Тегеранда 27 жастағы әнші Хива Сейфизаде концерт кезінде ұсталды. Оған заңсыз концерт ұйымдастырды және ерлер қатысқан аудиторияның алдында ән айтты деген айып тағылды.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, әнші өткен бейсенбіде Тегеран орталығындағы Emarat Rooberoo концерт залында тұтқындалған. Бұл орын мәдени орталық ретінде белгілі, мұнда жиі музыкалық және театрлық шаралар өтеді. Алайда, Иран заңдары бойынша, әйелдер аралас аудитория алдында жеке ән айтуға құқығы жоқ, тек топ құрамында ғана өнер көрсете алады.
Сейфизаденің адвокаты Саид Немати оның клиенті мен концертке қатысушылардың бәрі кепілмен босатылғанын, бірақ іс-шараны ұйымдастырушының әлі қамауда екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, билік Emarat Rooberoo мәдени орталығын белгісіз мерзімге жапты, ал оның Instagram парақшасын Иран киберполициясы «қоғамдық моральды бұзды» деген себеппен бұғаттады. Сондай-ақ, Сейфизаденің жеке аккаунты да биліктің бақылауына өтті.
Ирандық БАҚ мәліметінше, әнші бұған дейін де биліктің назарына түскен, себебі ол міндетті хиджабсыз өнер көрсеткен. 2023 жылдың желтоқсанында елде тағы бір әнші — Парасту Ахмади ұсталған болатын. Ол YouTube желісіне хиджабсыз жеке орындаған әнінің бейнежазбасын жүктеген.
Сейфизаденің қамауға алынуы әйелдерге қатысты заңдардың қатаңдатылуы аясында орын алды. Желтоқсанда билік хиджаб кимегені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе тіпті өлім жазасын қарастыратын жаңа заң қабылдаған.
Әйелдердің құқықтары мәселесі Иранда 2022 жылдан бері өзекті болып отыр. Сол жылы «мораль полициясы» ұстаған 22 жастағы Махса Амини қайтыс болғаннан кейін елде жаппай наразылық шерулері басталды. Билік оның өлімі денсаулығына байланысты болды деп мәлімдесе, наразылыққа шыққандар оны күштік құрылымдар өлтірді деп есептейді.