмысбасты болып кеткен. Ал, бақылауда ұстамаған бала бетімен кетеді. Сондықтан, ата-аналар бала тәрбиесіне тиісті көңіл бөліп, оның кімдермен араласатынына дейін біліп отырғаны дұрыс.
Камила ЫСҚАҚОВА
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024