23-06-18 |
3320 рет қаралған
Кембағал жандарға қолдау күтеді.
Кембағал жандарға қолдау күтеді

Әрбір елдің еңбекке жарамсыз азаматтары мемлекет қамқорлығында болады. Қазіргі таңда Қазақстанда ресми деректерге сүйенсек, 506,4 мың мүмкіндігі шектеулі жан тұрады екен. Бұл жалпы халықтың 3 пайызын құрап отыр. Мемлекеттің егде жастағы адамдар мен мүгедектерге деген негізгі қамқорлығы, оларға материалдық қолдауы (зейнетақы, өтемақы, жеңілдіктер және т.б.) болып табылады. Алайда, еңбекке жарамсыз жандар, тек материалдық көмекке ғана мұқтаж емес. Оларға физикалық, психологиялық,  ұйымдастырушылық және басқа да көмектер көрсету маңызды рөл атқарады. Айналасындағылардың ықыласына бөленгенді жаны сүйетін, сәлемдесіп, көңіл аударғанның өзін үлкен мәртебе санайтын жарымжан жандар үшін бұл маңызды. Біреудің көмегіне зәру кембағал жандарға құрметтің қай түрі де артықтық етпейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында кемтар жандардың жағдайына қарайласып, демеп отыруға  ерекше мән берді. Мүгедектер үшін Қазақстанды кедергісіз аймаққа айналдыру туралы Үкіметке тапсырма жүктеді.

Алматы қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы бұл мәселеден тыс қалмай, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше назар аударып, олардың жұмысқа орналасуы мен жағдайларының жасалуына көңіл бөлуде. Ғимарттардың бірінші қабаттарына пандустар мен шақыру нүктелері орнатылған. Филиалымызда мүмкіндігі шектеулі 9 адам жұмысқа қабылданған. Бүгінде әріптестерімен тең дәрежеде, табысты еңбек етіп жүр. Сонымен қатар, Алматы қалалық ХҚКО әрбір аудандық бөлімдерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсететін көшпелі жұмыс тобы құрылған. Топ мүшелерінің бәрі халыққа қызмет көрсету үдерісіндегі инспектор, консультант сияқты жауапты лауазымдағы қызметкерлер.

Сондай-ақ, енді ХҚКО-да мүгедектерге көрсетілетін әртүрлі көмектерге қатысты құжаттарды рәсімдеуге болады. Қазақстан Республикасы  Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі №394 қаулысымен  бекітілген  «Жалғызiлiктi, жалғыз тұратын қарттарға, бөгде адамның күтiмiне және жәрдемiне мұқтаж мүгедектерге және мүгедек балаларға үйде әлеуметтiк қызмет көрсетуге құжаттарды ресiмдеу» мемлекеттік қызмет стандарты бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, сондай-ақ баламалы түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы  қызмет көрсетіледі. Үйде отырып әлеуметтік көмек алуға жалғызiлiктi, жалғыз тұратын бірінші, екінші топтағы мүгедектер мен қарттарға; отбасында тұратын тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға; отбасында тұратын психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға; отбасында тұратын психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдар өтініш білдіре алады.

    Алматы қаласы бойынша бүгінгі күнге дейін 94 өтініш түсті. Оның ішінде 77 өтініш бойынша қызмет көрсетіліп, оның 35-і «өте жақсы», 42-сі «жақсы» деп бағаланды.

    Күні кеше сондай өтініштің бірі бойынша оңтайландырылған топ қызмет көрсетіп қайтты. Өтініш иесі – Алматы қаласы, Әуезов ауданында тұратын 1949 жылы туылған Кәрімова Нәсияш Кәрімқызы. Ол өз атындағы пәтерде тіркелген барлық тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша және бірыңғай зейнетақы қорына аударымдары туралы ақпарат жөнінде анықтама алуға жүгінген. Әуезов аудандық ХҚКО  оңтайландырылған тобының көрсеткен қызметіне «өте жақсы» деген баға беріп, өз ризашылығын білдірді.

    Алматы қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы мүгедектерді қоғамға   ықпалдастыруда  оларға  тең  мүмкіндіктер   жасау  мәселелерін алдағы уақытта да өз  назарынан тыс қалдырмайды. 

Ж.ӘПЕТ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.