arasha.kz

Цифрландырудың мақсаты – адам өмірін жеңілдету

Мемлекет тарапынан қабылданып, үлкен мән беріліп отырған бағдарламалардың бірі – «Цифрлы Қазақстан». Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технология мен ақпараттандыру ғасырында цифрландыру бағдарламасы уақыт талабынан туындап отырған дүние. Цифрландыру біздің өмірімізге дендеп еніп жатыр. Оны күнделікті өмірде пайдаланамыз. Әлем дамуының жаңа белесі болып отырған цифрландырудан шет қалу мүмкін емес. Егер әр мемлекет өз даму бағытына сәйкес, өзіне лайықты цифрландыру бағдарламасын қабылдап, жүзеге асырмаса, онда ол ел цифрлық тұтынушы, өзгелердің цифрландыру әлеміне кіріптар елге айналады. Міне, сондықтан да «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қабылдануы әрі жедел бағыттарын жүзеге асыруға жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілуі – мемлекеттік маңызы бар іс екенінің дәлелі.

Рас, Қазақстан секілді дамушы елдер цифрлық технологиясы дамыған өркениетті елдердің тәжірбиесі мен кеңесіне сүйенбей, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың қыр-сырын, мың қатпарлы сиқырын меңгеру қиын. Сондықтан да биыл ақпан айында халықаралық сарапшылар кеңесі құрылды. Бұл кеңесті құрудағы мақсат – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүргізуде ең әуелі жұмыстың сапалы болуын қамтамасыз ету және алға қойылған жоспарлы жұмысты нәтижелі орындау. Халықаралық сарапшылар құрамына цифрлы технология саласында атағы шыққан, кәнігі халықаралық мамандар кірген. Олар түрлі елдердегі цифрландыру бағдарламаларына атсалысып, өнімді жұмыс нәтижесін көрсеткен, білікті, білімді тұлғалар.

Халықаралық сарапшылар кеңесі құрылғанда кеңес отырысын тоқсан сайын өткізіп отыру туралы уағдаластық болған. Сол уағдаластықтың орайы, Астанада кезекті рет өтіп жатқан Астана экономикалық форумына тұспа-тұс келді. Сөйтіп, 18-мамырда Астана экономикалық форумы аясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жолындағы халықаралық сарапшылар кеңесінің екінші отырысы өтті.

Дөңгелек үстел түрінде өткен отырысқа вице-министр Асқар Жұмағалиев бастаған үкімет мүшелері, ұлттық компания өкілдері, үкіметтес емес ұйымдардың мүшелері қатысты. Әрине, Халықаралық сарапшылар кеңесі құрамындағы беделді сарапшылар да болды. Дөңгелек үстел барысында сарапшылар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бағытындағы ойларымен бөлісіп, білген кеңестерін айтысты. Мәселен, BCG компаниясының басқарушы директоры әрі компанияның серіктесі Александр Жоров «Цифландыруға сұраныс туатындай жағдай қалыптастыру керек» дей келіп «Міндетті түрде адам каптиалына инвестиция салу қажет. Өйткені мамандардың тәжірбие алмасуы өте маңызды іс» деді. Ал, INSEAD компаниясының атқарушы директоры, халықаралық сарапшылар кеңесінің мүшесі Бруно Ланвин болса «цифрландыру нарығындағы маңызды істердің бірі – жүйелендіру» дейді. Оның айтуынша, цифрлық нарықта жұмыс жүргізу үшін жүйелендіру процесін жасау аса маңызды. «Біз адамдарды өмір бойы үйренетін дүниелеріне үйретуге тиіспіз» дейді Бруно Ланвин. Расында да әлемде цифрландыру нарығы жылдам дамып келеді. Оған ілесу де масштабты әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Ондай жұмыс қарқыны үшін тәжірбиелі мамандардың болуы ауадай қажет. Демек, Александр Жоров айтқандай, адам капиталына инвестиция салу кезек күттірмес іс.

Халықаралық сарапшылар кеңесі құрамындағы мүшелер ішінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қызығушылар да бар екен. Мысалы, Emerging Markets Amazon Web Services компаниясының бас директоры Тони Ван Ден Берге «Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қатты қызығушылық танытып отырмыз. Цифрландыруда компьютерзацияның және онда мол деректер қорының сақталуын қамтитын кеңістіктің маңызы зор. Бұл ең алдымен деректерді қорғау және қауіпсіздік. Егер кибрқауіпсіздік болмаса, сенім болмайды. Электронды саудада салық саясаты өте маңызды» дей келіп, «киберқауіпсіздік жетілдіре отырып, Қазақстан Еуразиялық экононмикалық одағында көшбасшы елге айналуы мүмкін» екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында басқа сарапшылар цифрландыруға қатысты түрлі ойларын ортаға салды. Солардың бірі Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орта Азиядағы  бас экономисі Ханс Тиммер әртүрлі елдердегі цифрландыру істеріне тоқтала келіп, Қазақстан цифрландыру ісінде өз бағытын айқындап, сол жолда жүйелі іс жүргізуі керектігін сөз етті.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы халықаралық сарапшылар кеңесінің екінші отырысындағы сарапшылар кеңесі бағдарламаны іске асыруда қажетке жарап, жұмыстың жүйелі әрі жедел жүруіне ықпал етеді деген сенім бар.

Exit mobile version