arasha.kz

Әділет министрі сайлау туралы: Мұндай заң талабы бар екені есімде жоқ

Сайлау туралы заңда мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істемеген адамның президент сайлауына қатысуға құқығы жоқ. Бұл заң саяси реформа жүргізген кезде өзгере ме? Осы және өзге де сұрақтарға Әділет министрі Қанат Мусин жауап берді. Бір қызығы білдей министр 5 жыл  мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі талап етілетінін білмейтін болып шықты.

 – Мемлекет басшысы өз жолдауында саяси реформа жүргізетінін айтты ғой. Ал сайлау туралы заңда президент сайлауына қатысатын кандидат 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек деп жазылған. Алдағы саяси реформалар кезінде осы талап алынып тастала ма?

Өздеріңіз президенттің жолдауын естіген шығарсыңдар. Президент айтқан сөздердің ішінде мұндай тапсырмалар болған жоқ.

– Яғни кандидатты тіркейтін кездегі 5 жыл мемлекеттік қызметте істеу керек деген заң бабын алып тастамайсыздар…

Оны алып тастауға қандай негіздер бар?

– Мәселен, Америкада Трамп мемлекеттік қызметте бір күн істемей президенттік сайлауға қатысып, жеңіп шықты. Біздің елде неге сондай мүмкіндік жоқ?

Өйткені біздің елде Трамп жоқ. Қанағаттанасыз ба? (Журналистер күлді)

– Сіз жаңа Трамп жоқ деп айттыңыз ғой. Сонда президент Тоқаев Трамп секілді қауқарлы емес пе?

Сіздің провокационный сұрақтар қою міндетіңіз ба не? Әділет министрлігінде мұндай заң шығаруға қажеттілік жоқ. Болды.

– Украинада шоумен Зеленский, Беларусияда үй шаруасындағы Тихановская президент сайлауына қатысты. Қазақстанда қарапайым адам неге сайлауға қатыса алмайды? Бұл азаматтардың коституциялық құқығын бұзу емес пе?

– Кім сайлауға қатыса алмады? Бір адамның атын анықтап айта аласыз ба?  

– Сайлау туралы заңды нақты жазылған ғой. Мемлекеттік қызметте істемеген белсенді немесе бизнесмен неге президент сайлауына қатыса алмайды?

Мен мұндай заңның талабы бар екені есімде жоқ. Қайдан алып жатырсыз? Көрсетіңізші.

– Әділет министрі бола тұра президент сайлауына үміткер 5 жыл мемлекеттік қызметте істеу керек деген талапты білмейсіз бе?

Менің есімде жоқ. Қолыңызда заң болса көрсетіңізші.

– Қосанов сайлауға түсетін кезде, одан 5 жыл мемлекеттік қызметтегі өтілі сұралды. Әділет министрі бола тұра ең маңызды заңды білмегеніңіз ұят емес пе?

– Мені неге ұятқа салып отырсыз?

– Сіз бұрынғы мәжіліс депутатысыз ғой. Осы заңды өзіңіз қабылдаған шығарсыз…

Иә. Шынымды айтсам есімде жоқ.

– Сарапшылар 5 жылдық кедергіні тәуелсіз кандидаттар президенттік сайлауға өтіп кетпесін деп әдейлеп жасаған дейді. Тоқаев қазір «Жаңа Қазақстан» құрамыз, Екінші республика боламыз деп жатыр. Екінші республика құру үшін Ата заңды өзгерту керек көрінеді. Тоқаев келесі президент сайлауына қатысатын болған соң тәуелсіз кандидаттан қорқып, осы заңды өзгертпей қоя ма, жоқ әлде өзгерте ме?

– Мен сізге ондай болжамды қалай айтамын. Мемлекет басшысының жолдауында өзгерістер енгізу керек деген тапсырма берілген жоқ. Оны қай себеппен сұрап жатырсыз?

– Президент сайлауына қатысатын адамнан мемлекеттік қызметті талап ету орынды ма, орынсыз ба?

– Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Заңда жазылса орынды.

– Демократиялық есі дұрыс мемлекеттерде президент сайлауына қатысу үшін 5 жыл мемлекеттік қызметте істеу керек деген талап жоқ. Мәселен Укрианада шоумен, Беларусияда үй шаруасында отырған адам президент сайлауына түсеті. Біздің елде неге осы заң өзгермейді?

Соңғы ма, оның алдындағы президент сайлауына ма, әйтеуір 16-17 кандидат болды. Есіңізде бар ма?

– Тіпті 20-30 адамнан да асып кеткен…

– Жиырма, отыз болды. Соның ішінде бәрі мемлекеттік қызметшілер ғана болды ма? Үй шаруасында отырған адам да, ақын да үміткер болды. Оның көбісі қазақ тілі емтиханынан өткен жоқ. Өзгесі басқа талаптарға сай келмеген соң өткен жоқ. Заңда ондай талап бар ма? Мен қазір қарап көрейінші (Ұялы телефонын шұқылады.)

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Әділет министрі Қанат Мусин Сайлау туралы заңдағы өзгерісті білмейтін болып шықты. Адвокат Ерлан Мәкенов аталған кедергі Сайлау туралы заңның 54 бабында жазылғанын айтады. Сондай-ақ ол қарапайым адамдардың өзі білуі тиіс заңды министрдің білмегені ұят екенін ескертті. Ал заңда не деп жазылған?

Сайлау туралы заңның «54-бап. Республика Президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптар» деген бөлімінде «1. Президент болып сайлану үшін азамат Констиуцияның 41-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік  лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ Констиуцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Коституциялық заңға сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс» деп жазылған.

 

Серғали Асланбек, arasha

Exit mobile version