Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бүкіл Қазақстан бойынша білім басқармаларын жауып тастауды ұсынды.
Оның айтуынша, қазір мектептер жан басына қаржыландыруға көшіп жатқандықтан, енді аталған ұйымдар қажет болмайды. Бұл әрбір мектепке өз қорын жасауға мүмкіндік береді, онда демеушілер немесе донорлардың бюджеттен тыс қаражаты жиналады.
«Әңгіме мектептерді өздігінен өмір сүруге дайындау жайлы болып отыр. Мұндай жүйе кезінде облыстық, аудандық және қалалық білім басқармалары қажет болмайды. Бұл өзекті мәселе, өйткені мектепке бөлінген қаржыны осы ұйымдар ұзақ уақыт ұстап отырады, бүгін бере ме, ертең бере ме – өз қалауы. Ол аздай, мектептің ақшасын үнемдеп, оқулықтарды немесе жөндеу жұмыстарын жете қаржыландырмайды. Содан кейін: «Ештеңе етпейді, ата-аналарға айтып, ақша жинайсыздар», — дейді. Ол жақта көптеген заң бұзушылық болып жатыр, сондықтан бұл ұйымдар жалпы қаншалықты қажет деген мәселе тұр. Мен оларды жауып тастағанын қалар едім, әрі осыған байланысты қазірдің өзінде жақсы халықаралық тәжірибе бар», — деді сенатор парламент клуарында.
Назарбаеваның пікірінше, бұл Білім және ғылым министрлігіне стандарттар мен ережелерді әзірлеу кезінде бүкіл оқу үдерісін тікелей бақылауға жағдай жасайды.
Комитет басшысы сондай-ақ қоғамда талқыланып жатқан мұғалімдер мәртебесі туралы заңға қатысты пікір білдірді. Депутат бұл ретте мұғалімдердің жалақысын көтеріп, басқа да әлеуметтік жеңілдіктер жасау өзекті деп санайды.
Дегенмен бірінші кезекте, Назарбаеваның айтуынша, қазақстандықтар мұғалімдерге деген көзқарасын өзгертуі керек.
«Ата-аналардың мұғалімдерге деген көзқарасын өзгертуіміз керек, өйткені ата-аналар мәселенің мәнісіне жетпей жатып, мұғалімдермен ұрсыса кететін болған. Біздің барлық ақпараттық машинамызды мұғалімдердің пайдасына икемдеуге тиіспіз. Егер педагогтар болмаса, ертең біздің балаларымызды кім оқытады», — деп сұрақ тастады Дариға Назарбаева.
Сонымен қатар, сенатор журналистердің мұғалімдерге шын ниетпен сыйлық жасауға бола ма деген сұрағына пікір білдірді.
«Мұғалімдер мен дәрігерлерге болады, министрлерге болмайды», — деп түйіндеді ол сыйлық тақырыбын.
Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі Қазақстан президентінің тапсырмасымен педагог мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.
Дереккөз: sputniknews.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024