Қырғызстан парламенті – Жогорку Кеңеш – мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша бірқатар заң жобасын мақұлдады, — деп хабарлайды Азаттық радиосы. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде судьялар мен прокурорларға, сондай-ақ парламент депутаттарына мемлекеттік қырғыз тілін білу міндетті болмақ.
Жаңа заңға сай, Қырғызстандағы теле- және радиоэфирдегі қырғыз тіліндегі контенттің үлесі 60 пайыздан кем болмауы шарт. Елді мекен атаулары қырғыз тілінде жазылуы керек, ал жарнамада қырғызша мәтіннің қаріп өлшемі орыс тіліндегі мәтінге қарағанда ірі болуға тиіс. Мектептерде мемлекеттік тілден міндетті емтихан тапсыру да заң жүзінде бекітілді.
Жогорку Кеңеш депутаттары бұл өзгерістерді мемлекеттік тілді қорғау қажеттігімен түсіндірді.
Егер біз қырғыз тіліне немқұрайлы қарай берсек, онда алдағы жылдары ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін, – деген парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулуның сөзін AFP агенттігі өз хабарында келтірген.
Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл мәртебеге ие. Ел халқының басым бөлігі орысша біледі. Орыс тілі күнделікті тұрмыста, сондай-ақ бизнесте қолданылады.
фото: kenesh.kg
Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы бірқатар елде тіл туралы заңнамаға ұлттық тілдің мәртебесін нығайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді.