arasha.kz

Ерлі-зайыптылар арасындағы ортақ мүлік қалай бөлінеді?

Сот өндірісіндегі істердің басым бөлігін бүгінде неке бұзу арыздары құрайды. Расында соңғы жылдары ажырасу өте көп. Ал сол ажырасудың арты ерлі-зайыптылар арасындағы ортақ мүлікті бөлу туралы дауларды туғызуда. Некені бұзғанда айтарлықтай реакция танытпаған жұптардың мүлікті бөлудегі белсенділігі жоғары. Дегенмен, бұл жерде некені бұзу ғана емес, мүлікті бөлудің де заңмен реттелетінін ескерген абзал.

«Дүние – қолдың кірі» дегенімізбен, отбасылық кезеңде жинаған әрбір мүліктің ерлі-зайыптылар үшін орны бөлек. Кейбіреулер осы материалдық құндылықтың соңында жүріп отбасындағы жылылықты азайтып алғанын кеш түсініп жатады. Осылайша бір-бірімен тіл табыса алмай, жат адамға айналғандарға мүлікке қатысты ортақ келісімге келудің оңай болмайтыны түсінікті. Мұның соңы екеуара дауды сот көмегімен шешуге ұласады. Әрине, ерлі-зайыптылар арасында неке шарты жасалса, мүлікті бөлу анағұрлым жеңіл. Неке шарты отбасын құрмай тұрып, отбасылық кезеңде де жасалады. Алайда, өркениетті елдерде болмаса, Қазақстанда неке шартын жасау тәртібі әлі қалыптаса қойған жоқ.

Неке шарты болмаған соң ортақ мүлікті бөлу сот тәртібімен реттеледі. Елімізде 2012 жылдан ері қолданылып келе жатқан «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде мүлікке иелік етуге қатысты талаптар толық көрсетілген. Осы құжатта дәйектелгендей, некеде тұрған уақытта ерлі-зайыптылар жинаған мүліктер ортақ меншік деп танылады. Бұл жерде мынаны ескеру керек. Мәселен, ерлі-зайыптылардың некені заңды түрде рәсімдемей тұрып алған мүліктері бөлуге жатпайды. Сондай-ақ, некеде тұрғанның өзінде, ерлі-зайыптының біріне жақындарынан мұрагерлікке қалған мүлік те бөліске түспейді. Бұған қоса, некеде тұрған кезде жұптардың жеке пайдалану үшін алған қажетті заттары да ортақ мүлік санатына кірмейді.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Камшат Мелісқызының айтуынша, отбасылық кезеңде алынған мүлікті туыстарының атына жаздыру практикасы жиі кездеседі. Себебі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер мемлекеттен жеңілдікпен үй алу үшін басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Өзіне игілік жасаймын дегендер осылайша барынан ажырап қалауы әбден мүмкін. Өйткені ажырасқан кезде тараптарға бұл мүлікте өзінің үлесі барын дәлелдеу қиын.

Судьяның айтуынша, мүлікті бөлуде нақты дәйектер мен дәлелдер назарға алынады. Айталық, Алматы тұрғыны бұрынғы зайыбының ата-анасынан мұрагерлікке қалған үйден үлесін даулаған. «Неке және отбасы» туралы кодексін алға тартып, бұл талапты қанағаттандырудан бас тартуға болар ма еді. Қалай десек те кодексте ерлi-зайыптылардың қайсысының атына сатып алғанына немесе ерлi-зайыптылардың қайсысының ақша салғанына қарамастан, некеде тұрған кезде жинаған кез келген мүлiк ортақ меншiк болып табылады. Азаматтық кодектің 223-бабына сәйкес ерлi-зайыптылардың отбасылық кезеңде алған бұл мүлкі бөлуге жатады. Бірақ, жоғарыдағы талапкердің арыздануына негіз де жоқ емес. Құжаттарда көрсетілгендей, үй әйелге әкесінен мұрагерлікке берілгенімен, оны жөндеуде ер-азаматтың үлесі үлкен. Себебі бала тәрбиесімен отырып, жұмыс істемеген әйел үйді әрлеуге, жөндеуге араласпаған. Ал ер-азамат үй мұрагерлікке берілген кез бен қазіргі кездегі айырмашылықты нақты дәйектермен сотқа ұсынды. Онда іргетасы мүжіліп, қабырғалары түсіп, шатыры ескірген үйдің орнында екі қабатты, жаңа үлгіде салынған, еңселі үй тұрды. Сонымен қатар, азамат осы жөндеуді жасаған құрылыс компаниясына қанша ақша жұмсалғанын шот-фактураларымен дәлелдеп берді. Сондықтан, сот мұрагерлікке берілген үйден ер-азаматтың үлесін беруді әйелге міндеттеп, шешім шығарды.

Жалпы, сот ортақ мүлікті бөлу кезінде нақты фактілерге, құажттарға арқа сүйейді. Сонымен қатар, отбасылық дауларды, мүлікке қатысты келіспеушіліктерді таразылағанда медиацияға басымдық береді. Бұдан даудың бітіммен бітуі судьяға тиісді деген асығыс түсінік қалыптаспауы керек. Отбасылық келіспеушіліктерді медиация арқылы реттеу ең алдымен ерлі-зайыптылардың өзіне керек. Себебі, неке бұзылғанмен, арадағы сыйластықты сақтап қалу олардың өзіне де, жақындарына да маңызды.

Бұдан бөлек, дау ұзаққа созылмас үшін тараптар сотқа жүгінер алдында бөлісуге тиесілі мүліктерді айқындап, олардың нарықтағы құнын бағалатуы керек. Бұл қызметті ақылы түрде тәуелсіз бағалаушы ұйымдар атқарады. Мүлікті бағалатқан соң, талап қоюшы өзіне қалатын мүліктің нарықтағы құнының 1 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуі тиіс.

Ерлi-зайыптылардың бiрi ортақ мүлiктi зайыбының келісімін сұрамай сатқан жағдайда, мүлікті бөлу кезінде оның нарықтағы бағасы есепке алынады. Сондай-ақ, мүлікті бөлуде алынған қарыз, несиенің де көлемі ескеріледі.

Медеу аудандық сотына жүгінген Мадинаның айтуынша, отбасының бұзылуына күйеуінің құмар ойға қызығушылығы себеп болған. Бар тапқанын ойынға жұмсаған күйеуі отбасын, балаларын ұмытқан. Тіпті, әйелінің қарсылығына қарамастан бірігіп алған автокөлікті сатып жіберген. Осы істі қарағанда сот кәмелетке толмаған балалардың мүддесін, ерлі-зайыптылардың бірінің құқығын ескере отырып мүлікті рұқсатсыз сатып, талан-таражға салған адамның үлесін шегеруге құқылы. Сондай-ақ жылжымайтын, жылжитын мүлікті сатудан түскен қаржыны отбасына емес, ойынға, ішімдікке, нашаға жұмсағаны дәлелденсе, сот мүліктің құнын екінші тараптың пайдасына өндіруі мүмкін.  

Ортақ мүлікті бөлу туралы талаптар 3 жыл ішінде қаралуы керек. Осы жылдар ішінде өзара келісімге келгенімен, мүлікке қатысты келіспеушілік болғанда тараптар сотқа талап қоюмен жүгіне алады. Ал үш жыл өткеннен кейін ортақ мүлікті бөлуге қатысты арыз сотта қаралмайтынын ескеру керек. Бұл мерзім сондай-ақ сот шешіміне сай неке бұзылып, шешім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. Егер неке азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында бұзылған жағдайда,  тіркеу кітабында неке бұзу дерегі рәсімделген күннен бастап есептеледі.  

Сонымен қатар, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде отбасылық одақ кезінде алынған несие, берешектері берілген үлестің көлеміне сәйкес бөлінеді.  Тағы бір қаперде ұстар тетікерлі-зайыптылардың бiреуiнiң атына салынған банктiк салымдар ортақ мүлік болып табылады, сәйкесінше бұл сома да бөлісуге жатады. Ал кәмелетке толмаған балалардың атына салынған қаржы бөліске түспейді.

Exit mobile version