arasha.kz

Әйелдерге қолдау көрсететін орталық

Физикалық жағынан ер адамдарға қарағанда әлсіздеу жаратылған әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық ертеден келе жатқан құбылыс. Дегенмен, діни түсінік пен ұлттық салт-дәстүр үстемдік еткен ертеректе бұндай келеңсіздік әлеуметтік маңызы бар мәселе деңгейіне дейін көтерілмегендігі белгілі. Жетімі мен жесірін далаға тастамайтын қазақы түсінік нәзік жанды әйелдерге дәл қазіргідей зомбылық жасауға жол бермейтін. Кеңестік идеология ежелгі қоғамда әйелдерді мал сияқты сатып, қорлық көрсетіп келді деп қанша қаралағанымен, қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі зор болғандығы тарихи шындық.

Ұлттық салт-дәстүрге негізделген ізгі қасиеттер мен имандылықтан аулақтап қалған бүгініг күні керісінше қыз-келіншектер көп зорлық-зомбылыққа ұшырайтын болып барады. Статистикалық деректерге сүйенсек, әйелдерге қатысты әрбір бесінші зорлық-зомбылық арақ ішіп алып жасалады екен. Жынды суға еліккен еркектер ақыл-естен айрылып, әлімжеттік жасап еш себепсіз әйелді соққыға жығатын кездері көп. Осындай отбасында өскен балалардың да жан дүниесі жаралы болып, психикалық соққы алатыны белгілі. Ажырасушылық деңгейінің жыл санап өсіп бара жатқанының бір себебі де осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты болып отырғаны жасырын емес.

Ақмола облысында «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жария түрде тыямыз» ұранымен «16 күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз» атты акция өтті. Онда әйелдерді тұрмыстық зомбылықтан қорғау, мұндай келеңсіздіктің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері қамтылған. Тек биылғы жылдың басынан бері ғана облыста мың жарымнан астам нәзік жандылар түрлі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Статистикалық мәліметтерге назар аударатын болсақ, әйелдерге қатысты зомбылықтың жыл санап өспесе, кемімей отырғанын бағамдаймыз. Әлімжеттікке ұшыраған 1729 әйелдің 765-і күйеулерінен, ал 601-і бірге тұратын еркектерден таяқ жеген, 363-і жақын туыстарынан қорлық көрген.

Бүгінде еліміздің барлық облыс орталықтарында тұрмыстық зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған оңалту орталықтары жұмыс жасайды. Көкшетауда да сондай орталық жұмыс істейді. Өкінішке орай, қысы-жазы орталықтан баспана сұрап келетін нәзік жандылар қатары азаймай отыр.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер тек ресми тіркелгендері. Ал «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп отбасындағы ұрыс-керісті ел-жұртқа жаймай үнсіз төзіп жүретін әйелдер де аз емес. Аталмыш акция барысында әйелдерге өз құқықтарын білу, қажет болған жағдайда кімнен, қалай көмек сұрау керектігі жөнінде ақпараттар таратылды. Сондай-ақ, тұрмыстық зомбылыққа ұшыраған әйелдер үшін тікелей байланыс желілері жұмыс жасайды. Оған қыз-келіншектер кез-келген уақытта телефон шалып, пайдалы ақпарат немесе нақты көмек ала алады.

Қ.Жүсіп

Exit mobile version