21-02-18 |
10570 рет қаралған
Ержан Тәтiшев өлімі: Оққағардың әңгімесі.
Ержан Тәтiшев өлімі: Оққағардың әңгімесі

Таразда БТА Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. Бүгiн барлығы 16 куәгерден жауап алынды.

Сот отырысында Ержан Тәтiшевтiң жеке күзет қызметiнде 2003 – 2004 жылдар аралығында жұмыс iстеген Қанат Ахматолладан жауап алынды. Ол қанды оқиға болған күнi Ержан Тәтiшевпен бiрге аңға шыққан болатын.

«2004 жылы 19 желтоқсанда болған оқиғаға келсек, бiз, яғни марқұм Ержан Тәтiшев, Мұратхан Тоқмәди, Сергей Козликин, Александр Халин және мен аңға бiрге шықтық. Екi көлiкпен иен далада қасқырларды аңдумен болдық. Бiрiншi көлiкте Ержан Тәтiшев, Сергей Козликин мен Мұратхан Тоқмәди болды. Мен Александрмен бiрге екiншi көлiкте отырдым. Қасқырларды аңдып жүрген кезде мен Тәтiшев мырзаның Козликинмен орын ауыстырып, жолаушы орнынан рөлге отырғанын байқадым. Жол жаман болғандықтан оларды бiрде көрiп, бiрде көрмей қаламыз. Олардың көлiктерi бiздiкiне қарағанда мықты болғандықтан олар бiзден ұзап кеттi. Бiр-екi минуттан кейiн алдағы көлiктiң тоқтап бара жатқанын байқадым. Содан соң Сергей Козликин бiзге радиостанциямен хабарласып, жылдам келсiн дедi. Бiз келсек сондай жағдай болған. Одан кейiн полиция қызметкерлерi келдi. Бiз екi тәулiктен астам уақыт бойы Қордай аудандық iшкi iстер басқармасында болдық», – дедi Ахматолла.

Прокурор Ілияс Есқалиев куәгерден көлiк тоқтағаннан кейiн Козликин мен Тоқмәдидiң әрекеттерi қандай болғанын сұрады. Куәгердiң айтуынша, олар көлiктен шықты. Сергей Козликиннiң еңсесi түсiп кетсе, Мұратхан тiптi есеңгiреген күйде болған.

Ахматолла бұған дейiн берген жауабында Козликиннiң алдыңғы жолаушы орнынан шығып, артқы жолаушы орнынан, көлiктiң оң жағында отырған Тоқмәдидi алып шыққанын айтқан. Бүгiн куәгер бұған дейiн айтқан осы жауабын растады. Сот отырысында прокурор Есқалиев куәгерден автокөлiк iшiнен не көргенiн сұрады.

«Артқы орындықта қару түзу жатты», – деп жауап бердi Ахматолла.

Сондай-ақ, прокурор полиция қызметкерлерi келгенше көлiкке бiреу отырды ма деп сұрады. Куәгердiң айтуынша, күн суық болғандықтан Мұратхан Тоқмәди ғана көлiкке отырды. Ал, полиция келгенде қару бүктетiлiп жатты. Ахматолла оның қашан өзгертiлгенiн бiлмейтiнiн, бұны көлiкте болғанда Тоқмәди iстедi деп болжайтынын жеткiздi. Сондай-ақ, куәгер Тәтiшевпен жұмыс iстеген кезде қару өздiгiнен ешқашан атпағанын айтты. Ол қару келесi аңшылыққа дейiн тазаланып отыратынын жасырмады.

Атап өтсек, Тәтiшевке оқ атылған қару 2002 жылғы болған. Бұған дейiн оқиға күнi Ержан Тәтiшевпен бiр көлiкте болған күзет қызметкерi Сергей Козликиннен де жауап алынған едi.

Еске салсақ, Таразда Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi өтiп жатыр. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды деп бекiтiлген едi. Ал жуырда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол БТА банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындады. Сондай-ақ, Мұратхан Тоқмәди банкирдi өлтiруге Мұхтар Әбләзов тапсырыс бергенiн айтты. Осылайша, Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн БТА банкiн басқарған. Осы қылмысын Тоқмәди 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде де мойындаған болатын.

Дереккөз: baq.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.