arasha.kz

Кешегі ауыс-түйіс: Тоқаев Назарбаевпен ақылдасты ма?

фото: akorda.kz

фото: akorda.kz

Кеше яғни, 18 желтоқсанда билікте кезекті ауыс-түйіс болды. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дархар Қалетаев қызметінен кетіп, оның орнына Мәулен Әшімбаев тағайындалды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев орнынан түсіп, Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев энергетика министрі болды. Ал Атырау облысына бұрынғы энергетика вице-президенті Махамбет Досмұхамбетов әкім болып жайғасты. Бәрі де президент Тоқаевтың жарлығымен тағайындалды. Бірақ осы күзде қоғамның үлкен талқысына түсіп, биліктің өзі қайырылып жауап қатуға тура келген әйгілі №184 жарлық бар. Міне, сол жарлық бойынша көптеген лауазымды қызметтерге тағайындау ісін президент қауіпсіздік кеңесімен келісуі тиіс. Ал қауіпсіздік кеңесінің төрағасы экс-президент Н.Назарбаев.

Сонымен, биыл 9 қазанда президент қол қойған №184 жарлыққа сәйкес, сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерінен өзге министрлерді тағайындау қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіледі. Яғни, Тоқаев Ноғаевты энергетика министрі етіп Назарбаевтың келісімімен тағайындаған. Жарлықтың аты – жарлық. Заңды күші бар. Оны айналып өте алмайтының аян. Сол секілді Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов те, президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары М.Әшімбаев та жарлық бойынша қауіпсіздік кеңесінің келісімімен қызмет алды. Тіпті жаңадан құрылған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің су жаңа басшысы атышулы Мәдина Әбілқасымова да қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың келісімімен тағайындалды. №184 жарлықта «Қазақстан Республкасы президентіне бағынышты және есеп беретін орган басшылары» қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіледі деп көрсетілген. Өткенде ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев агенттік президентке тікелей бағынышты орган болады деген еді.

Осылайша, биліктегі әрбір ауыс-түйісте №184 жарлық алдан шығып отырады. Бұл жарлық қоғамда қызу талқыланып, қос билікке айқын көрінісіне баланған. Бірақ билік Қазақстанда қос билік барын жоққа шығарады.

№184 жарлық туралы әділет министрінің сөзі

№184 жарлық президенттің кадрлық шешім жасауына кедергі жасамайды

№184 жарлық: Назарбаевтың келісімін алмай Тоқаев шешім қабылдамайды

Exit mobile version