20-05-18 |
4860 рет қаралған
Балалар суициді: себеп пен салдар.
Балалар суициді: себеп пен салдар

Балалар суициді қоғамның басты мәселесіне айналғалы қашан? Өкініштісі сол, бұл нәубеттен ешбір өңір, ешбір отбасы сақтандырылмаған. Мысалы жақында Атырау облысының құқық қорғаушылары 2018 жылдың алты айында 9 суицидтің тіркелгенін мәлімдеді. Бәрі де өрімдей жастар. Әсіресе, мектеп оқушыларының ерте үзілуі талдауды, зерттеуді қажет етеді. Көргенінен көретіні көп жастар өлімге неге асығады? Әлде құқығы тапталып, айналасынан қолдау таппаған соң осындай үстірт әрекетке бара ма? Бәлкім, отбасы жайсыз, қатарластары түсінбейтін шығар, ұстазынан қорлық көруі де мүкін ғой. Сонымен қатар, оқу орындарындағы әлімжеттіктің барлығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Әлімжеттік әлі де бар. Әуелі ол соңғы жылдары қалыпты жағдайға айнала бастаған. Жасырын ақша жинаушыларға наразылық білдірушілердің анда-санда әр жерден қылаң бергенінен де хабардармыз. Тек оны не мектеп ұжымы, не әлімжеттік жасаушылардың өздері дер кезінде жаба қоятын. Ал, жастардың өліміне біреулер мектеп ұжымын, біреулер тәртіп сақшыларын, енді біреулер ата-ананың өзін кінәлі санайды. Қалай болғанда да, қайғылы оқиғаның алдын ала алмаған үш тараптың үшеуі де күнәдан таза емес.

«Егер мектеп ұжымы балаларға бақылау жасап, үлкендердің ақша жинауына тыйым салса мұндай жағдай болмас еді»,- дегенді қаралы ата-ананың бәрі айтады. Дұрыс шығар. Шынында да ұстаздың міндетіне баланы оқыту ғана емес, тәрбиелі азамат етіп шығару да кірмей ме? Осыны айтсаң, шарасыз ұстаздар өз жұмыстарына күмәнмен қарағандарға не деп ақталарын білмей әлекке түседі. Олардың мұндай бейшара халге түсуін «мектеп директоры орнынан кетіп қалмау үшін жанталасып отыр»,- деп түсінеді кейбіреулер. Директор жерге қараса да, кешірім сұраса да жасөспірімдер өлімінен кейін орнын сақтап қалмайтыны белгілі. Орынбасарлардың да жұмыстан қуылуы мәселені түбегейлі шешеді дей алмаймыз. Неге? Өкініштісі сол, мынадай жағдайдан кейін ұстаздар балаға батып бірдеңе айта алады деу қиын. Бүгінгі мұғалімдер қатты сөз айтуға қауқарсыз. Қаттырақ сөйлеп қойса ертең отбасын асырап отырған жұмысынан, жарытымсыз айлығынан ажырап қалам ба деп қорқады. Менмен ата-ана ұстаздың қадірін әлдеқашан кетіріп тынған. Оның үстіне, бүгінде білім ордаларының бәрінде тек әйелдер қызмет етеді. Ер адамдардың мұғалім болғысы келмейді. 80-90 мың теңгеге байланып қай отағасының өз өмірін жоқшылықта өткізгісі келеді дейсіз. Ол шындық. Айбарлы азамат болмаған соң мектептегі ұлдардың тәрбиесін қалыпты ұстап отыру тіпті мүмкін емес. Қанша жерден ақылды, данышпан болса да әйел адам бәрібір ер балалардың көңіліндегісін таба алмайды. Олардың арасындағы мәселені шешуге де дәрменсіз. Әлімжеттіктің асқынуының бір тамыры осында.

Сосын қазір қай жерде болсын «бәленшекеңнің баласы» деп баланың «статусына» қарап әңгімелесу қалыптасқан. Мұғалімдердің өзі абайлап сөйлескен балалармен сыныптастарының қандай қарым-қатынаста болатыны белгілі емес пе? Осы тұрғыдан алғанда, мектепке ер мұғалімдерді жұмысқа тарту, жалпы ұстаздар беделін көтеруге қатысты шараларды ұйымдастыру кезек күттірмейді. Әрі директордың тәрбие жөніндегі орынбасары «барып кел, шауып келге» ғана жарайтын, кішігірім кештерді ұйымдастырушы ғана емес, тікелей балалардың тәртібімен айналысатын тәжірибелі адам болғаны жөн. Таңның атысынан кештің батысына дейін мектепте табаны тозатын тәрбие завучінің айлығы да көбеюі шарт. Әйтпесе, қазір барлық мектептерде бұл лауазымды тәжірибесі аз жастар атқарып жүр. Айлығы жұмысына сай болмаған соң ондай завучтікке кім құштар десіз?!

Балалар трагедиясында ата-ананың да кінәсі жоқ дей алмаймыз. Қалай болғанда да үлкендер баласының көңіл-күйін, мінезіндегі, іс-әрекетіндегі өзгерісті бірінші байқауы керек еді. «Ұстаздары жағдайды біле тұрып мән бермеген», «Мектеп инспекторы мен аймақтық инспектор жұмыс істесе мұндай жағдай болмас еді»,- деп өзін-өзі жұбататын ата-ананың сөзінде де шындық бар шығар. Дегенмен, бұл оны жауапкершіліктен босатпайды.

Бүгінгі ата-ананың кемшілігі – баланы ақылмен емес, ақшамен тәрбиелеуді дағдыға айналдырған. Баланы киіндірсе, керегін алып берсе, сұраған ақшасын тауып берсе болғаны, қалғаны ұстаздың міндетінде. Ата-ананың ұғымындағы тәрбие дегеніміз баласын ештеңеден кем қылмау. Ал тәлім беру екінші орында.

Ұрпағының үлкен азамат болғанын қалайтын әке-шешесі оның тәрбиесімен тікелей айналысып отырған мұғалімдерді үнемі төмен санайды. «Е, сол не оқытады дейсің»,- деп ата-анасы менсінбеген ұстазды бала қадір тұтсын ба? Баяғы «Еті сенікі, сүйегі менікі. Өз балаңдай тәрбиеле. Ұр, соқ, қолыңнан қақпаймын. Білімді етіп шығарсаң болды»,- деп мұғалімді пір тұтатын ата-ана жоқ қазір. Қайта бәрі заңшыл. Ұрмақ түгілі, ұстаздың ашумен айтқан «не деген мисыз едің»,- деген сөзі олардың шамына тиюі мүмкін. Ал тәртібі нашар баланы шапалақпен сабасына түсіру ұстаз үшін жұмысымен қоштасуға дейін алып баратынын талай тәжірибеден көріп жүрміз.

         Бүгінде шетелге иек артатындар көп. Ондайлар қит етсе «анау шетелде баланы еркін тәрбиелейді екен», «өзі қалаған пәндерді ғана оқытатын көрінеді»,- деп естігендерін желеу қылып, елдегі білім беру жүйесін іске алғысыз жасауға дайын. Ал өздері әспеттеп отырған «еркін тәрбиенің» кесірінен Америка Құрама штаттарының қаншалықты зардап шегіп отырғанын олар білмейді. Бұл елде жылына 375 миллион доллар мектеп жасындағы балаларға жыныстық қатыныс мәдениетін, жүктіліктен, жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдарын үйрету үшін өткізілетін түсіндіру жұмыстарына кетеді екен. Өйткені, соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы жүктілік саны күрт өскен.

Сол еркін елде 9-11 сынып оқушыларының 38 пайызы нашаға жақын болып шықты. Көрші Ресейге де өзеусіреп, еліктеудің жөні жоқ. Мұндағы жоғары сынып оқушыларының бақандай 30 пайызы есірткі заттарының дәмін көрген. Және бір қорқыныштысы осы 30 пайызды құрап отырған балалардың басым бөлігі нашамен 14 жасында «танысқан». Ондағы төбелесті, қатігездікті айтпай-ақ қояйық. Ендеше, көзбен көрмеген «жұмақты» аңсаудың не жөні бар?

         Кейбір ата-ана баласына дұрыс сөйлемеген, көңіліне жақпаған ұстаздарды арызданып жүріп жұмыстан шығартуға, ең болмағанда баласынан иілтіп кешірім сұратуға әуес. Ал көпшіліктің көзінше кеше ғана өзі жөнге салмақ болған шәкіртінен кешірім сұраған ұстазда не бедел болады. Оның сөзін енді басқалар елей ме, ол ата-ананы ойлантқан емес.

Ішкі істер министрлігі тарапынан жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықты жою үшін барлық шаралар жасалып жатыр. Олардың бастамасымен мектеп инспекторлары тәжірибеге енгізілді. Дегенмен, әр мектепке бір инпектордан тағайындауға әлі де қаржылық мүмкіндіктің жоқтығын айта кеткен жөн. Кінәраттың шығуына да себеп осы. Егер мектеп инспекторы тек бір білім ордасының оқушыларын бақылауға алып, тәртібіне назар аударатын болса қылмыстың алдын алуға мүмкіндігі көбірек болар еді. Ал қазір бір инспектор 4-5 мектепке бекітілген. Жұмысты қағазбастылыққа қарап бағалайтын қоғамда инпектордың күнделікті өзіне бөлінген мектептерді арлап, қағаз толтыруына ғана барлық уақытынын кететінін түсінесің осындайды.

Министрлік тарапынан ұсынылатын жаңа идеялардың қолдау тапқандары сирек. Айталық бір жылдары мектепке кірерде оқушылардың қалтасын, сөмкесін тексеріп кіргізу туралы бастама көтерілді. Ол еріккеннен айтылған әңгіме емес. Жамбыл, Шымкент қалаларындағы мектептерде балалар аулаға шыға салып бірін-бірі пышақтап, суық қарудың көмегімен «мәселелерін» шешуі жиілеген соң жасалған шара. Алайда, «Бұл балалардың құқын қорлау!»- деп жалпақ жұртқа жар салған оппозиция өкілдері мен ата-аналар бастаманы орта жолда қалдырды. «Сағат түнгі он бірден кейін жасөспірімдерге жалғыз жүруге болмайды», – деген ескерту де сол жастар арасындағы қылмысты азайту мақсатында жасалған. Осы ұсыныс ортаға тасталғанда да сын айтушылар аз болған жоқ. Сүйенетіндері – баяғы батыс, еліктейтіндері – шетелдің жастары.

Түнгі клубтарда күзетші болып қызмет етіп жүргендер келушілерді қарусыздандырып қана ішке кіргізеді. Олар үстел үстінде тау болып үйіліп қалатын қару-жарақ, пышақ, газды баллонның көптігін айтып таңданады. Ал сол көп қарудың ортасында жасөспірімдердің де жүретінін несіне жасырамыз. Баласын қараусыз жібергені үшін ата-ананы жауапкершілікке тарту мұндайда оңайға соқпайды.

Қарапайым ғана мысал. Он сегіз жасқа толмаған балаларға шылым, алкогольді өнімдер сатылмайтыны тасқа таңба салғандай жазылған. Соны ата-аналар орындай алып отыр ма? Жоқ, әрине. Еріне ме, «әкеле салшы, ешкім байқай қоймас» деп ұл-қызының арқасынан бір қағып араққа жұмсайды. Ал өсітп жүріп жаман әдетке бүйрегі бұрған баласына құқық қорғаушыларды кінәлі ететіні тағы бар.

Бұл жерде тәртіп сақшыларын ақтап отырғамыз жоқ. Дер кезінде қадағалау жасап, «қиын балаларды» нысанасына алмаған оларда да кемшілік бар. Жергілікті инспекторлардың жұмысы жүйелі болса қылмыс та, жас өмірін абақтыда өткізетін балалар да азаяды. Тек, соған ынта жоқ.

Бүгін көз жұмған жасөспірімнің трагедиясы әрі кетсе бір ай сөз болады. Кінәлілер жазасын алады. Бірақ, одан жас баланың қайта тірілмесі тағы анық. Мұндай жағдайдың қалыптасуы бала тәрбиесінде олқылықтың бар екенінің бетін ашты. Бала тәрбиесіне жауапты ата-ана, ұстаз, тәртіп сақшысының арасында байланыс жоқ. Кемшілік осы. Тағы бір ағаттығымыз, біз бір қателік арқылы басқаларды тәрбиелеуге шорқақпыз.

Перизат Омарова

оқытушы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.