arasha.kz

Экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталды, әйелі ауыр соққыдан қаза тапты

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды. БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарға қарағанда, Бишімбаев Астанадағы «Bau» мейрамханасында мас күйінде әйелін соққыға жыққан. Ал ішкі істер министрлігі жарақат алған әйел жедел жәрдем келгенше оқиға орнында жан тәсілім еткенін хабарлады. Күдікті қамауға алынған.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттарға қарағанда, ауыр соққыдан қаза болған Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтың екінші әйелі. Ол атышулы жемқорлық ісімен істі болып, босаған соң бірінші әйелімен ажырасқаны да айтылуда. Бишімбаевтың бірінші әйелінен үш, екінші әйелінен бір баласы бар көрінеді.

Қуандық Бишімбаев 2016 жылы «Бәйтерек» холдингіндегі қызметі бойынша туындаған мәселелерге байланысты қызметінен шеттетілді. Ол кезде ол Ұлттық экономика министрі болып тұрған.

2017 жылы 11 қаңтарда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Атышулы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 23 адам, оның ішінде экс-министрдің немере ағасы да сотта жауап берді. Жоғары лауазымды шенеунік өз мансабы барысында Қызылордада шыны зауытын салу кезінде 1 млрд теңге ұрлағаны және бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 2018 жылдың желтоқсанында ол өзін қоныс аудару колониясына жіберуді сұрап, өтініш берді, бірақ сот өтінішті ішінара қанағаттандырды. 2019 жылдың қаңтарында экс-министр жазасын өтеу үшін Шымкенттегі ИЧ-167/3 орта қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылды.

2019 жылдың 11 қазанында Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. ҚР ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметі экс-министрдің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2019 жылдың 25 қыркүйегінде қарап, оның қанағаттандырылғанын хабарлады. Сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында заңды күшіне енді. 

Exit mobile version