27-09-23 |
1740 рет қаралған
Халықаралық орыс тілін қолдау ұйымын Қазақстан қаржыландырады.
Халықаралық орыс тілін қолдау ұйымын Қазақстан қаржыландырады

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент бола салып, жасаған алғашқы жолдауында, яғни 2019 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға сөз берді.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін, – деген еді Тоқаев алғашқы жолдауында.

Алайда ол сөзі сөз күйі қалды, тіпті, Мемлекет басшысы тіл мәселесін, елдік мәселені қозғағандарды «популистер» деген, одан бөлек өз Жолдауында мектептерде орыс тілі қазақ тілімен қатар оқытылуы керектігін айтты.

Одан да сорақысы, 2022 жылғы 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен «Орталық Азия және Ресей» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев посткеңестік кеңістікте орыс тілінің өрісін одан әрі кеңейтетін жеке ұйым құруды ұсынды.

Тоқаевтың алғашқы Жолдауында айтқан мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл деңгейінде жеткізуде саусақтарының ұшын қимылдатпаған министрліктер бір жылға жетпейтін уақытта орыс тілін дамыту ұйымын қолдау құжаттарын қанттай қылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қою туралы» Қазақстан Президенті жарлығының жобасын дайындап берді.

Заң бойынша НҚА-ларды талқылау уақыты бір аптадан кем болмауға тиіс еді, алайда Саясат Нұрбек басқаратын министрлік тым асығыс, небары 1 сағат қана берген.

Саясаттың сасқалақтап дайындаған жобасын қаз-қалпында берейік:

«Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қою туралы туралы 

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.
  2. Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
  3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының 

Президенті                                                                 Қ.Тоқаев

Астана, Ақорда, 2023 жыл     №

Жарлықтың жобасы осындай. Енді тақырыбымызға келейік. Халықаралық ұйымды Қазақстан қаржыландыратыны қайдан шықты?

Оның да жауабы дайын. Президент жарлығын дайындаған Саясат Нұрбектің командасы Әлихан смайыловқа Жарлықтың жобасына қатысты түсініктеме дерген. Сол түсініктеменің үшінші тармағында мынадай жолдар бар:

  1. Жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есеп-қисаптар, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі). Жобаны іске асыру ратификациялау рәсімі өткізілгеннен кейін мемлекеттік бюджеттен қаражатты талап етеді.

Орыс тілін қолдау ұйымын құру – Қазақстан үшін дәл қазіргі гео-саяси жағдайда «ешкіні – апа, текені – жезде» деудің амалы болса да, ТМД мемлекеттерінің бірлескен қаулысын жүзеге асыру жобасын неге Қазақстан қаржыландыруы керек? Бұл – үлкен сұрақ…

Arasha.kz

ФОТО: qamshy.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.