АҚШ Таяу Шығыстан алыстап барады. Ауғанстандағы әскерін шығарды, Ирактағы әскери миссиясы да аяқталып жатыр. Ресми тұлғалар терроризмді жеңдік деп мәлімдегенмен, шынайы картина мүлде басқа екені көрініп тұр.
«АҚШ үшін Таяу Шығыста Ирактың маңызы зор және менің карьерам басталған шақтан бері біз оның тыныс-тіршілігіне етене араласып келеміз», – деді АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде Ирак премьер-министр Мұстафа әл-Каземимен кездесу барысында. 2003 жылы америкалықтар Иракқа кірген шақта қазіргі президент сенатор қызметін атқарған болатын, деп жазды Sputnik Қазақстан РИА Новости-ға сілтеме жасап.
Ирактағы соғыс қимылдарының аяқталғаны туралы Ақ үй алғаш рет 2010 жылы мәлімдеді. Байден ол кезде вице-президент қызметінде болды. Алайда араға төрт жыл салып ДАИШ-қа* қарсы «Мызғымас батылдық» операциясы басталды.Енді Джо Байден елдегі әскери миссияның аяқталғаны туралы ресми түрде мәлімдеді. «Енді біздің Ирактағы рөліміз оқу-жаттығуларды жалғастыру, ирактық қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсету аясында болады», – деп түсіндірді президент.
Басқа ешқандай мәлімет айтылған жоқ. Джо Байден тіпті желтоқсанға дейін Иракта қандай әскер қалатыны туралы сұраған журналистердің сұрақтарына да жауап бермеді. «Бұл сол уақыттағы жағдайға байланысты болады», – деді Ақ үй спикері Джен Псаки.
Пентагондағылар АҚШ «Таяу Шығыс проблемаларын елемеуді доғарып, оларды шешудің басқа жолдарын іздеу керек екенін» айтуда. Елде аз әскер қалады. Соңғы мәлімет бойынша қазір Иракта 2,5 мың америкалық сарбаз бар. Өткен жылдың соңында президент Дональд Трамп әскер санын қысқартқан болатын. Америкалық жалғыз база Айн-әл-Асад Бағдадтан солтүстікке қарай 160 километр қашықтықта орналасқан.
2017 жылы ДАИШ-тың жеңілгені туралы хабарға қарамастан терактілер жалғасып жатыр. Өткен аптада исламшылдар Бағдад базарларының бірінде автобус жарылысын өз мойнына алды. Кемінде 30 адам мерт болды.
Америкалықтарға Иран қолдау көрсетіп отырған содырлар шабуыл жасап жатыр. Наурызда Айн-әл-Асад зымыран соққысына тап болып, бір адам көз жұмды. Мамырда базаға жарылғыш заты бар пилотсыз ұшатын аппарат қауіп төндірсе, шілдеде қайтадан зымырандар шабуылдап, үш адам жараланды.Мұстафа әл-Каземи Вашингтонмен татулықты ұстанатын премьер-министр. Сондықтан ол Иранмен байланысты топтардың жолын кесуге тырысты. Алайда жақында ғана америкалық авиацияның Сириямен шекарадағы ирандық құрылымдарға жасаған соққыларын Ирак егемендігіне қол сұғушылық деп бағалады.
Ал АҚШ премьердің елді қалпына келтірудегі орасан зор еңбегін жоғары бағалады. Маусымда Бағдадқа Иордания королі ІІ Абдулла мен Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сиси келді. Бұл 1990 жылдан бері елге келген алғашқы мысырлық көшбасшы.
АҚШ COVAX халықаралық бағдарламасы аясында Иракқа 500 мың доза Pfizer вакцинасын жеткізуге келісті. Байденнің айтуынша алдағы екі аптада препарат Иракқа жетеді. Қазір елде ауру жұқтырғандар саны артып, ауруханаларда өрт жиіледі. Бұдан бөлек Вашингтон парламент сайлауына бақылау жүргізу бойынша БҰҰ миссиясына 5,2 миллион доллар бөлетін болды.
Бірақ РИА Новости сауалнамасына жауап берген барлық сарапшы АҚШ-тың Ирактан түбегейлі кетуі туралы сөз қозғалмағанын айтты.
«Вашингтон бұл стратегиялық алаң үшін ұзақ күресті. Сондықтан әскерді шығару туралы мәлімдеме саяси астары бар әрекет болуы мүмкін. Себебі америкалық сайлаушыларға берген уәдені орындау керек. Ирак қоғамының пікірі де маңызды. Жергілікті саясаткерлер Мұстафа әл-Каземиге қысым көрсетіп жатыр. Елдегі саяси ахуал да мәз емес», – дейді Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің сарапшысы Елена Супонина.
«Жеті жыл бұрын АҚШ Иракқа қайта оралған кезде терроризммен күрес ақиқатқа айналды. Америкалықтар ДАИШ-ты* жеңуде үлкен рөл атқарды. Әрине, олар қолданған әдістерге қатысты біршама сұрақ туындайды. Ал қазір Ирак билігінің өзі америкалықтардың елден кетуін сұрады», – дейді шығыстанушы және публицист Андрей Онтиков.Алайда Шығыстану зерттеулері орталығының ғылыми қызметкері Данила Крылов АҚШ әскери қызметкерлері бірден үйлеріне қайтуы екіталай екенін айтты. «Бір араб елінен екінші араб еліне қарай орын ауыстыруы ықтимал. Сирияға қарай бағыт алуы мүмкін. Ресейдің қорғаныс министрлігі Ирактағы америкалық әскерилер Сирия базаларына тұрақтап жатқанын бірнеше рет айтқан болатын», – деді сарапшы.
Америкалықтардың көбі өздері терроризммен күресіп, басқа өңірге назар аудармаған шақта Қиыр Шығыста Қытай өз қауқарына мінді деп санайды. Енді АҚШ үшін бұл ел нағыз қауіпке айналды.
*Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйым