Бүгін ҚР Парламенті мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрі Ә.Смайылов пен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағынбековке «Ақ жолдың» депутаттық сауалын жолдады.
Біздің сауалымыз басқа еді, бірақ мен бүгін парламентте “Ақ жол” талай көтеріп жүрген дін жайлы маңызды тақырыпта сөйлесем деймін. Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастыруда. “Ақ жол” партиясы парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз. Тәуелсіз зайырлы мемлекет құру – Алаштықтар айқындаған жол! – деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды?!. Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалған.
Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!» – деп, ашық айттым. Сол күдігіміз кешегі ҚАҢТАР қасіретінде расқа айналды. Ал 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болды да, біз “Қазақ үні” газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік – дейді Қазыбек Иса.
Бірақ соның өзінде сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмаған.
Сол кездерде сол заңдар қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына айналған небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді… Кезінде академик Рахманқұл Бердібай “Қазақ үні” газетінде жазғандай, “Хазария қасіретін” ұмытпайық! Біздің ел бұдан сабақ ала ма, жоқ па? Тағы кімнің көңіліне қарап, кімнің батасын күтіп отырмыз?! – деді депутат.
”Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер! – деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен.
Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?!. Жоқ! Қазіргі шет елге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келіп, желіде желпініп дәріс оқитын теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр – дейді Қазыбек Иса.
Оның сөзінше, өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдағылар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты.
Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс! Ел үшін ең қымбат Ұлтқа, адам үшін ең аяулы – Әке-Шешеге, Қазаққа ең адал Домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер қауіпті вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті! Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет! Бұдан кейін кеш болады! – дейді депутат.
Arasha.kz
ФОТО: akzhol.kz
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024