Баласына берешегі 10 мың айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен алимент төлеушілерді бас бостандығынан айырған жөн бе? Заң талаптары орындалса елімізде жауапсыз алимент төлеушілердің саны азая ма? Бұл көпшілікті алаңдатып жүрген қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі.
Түрлі себептермен балаларына алимент төлемей жүрген азаматтарды бас бостандығынан айыру әлеуметтік тұрғыдан қарағанда дұрыс деп. Себебі, бұл қазір айтарлықтай үлкен мәселеге айналып отыр. Көптеген алимент төлеушілер кәмелеттік жасқа толмаған баласына шамасы жеткен кезде ғана нәпақа төлеп, қалған уақытта сан түрлі сылтау айтып жауапкершіліктен сытылып кетеді. Мұндай борышкерлер баласының күнделікті тамағының өзіне қанша қаражат кететіндігін ойлап бас қатырмайды да.
Бізде алимент төлеушілердің басым көпшілігі әкелер болғандықтан, бар салмақ нәзік жанды аналарға түсетінін ұмытпауымыз қажет. Осы орайда, «тепсе темір үзетін» ер азаматтарымыздың әкелік парыздарын аяқ асты етпеулері керек еді. Өкінішке қарай, жауапсыз алимент төлеушілер көбейіп барады. Оларды барынша азайту мақсатындағы атқарылып жатқан шаралар да айтарлықтай нәтиже бермеуде. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында балаларына алимент төлемей жүрген адамдардың суретін халық көп жүретін жерлерге, көше бойларындағы бильбордтарға шығару секілді шаралар қолданыла бастаған. Алайда, мұндай артық қадамның өзі жауапсыз алимент төлеушілерге сабақ болмаған секілді. Енді міне, ондайларды бас бостандығынан айыру мәселесі көтеріліп, заңдастырылуда. Бұл дұрыс шешім. Бірақ, борышы он мың айлық есептен асып кеткен алимент төлеушілердің барлығын жаппай бас бостандығынан айыруға болмайды. Мысалы, алимент төлеуші бірнеше жыл бойы үзбей төлеп келіп, аяқ асты жұмыссыз қалып төлей алмай қалуы да мүмкін ғой. Мұндайда «қарызы он мың айлық есептік көрсеткіштен асып кетті» деп қамауға алғанымыз жарамас. Сондықтан, бұл жазаны қолданбас бұрын әрбір алимент төлеушінің мәселесін жеке-жеке әрі жіті зерделеп барып, шешім қабылдау керек.
Жалпы алимент төлеушілерге қатысты заң талаптарының бұлайша қатаюы еліміздегі сотталушылар санының артуына айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, бұл заң біріншіден жауапсыз алимент төлеушілерді тәубесіне келтіріп, тездетіп қарыздарынан құтылуға мәжбүр етсе, екіншіден, борыш мөлшері он мың айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен алимент төлеушілердің саны соншалықты көп емес. Оның үстіне қара тізімге ілінген борышкерлер бас бостандығынан айырылған күннің өзінде баласының нәпақасын соңғы тиынына дейін беруге міндетті. Мысалы, бір жеке сот орындаушысында жүз атқару өндірісі болса, оның оны ғана алимент өндіруге байланысты болуы мүмкін. Осы он өндірістің барлығы қарызға белшесінен батқандар емес, көпшілігі белгілі себептерге байланысты уақытша алимент төлеу қабілетін жоғалтып алғандар. Негізінен алимент төлеушілердің қарыздары әр үш ай сайын есептеледі. Яғни, алимент төлемегеніне үш айдан асқан жағдайда ғана шағым қарастырылады.
Балаларына тиісті нәпақасын төлемей, қашқын әке немесе ана атанған азаматтар мәселесі жиі айтылады. Мұндай даулармен негізінен құқыққорғау органдары айналысатындықтан, біз тек осындай мәселенің бар екендігінен ғана хабардармыз. Бізде алимент төлеушілер жайында нақты статистикалық есеп жоқ. Дейтұрғанмен, мәселенің бары рас. Заңның да қатайып жатқандығы да содан. Осыған орай, мәселені терең зерттеген заңгерлер алимент төлемегендерді бас бостандығынан айыру жағдайды оңалтпайтынын алға тартуда. Оларды түрмеге тоғытып, бос бостандығынан айырылғандардың санын көбейткенше, осы тығырықтан шығаратын басқа жолды қарастыру қажет дейді мамандар. Өйткені, өмір болған соң, адамдар отау құрады, дәм-тұздары жараспай ажырасып жатқандары қаншама. Олардың барлығы жеке-жеке тағдырлар. Арасында, балаларын тірі жетім жасауға мәжбүр болып жатқандары қаншама. Сондықтан, бұған барынша түсіністікпен, кешіріммен қарау керек. Қолында бар адам баласынан ештеңе аямайды ғой. Көптеген алимент төлеушілер әлеуметтік жағдайының төмендігінен төлей алмауы мүмкін. Адам ажырасқанан кейін, қайта шаңырақ көтеріп, тағы да балалы болуға құқылы. Өйкінішке қарай, көптеген алимент төлеушілер екі жақтағы балаларын асырап бағуға шамалары жетпей жатады. Жалпы бұл тым қиын сұрақ, нақты былай деп кесіп айтуға келмейді. Негізінен бұл әр адамның ар алдындағы жауапкершілігін қаншалықты сезінетіндігіне көп байланысты.
Баласының алдындағы борышын білген, сезінген адам оған тиесіліні беруге тырысады. Азаматтардың тұрақты табыс көзінің болмауы да алимент төлемей жүргендердің қатарын көбейтуде. Сондықтан, алимент төлеушілердің жұмыспен қамтылу мәселесін де қарастырған жөн. Тіпті, кейбір азаматтар баласына ай сайын кесілген алимент төлемей-ақ, сырттай көмек беруі мүмкін. Қазақта «жоқ жомарттың қолын байлайды» деген сөз бар. Шынымен жоқ адамға «қылмыскер» секілді қарауға болмайды. Көптеген жастарымыз өмірдің оң мен солын ажыратпай жатып шаңырақ көтеруде. Балалы болып, күнкөрістің оңай еместігін көрген олар ажырасып тынады. Осындайда қара басын асырай алмай жүрген адамға «енді балаңа алимент төле» деп қалай айтасың? Бұл мәселе тым нәзік, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» дегеннің керін келтіріп тұрған көкейкесті түйткіл.
К. ЫСҚАҚОВА