arasha.kz

Сайлау қарсаңында билік интернетті бақылауға күш сала ма?

Қазақстанның бірнеше қаласында, атап айтқанда Астана, Алматы қалаларында кейбір әлеуметтік желіге кіру қиындағаны туралы ақпарат тарады. Ал орталық коммуникация қызметінде «Кибер-қауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуына қатысы баспасөз мәслихаты өтті.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов «Кибер-қауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуының сайлауға ешқандай қатысы жоқ, жаттығу бұрын жоспарланғаны, 2017 жылдан бері өтіп келе жатқанын айтты. Алайда, сұрақ қойған журналисттердің көбінің сауалдарына нақты жауап берілмеді. Бәрін алаңдатқан сауал ол – әлеуметтік желілердің жұмыс істемей қалуы.

Руслан Әбдіхалықовтың айтуынша, өтіп жатқан «Кибер-қауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуы аясында қауіпсіздік сертификаты тағы да тексерістен өткізілген. Тап осы қауіпсіздік сертификаты қоғам тарапынан алаңдаушылық туғызып отыр.

Қазақстандағы байланыс операторлары да қауіпсіздік сертификатын орнату бойынша нұсқаулықтар жариялады.

Мәлесен, бірнеше қалада әлеуметтік желілердің жұмыс істемеуін желі қолданушылары осы сертификат және оқу-жаттығумен байланыстырады.

Министрлік таратқан ақпаратта: «Киберқауіпсіздік оқу-жаттығуларын өткізу кезеңінде кейбір шетелдік интернет-ресурстарға қол жеткізуде түрлі проблемалар туындауы мүмкін. Оны қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы жоюға болады» делінген.

Азаттыққа берген пікірінде Internet Freedom Kazakhstan жобасының құқық қорғаушысы Елжан Қабышев: «MITM (man in the middle), яғни ортадағы адам бар. Сертификатты өз құрылғыңызға орнатсаңыз, бүкіл трафик әуелі осы сертификат арқылы өтіп, содан кейін ғана сіз іздеген сайтқа беріледі. Яғни, сертификат құпиясөздер мен интернет ресурстарға кіру тарихын қадағалай алады. Жеке хат-хабарды да оқиды. Осының бәрі интернетке қосылатын құрылғыңызға сертификат орнатқаннан болады. MITM – ортадағы адам – осы сертификат арқылы деректерді алып отырады», – дейді.

Аталған оқу-жаттығу неге дәл сайлау қарсаңында ұйымдастырылып жатқанын да баспасөз мәслихатына қатысушылар басын ашып түсіндіре алмады.

Қауіпсіздік сертификатын орнату мәселесі 2019 жылы да көтеріліп, қоғамның қарсылығына тап болып, кейін оны іске асыру шегерілген еді. Алайда парламент сайлауы қарсаңында бұл мәселе тағы да көтеріліп отыр.

Exit mobile version