Моңғолия астанасы Улаанбатаар қаласының орталық алаңында ел билігіне қарсы бүкілхалықтық бейбіт митинг өтіп жатыр, деп халықаралық журналист Қуандық Шамахай өзінің facebook парақшасында жазады
«Жиналғандар мұны 1990 жылдан кейінгі жасалып жатқан екінші демократиялық революция деп атап жатыр. Олар биліктегі барлық лауазымдылардың қызметтерінен кетулерін талап етіп отыр. Басты мақсаты – елдің табиғи байлығынан түсетін табысты халық игілігіне әділ ашық түрде жұмсау, талан-таражыға жол бермеу, заңсыз бизнеске тоқауыл қою, жемқорларға әділ жаза жүктеу, шет инвесторларының жасасқан келісім-шарттарын қайта қарау, әділетсіз жолмен парамен былыққан инвесторларды елден шығару, заң алдында барлық азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету, жемқорлыққа белшесінен батқан билеуші партияны тарату т.с.с.
Оқиғаны Моңғолияның оншақты телеарнасы мен интернет жүйесі тікелей эфир арқылы халыққа ақпарат ретінде тарату үстінде.
Баяндама жасағандар заңсыз жолмен байыған олигарх-чиновниктерді жауапқа тартуды талап етіп жатыр. Олар «біз күткен демократия бұл емес, әділдік үшін қайта оянайық» десіп «Уухай» деген ұранмен партияға бөлінбей жаппай ынтымақтасып, бүкілхалық болып әділдік үшін күресуді мақсат етуде» деп жазады журналист.