Amnesty International – халықаралық құқық қорғау ұйымының 29 сәуірде жариялаған есебінде COVID-19 инфекциясымен күресте Орталық Азия елдері репрессиялық және адам құқын таптау әрекетіне барып отыр делінген.
«Пандемия жағдайында көптеген үкімет қоғамдық денсаулықты қорғаудан гөрі өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуға өзгеше мүдделі секілді, – дейді ұйымның зерттеушісі Хизер Макгилл.
Ұйым есебінде «Қазақстан билігі де мәжбүрлі түрде тұрғын үйлерде карантин орнатып, есігін дәнекерлеп бекіткен. Сөйтіп тұрғындарды тұрғын үй ішінде қалуға мәжбүр еткен» делінген. Сондай-ақ Әзербайжан мен Ресейде коронавирус туралы толымсыз ақпарат таратқаны үшін әлеуметтік желі қолданушылары, журналисттер және медицина қызметкерлерін жауапқа тартқаны жайлы айтыла келіп: «Үкіметтер адамдардың денсаулығын емес, сын айтушыларға қарсы күресті көбірек ойлап, сонымен күресіп жатыр» делінеді.
Ұйым есебіндегі бұл жағдай Қазақстанда да болып жатқаны мәлім. Мәселен, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев жалған ақпарат таратты деп тұтқындалып, кейін босатылды да іс жабылды. Ал азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев әлі қамауда отыр. Бұдан өзге де жалған ақпарат тарату, төтенше жағдай режимін бұзды деген айыппен азаматтарға айыппұл салынып, әкімшілік жаза тағайындалғаны жайлы хабарлар жарияланып тұрады.