25-05-18 |
3000 рет қаралған
Баланың мүддесі қашан ескеріледі?.
Баланың мүддесі қашан ескеріледі?

Біз бала пікірімен, балалардың ойымен санасудан алшақ тұрамыз. Оған не керек, не ұнайды деген сауалдарға бас қатыратын ата-ана сирек. Тіпті, қандай мектепте оқып, қандай үйірмеге баратынына дейін өзіміз шешіп, ойыншықты да баланың қызығушылығын ескертпестен өзіміз алып жатамыз. Ал, өзі қаламаған мектепте баланың ынталып оқымайтыны, көңілі сүймеген үйірмеден жақсы нәтижеге жетпейтіні ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Мысалы, шетелдерде баланың қандай ойыншықты ұнататынына, қандай ойын ойнайтынына қарап бағыт-бағдарын анықтайды. Ойыншықтың сапасы мүлде бөлек әңгіме.

Арнайы мамандардың мәліметіне қарағанда, біздің еліміздегі, сонымен бірге Ресейдегі, Украина, Беларусь, Армения, Қырғызстандағы әрбір үшінші ойыншықтың құрамында токсинді заттар бар. «Экокелісім» орталығы және органикалық ластаушы заттарды леквидациялау халықаралық жүйесінің өкілдері зерттеу жүргізу барысында Мәскеуден, Сочи, Ереван, Минск, Бішкек, Алматы, Бішкектен 59 ойыншық сатып алған. Сапасын тексерген кезде бұл ойыншықтардың 30 пайызға жуығында токсинді металлдар  өте жоғары болған. Ал 70 пайызында зиянды заттар рұқсат етілген мөлшерден көп екені анықталған. Мұндай зиянды заттардың балалар ағзасында рак аурын тудыру мүмкіндігі зор екенін, репродуктивтік қызметін бұзатынын, иммундық және жүйке жүйесін зақымдайтынын әлі де ескермейміз. Білген күннің өзінде ондай жағдайдың өзіміздің баламыздың басында болатынына сенгіміз келмейтіндей.

Кеңес кезінде бүкілодақтық зерттеу институтында ойыншықтарды арнайы тексеруден өткізетін болған, оның нешетүрлі талаптарына жауап беретін параметрлері белгіленген. Ал, бүгінгі жағдай бұл салада «ай дейтін әже, қой дейтін қожа» жоғын аңғартады.

Бүгінде кез келген балада орташа есеппен 50-60, тіпті одан да көп ойыншық бар.  Бірақ, психологтар баланың қалыпты дамып-өсуі үшін бар болғаны 9 ойыншық болса да жеткілікті дейді. Егер баланың ойыншығы 9-дан көп болса, онда балаға таңдау жасау оңай болмайды, нәтижесінде көп ойыншығы бар балалар бір орында отырып ойнай алмайтын, мектепке барған кезде ақпаратты сіңіруде  қиналатын болатын көрінеді. Мәселе мұнда емес, мәселе сол ойыншықтың сапасында.

Жалпы алғанда балалар тауарлары сауда жүйесінде ең өтімді тауарлар қатарында. Балалар тауарларының әлемдік нарықтағы айналымы 500 миллиард американ долларын құрайды. Сонымен бірге бұл саланың жыл сайынғы өсу ырғағы 5 пайызды көрсетеді, кез келген экономикалық маңызға ие сектор мұндай көрсеткішпен мақтана алмасы анық. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі өсе береді деген болжам бар. Өйткені, кеңес кезімен салыстырғанда біз балаларымызға анағұрлым көп ақша жұмсайтын болдық. 2-3 баласы бар отбасында әр бала үшін қаншама балалар тамағы, киімдер мен памперстер, ойыншықтар алынатынын есептей беріңіз. Біздің елімізде де балалар тауарлары көлемі 1,6 млн долларды көрсетеді. Жалпы алғанда балалар тауарларының жартысы ғана заңды түрде тасымалданып, енгізілетінін ескерсек, айналым көлемі бұдан да жоғары екенін шамалауға болады. Ал, бағасы арзан емес. Өкініштісі сол, балалар тауарларының 80 пайызы Қытайдан әкелінеді. Олардың базарларда сатылатыны және сапасын ешкімнің тексермейтіні тағы шындық. Тек 20 пайызы ғана ресми дистрибьютерлер, фирмалық. Контрафакт бұл саланың негізгі мәселесі. Дәл бүгінгі таңда осы сапасыз ойыншықтарды анықтауда, олардың таралуына тосқауыл қоюда ешқандай үндеу-акциялар мәселені шеше алмайды. Бұған нақты шаралар қажет, ойыншық нарығын жоғары деңгейде дамытуға бағытталған мемлекет көмегі қажет. Оның ішінде бала денсаулығын, баланың ертеңін ойласақ, ойыншықтың сапасына көбірек талап қойғанымыз дұрыс.

Мөлдір Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.