Қолданыстағы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес кейбір жаза түрлері барынша ізгілендіріліп, кейбірінің жазасы керісінше қатайтылған. Соның ішінде әйелдер қылмысына қатысты жаза ішінара күшейтілгені белгілі. Мұны біреулер жақтаса, тағы бір топ әйелдердің көбі қылмысқа тұрмыстық ауыртпалықтан, отбасылық бақытсыздықтан баратынын айтып, жазаны қатайтудың дұрыс еместігін алға тартуда.
Әйелдер тарапынан жасалатын қылмыс кез келген қоғамды алаңдатқан және алаңдатып келеді де. Сондықтан оның алдын алу қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Түп-төркініне үңілетін болсақ, нәзікжандылар тарапынан жасалатын қылмыстардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар: қоғамдық өндіріске әйел азаматтардың белсенді араласуы, әлеуметтік интституттардың, соның ішінде алдымен отбасылық құндылықтардың әлсіреуі, қоғамға қарсы құбылыстардың – наркомания, жезөкшелік, қаңғыбастық сияқты зиянды әдеттердің көбеюі себепші болып отыр.
Сот тәжірибесінде көбіне көп қылмыс жасауға итермелейтін негізгі фактор ретінде әйелдердің тұрмыстағы қиындықтары, ерінің немесе басқа да жақындарының тарапынан жасалатын зорлық-зомбылықтар әсер ететіндігін, шыдамы шегіне жеткендіктің кесірінен қолын қанға бояйтындығын анық байқап жүрміз. Отбасылық даулар кезінде әйелдердің күйеуі не көңілдесі, тіпті болмағанда туыстары мен көршісі сол қылмыстың құрбаны болып жатады.
Тұрмыстағы мән-жайлар әйелдерге жаза тағайындау барысында тереңінен ескерілуі керек. Ондай адамға ұзақ мерзімді бас бостандығынан айырудың қажеті шамалы. Айталық, жақында бір әйел арақтың кесірінен отбасылық жанжалдың кезінде өз күйеуінің жүрек тұсынан екі рет пышақ сермеп, мерт қылған. Жаза тағайындау барысында әйелдің бұрын сотты болмағандығы, жәбірленуші өкілінің кешіруі, жас мөлшері, жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеті ескерілді. Өйткені, іс бойынша куәлардың және сотталушының көрсетпесі бойынша жәбірленушіге қаза болған күйеуі өмір-бойы ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Нәтижесінде, соңы адам өліміне әкеп соққан. Мұндай мысалдар өте көп. Әрине, қылмыс ақтауға жатпайтын дүние. Десек те, жалпы әйел затына, оның ішінде түрлі қиындықтан өз басын қылмыс жасау арқылы арашалайтын әйелдерге жазаны соншалықты қатаңдатудың қажеті жоқ. Ал, алаяқтық, жезөкшелік жолмен ауыр, аса ауыр қылмыстарды бір емес, бірнеше рет жасаған болса ол енді ақтауға жатпайтын дүние.
Әйелдерге жаза түрін қатаңдату арқылы біз қылмыс санын азайта алмаймыз. Онсыз да оларға тағайындалатын жаза түрі жеңіл емес. Меніңше, қай-қай қылмыстың себебінен гөрі салдарымен күрескен тиімді. Бұл тұрғыда қылмысқа дейінгі профилактикалық шаралардың көптеп жүргізілуі маңызды. Мысалы, қылмысты жайдан-жай ешкім жасамайды. Оған барудың да белгілі бір себептері бар. Біраз уақыт жаны ауырып, күйзелісте жүрген, отбасындағы күйеуі немесе басқа да жақындары тарапынан қысым көрген әйел қылмыс жасауы мүмкін. Сосын босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі депрессия деген болады. Үнемі депрессия үстінде жүретін адамның ахуалы әрине, алаңдарлық. Кез келген сәтте эмоцияға беріліп, не істеп не қойғандығын білмей қалады. Мысалы, гендерлік психологияда да ер мен әйелдің мінез айырмашылығы салыстыруға келмейді. Өйткені, әйелдер ерлерге қарағанда эмоцияға берілгіш, ашуланғыш болып келеді. Сол кері мінездің салдары олардың қылмыс жасауына түрткі болып жатады. Сондықтан, қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – алдымен, кез келген жаны ауырып, күйзелісте жүрген әйел, аяғы ауыр келіншек міндетті түрде психологиялық көмекке жүгінуі тиіс.
Бүгінгі таңда қоғамда психологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан үнемі күйзелістің үстінде жүретін әйелдер көп. Ал, олардың барлығының бірдей ақылы психологтың кеңесін алуға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, кез келген емханаларда, перзентханаларда психолог мамандар жұмыс жасауы керек. Мысалы, бір жеріңіз ауырып, мазалағанда тұрғылықты мекенжай бойынша дәрігердің көмегіне жүгінесіз ғой, сол кезде сізге тегін медициналық қызмет көрсетеді. Сол сияқты, егер тегін психологиялық көмек емханаларда үздіксіз көрсетілсе, жүйкесі сыр беріп, тынышы кеткен, ашушаңдық қасиет бойында жиі байқалып жүрген кез келген әйел барып, тегін психологиялық кеңес алуға мүмкіндік туар еді. Бұл ұсақ қылмыстардың болсын, ауыр қылмыстардың болсын алдын алуға зор септігін тигізеді. Кейбір емханаларда аты бар да заты жоқ психолог мамандар жұмыс істейді. Оның түкке пайдасы жоқ. Осындай салдармен күреспегеннен кейін әйелдер тарапынан қылмыстар орын алады. Олар соңында шын өкінеді, бірақ, кері жол жоқ. Ол қылмысы арқылы тек өз өміріне ғана емес, жақындарына, әсіресе, туған перзентінің өміріне де балта шабады. Өйткені әйелдің мінез-құлқы балалар психикасына да тікелей кері әсер етеді. Бұл мәселеде бастысы психологиялық ахуал тұрақты, отбасылық құндылықтар бағалы болуы керек.
Перизат Асхатқызы
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024