27-01-25 |
1290 рет қаралған
«Чао, Қазақстан!» Италияндар тілін қалай сақтап отыр?.
«Чао, Қазақстан!» Италияндар тілін қалай сақтап отыр?

Италия мен Швейцария сапары сәтті өтті. Италияда 60 млн халық тұрады, өмір сүру деңгейі жоғары. Содан болар, орташа есеппен әйелдер 83 жыл, ерлер 78 жыл өмір сүреді. Ал көршілес Швейцарияда 9 млн халық тұрады. Қос мемлекет те туристердің сүйікті мекені. Туризмнен түсетін пайда қыруар. Италия халқы бірыңғай италиян тілінде сөйлейді, ал Швейцария құрама ел болғасын төрт тілде сөйлейді. Атап айтсақ, неміс, италиян, француз және ретороман тілдері. Біз барған Швейцарияның Лугано қаласында негізінен италиялықтар тұрады екен, содан болар ары-бері өткен адамдардың италиянша сөйлеп бара жатқанын байқайсыз.

Қазақстанда базар мен тойхана көп,

Италияда мұражай мен кітапхана көп…

Еуропа сапарынан кейін нені ойға түйгенімізден бастайық. Дамыған ел бәрібір дамыған ел боп қалады. Мәселен, дамушы елдерді алайық. Көшеге шықсаңыз, нені байқайсыз? Әрине еліміздің қай қаласы болмасын бізде базар, киім-кешек, азық-түлік дүкендері мен кафе, мейрамхана, зәулім сарайдай тойханалар мен дәріханалар көп. Бұны шетелдік туристер де байқайды. Ал Еуропада әрине тарихи орындар, мұражайлар, университеттер, кітапханалар, туристерге арналған қонақүйлер көп. Азық-түлік дүкенін google-map-қа салып, әрең табасың.

Шыны керек, тарихи не заманауи мұражайларды қолдан да жасауға болады ғой. Мәселен, кезінде Лондонда Мода мен киім-кешек тарихына арналған мұражайды көріп таң қалдық. Ал Шерлок Холмс мұражайы ше, ал Мадам Тюссо? Тіпті Миланда Иллюзия мұражайы бар екен, көзге көрінген бір нүкте мүлдем басқа көрініс береді. Түркияда Галактика мұражайы бар. Сол Түркияда 90-шы жылдары коррупциямен күрескен бір журналистті машинасымен бірге жарып жіберіпті. Түріктер өртенген машинаны шыныға салып, Сөз бостандығы мен адал журналистке арналған мемориалдық кешен тұрғызып қойған. Ал кешенге журналисттің мақаласынан үзінділер келтірген. Міне, тарихты бағалау деген осы… Ал бізде қайбір жылы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі саналған ескі там сүрілді ғой. Әкімдік оны қиратуға да, жаңадан үй салуға да пәленбай миллион бөліпті… Сол Байтұрсыновтарды “халық жауы” деп атқызған Сталиннің үйі Грузияның Гори қаласында дін аман тұр. Туристер жиі барады. Кезінде біз де барып-көрдік. Сол Байтұрсыновтың үйіндей қуықтай там ғой… Бірақ грузиндер қанша жауыз болса да, 100 жылдық тарихы бар ғой деп Сталиннің үйін туристер үшін ашып қойған…  

Теміржол компаниялары жолаушының қамын ойлайды

Дамыған елдің бір көрсеткіші – транспорт торабының дамығаны. Мәселен, Италияда жолаушы таситын мемлекеттік, жекеменшік компаниялар бар. TrentItalia – мемлекеттік жолаушы тасымалдайтын теміржол компаниясы, бұдан бөлек Italo Treno жекеменшік теміржол компаниясы ұлттық оператормен бәсекелесіп, жүрдек пойыздармен жолаушы тасиды. Жүрдек пойыздар сағатына 300 км жылдамдықпен ұшады. Әрине, соның арқасында Италия түгілі көршілес Швейцария, Францияға дейін тікелей не бірнеше пойызды ауыстырып жетіп алуға болады.

Халықаралық жолаушы тасымалын былай қойғанда, Италияның өз ішінде теміржол қатынасы қатты дамыған. Миланнан Римге, Венецияға не Флоренцияға қалтаңызға қарай билет аласыз. Жүрдек пойыздар қымбат, баяу жүретіні әлдеқайда арзан. Пойыздардың іші тап-таза. Мәселен, теріс қарап отыратын орында жүрегіңіз көтеріліп, басыңыз айналмайды. Әр пойызда тегін вай-фай бар. Пойыздың ішінде ноутбугын алып жұмыс істеп отырғандар баршылық. Ноутбук, телефон қуаттағыштар да жетерлік. Сондай-ақ, Италияда Швейцарияның да пойыздары жүреді. Біз де Швейцарияның атақты пойыздарына мінгіміз келген еді, бірақ бағасы тым қымбат көрінді. Бәсекелестік қатты дамыған. Соның арқасында ешкім саған ҚТЖ сияқты “пойызға мінсең мін, мінбесең мінбе, басымды қатырма” деп тұрғандай көрінбейді… Қызмет көрсету сапасының жоғарылығы осы бәсекелестікке байланысты сияқты.

Мәселен, жекеменшік компаниялар өз жол тораптарын, қосымша рельстерді салған екен. Ал бізде тәуелсіздіктің 33 жылында сол баяғы Мәскеуге апаратын теміржол тораптары еш өзгермеген сияқты. Өз елімізде сапарлағымыз келеді. Астанада отырып Атырау, Маңғыстау жақты көргіміз келеді, бірақ пойызбен 2-3 күн жүретініміз еске түсіп қоя саламыз. Болмаса жер жәннаты – Жетісу, Түркістанға неге жүрдек пойыздар қоймасқа? Бәлкім, ұлттық компанияға бәсекелес жекеменшік компанияға мүмкіндік беру керек пе екен деп те қоямыз. Қаншалықты стратегиялық нысан дегенмен, теміржол саласына үлкен реформа керек. XXI ғасырда Еуропада, Қытай не Жапонияда Алматы мен Астананың арасындағы қашықтықты жүрдек пойыздар бірнеше сағатта еңсеріп жатыр, ал бізде бұрын бұл қашықтықта 12 сағат жүретін тальголар енді 18 сағатқа дейін жүретін болған…

Ресейлік туристердің мысы басылған

Миланда қыдырып жүріп байқағанымыз, ресейліктердің мысы басылыпты. Бұған не себеп дейсіз бе? Украинадағы соғыстан кейін дамыған елдер санкциялар пакетін қолға алды. Ресейге жасалып жатқан экономикалық, сауда-саттық санкцияларынан бөлек шетелде ресейліктерге қызмет көрсетпеу, игнор жасау сияқты нәрселер де бар екен. Мәселен, Миландағы атақты брендтер орналасқан көшеде жүргенімізде бутикке ресейліктер орысша сөйлеп кірсе, сатушылар алдарынан алып ұшпайды екен, көңіл де бөлмейді. Керісінше, Қазақстаннан келген бізді бәрі “Қош келдіңіздер” деп жылы шыраймен қарсы алды, ештеңе алмасаң да, тіпті, мейрамхананың мәзірін көріп шығып кетсең де, қонақүйден асығыс шығып бара жатсаң да, италиянша “Чао, белла, грасиа” деп қояды. Әрине, соғысқұмар елді кім жақсы көрсін?! Оның жанында бейбітсүйгіш елдердің абыройы бүтін ғой.   

Кезінде Ресейде болған оқиға есімізге еріксіз түсті. Ресейге іссапармен барғанбыз, жанымызда Орынбордың қазағы жүрді, автобуста қазақша сөйлесіп тұрсақ, орыстың кемпірлері алакөздерімен тесіп барады. Содан ресейлік қазақ ыңғайсызданып “мүмкін орысша сөйлейміз” дейді ғой. Бұл соғысқа, артынша санкциялар мен жоқшылыққа осы әсіре ұлтшылдық жеткізді ғой, шындап келгенде… Қазір Миланда сүйікті брендін сатып ала алмаған әйелдер “біз ресейліктерге қызмет көрсетпейміз” деп алалады ғой” деп шулап жатыр. Кезінде аз ұлттарға жасаған қысымын бұларға енді өркениетті елдер еселеп қайтарып жатыр. Құдай әділ ғой, жасаған жамандығыңды өз басыңа келтірмейінше дүниеден оздырмайды-ау… Дискриминацияның не екенін білгендер бұдан былай ондайға бармайды деп үміттенеміз… 

Италиялықтар тарихты сүйетін халық

Милан көшелерімен жүргенде, сары трамвайлар көзімізге оттай басылды. Кезінде Алматыда да осындай тарихи, қалаға сән беріп тұратын нағыз экокөлік – трамвайлар жүретін. Өкінішке қарай, өте күлкілі себеппен алып тастады. Шойын жолды асфальттің астына тықты, вагондарын Павлодар жаққа жіберді-ау… Алматыда трамвай желісін сақтап қалу керек еді. Амал қанша, тарихты бағаламаймыз ғой… Мәселен, Миландағы алғашқы трамвай 1901 жылы пайда болса, Алматыдағы трамвай 1937 жылдан бастап жүре бастаған. Бірақ 2016 жылдары Байбектің шешімімен трамвай желісі тоқтады. Шыны керек, Алматының сары трамвайларын сағынады екенсің… Тарихты бағалайық. Еуропадай көне, ескі ғимараттардың тарихи келбетін бұзбайық.

«Италиянша сөйлеңіз»!

Италияда бір байқағанымыз, жергілікті халық ағылшынша сөйлеген адамға италиянша жауап береді екен. Ең қызығы, «италиянша сөйлеңіз» десе, ешкім оған ұлтшылсың деп айдар тақпай, керісінше, «турист едім, италиянша аз ғана білем» деп ақталуға тырысады екен. Италияндар өз тілін сүйетін ұлт. Әлемде таралуы бойынша италиян тілі 22 орында (Ethnologue зерттеуі).

Италиян тілінің тарихы да қызық. Орта ғасырларда ортақ әдеби италиян тілі болмаған. Ренессанс дәуірінен бастап Флоренцияның диалектісі көбірек қолданылған. Себебі бұл диалектіде Данте, Петрарка мен Боккаччо жазған. Қазіргі қазақ тілінің басынан өтіп жатқан жағдайды италиян тілі ренессанс кезеңінде өткізген. Білімді адамдар мен билік өкілдері өз тілін менсінбей, тым «қарабайыр», «қара халықтың тілі» деп санаған. Бірақ XVIII-XIX ғасырға қарай ғана ортақ италиян тілін қалыптаса бастады. Яғни, бір-бірін түсіне бермейтін Италияның солтүстігінің адамдары оңтүстіктің диалектісін де түсіне бастайтындай ортақ тіл біртіндеп орныққан. Бұған музыка, кино саласының дамуы да айтарлықтай әсер еткен.      

     

Ал бізде, өкінішке қарай, «аз ұлтпыз» деген комплекс бар және өз елімізде мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейде қолдау, талап ету кемшін. Түптеп келгенде, қазақ – аз ұлт емес! Әлемде 200-ге жуық мемлекет болса, халық саны бойынша Қазақстан 62 орында! Ең өкініштісі, тіліміз соған сәйкес қолданылу жағынан да 62 орында емес… Мәселен, әлемде тілінің қолданылуы жағынан саны 20-21 миллионға жеткен ұлттар 64, 65-ші орындарда. Ethnology орталығының зерттеулеріне сүйенсек, қазіргі таңда қазақ тілі таралуы бойынша 79 орында тұр. Олар қазақ тілін шамамен 15-16 млн адам қолданады деп береді. Болмаса Қазақстанның өзінде 20 млн халықтың 15 миллионы – қазақ, сыртта, атап айтсақ, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Еуропа елдері, Америкада тұратын қазақтардың жалпы саны шамамен 5-7 млн адам. Жалпы, әлемде 20 млн-нан ассақ, тіліміз де кемі 60-65 орындарда болуы тиіс емес пе? Кейбір зерттеулер қазақ тілін 70-80 орындарға қояды. Жалпы әлемдегі 100 үздік тілге кіргеніміздің өзі үлкен меже, десе де тілді мемлекеттік, халықаралық деңгейде дамыта беру керек.  

“Аз ұлтпыз” деген комплекс футболдың еурододасына қатысқан 3 млн грузинде бар ма, әлде мұнайдан түскен қаржыны болашақ ұрпаққа жинап, ұлттық қоры триллион доллардан асқан 6 млн норвегте бар ма? Мемлекеттік тіл, ұлттық дәстүрді дүрілдетіп отырған 10 млн Әзірбайжан елінде бар ма бұл комплекс? Еліміздің демографиясы дами береді. Сөздің де сиқыры бар ғой. Керісінше, “Біз көппіз, көбейе береміз” деп өзгелерге сұсымызды көрсетуіміз керек шығар. Бәлкім, біздің билік те әлемде 140-180 млн адам сөйлейтін орыс тілін қорғап, «Халықаралық орыс тілін қорғау» ұйымын құрып, оған миллиондап қаржы бөлгенше, шын мәнінде қаупі бар аймақта тұрған қазақ тілін қорғап, халықаралық ұйым құрса жөн бе екен?

Кәмшат ТАСБОЛАТ,

Милан-Лугано-Флоренция-Лаятико-Милан-Алматы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.