Бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді бекітті. Жалпы жұрт әлеуметтік желілерде жаңа әліпбиді талқыға салды. Бірі қолдаса, енді бірі әлі де өзгерістер енгізу керек деген пікірде. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында біз осы әліпбиді құрастыруға қатысқан ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбекке хабарласып көрдік.
– Бүгін Елбасы латын графикасына негізделген жаңа әліпби туралы жарлыққа қол қойды. Бұны соңғы нұсқа деп қабылдай берсек бола ма?
– Жоқ, мұны соңғы нұсқа деп қабылдауға болмайды, жөндейтін жерлері бар әлі. Оны талқылаған кезде айтамыз. Орыстың «и», «у» деген бәлесінен құтыла алмай қойдық қой. Бәрі соған әбден ұйып қалған. Әлгі жерде бір таңбамен орыстың «и»-ін де, қазақтың қысқа «й»-ін де беріп отыр. «Ы» дұрыс емес, «у» дұрыс емес, сондай екі-үш қана жері қалды. Қалғандары дұрыс. Мына жағын басында біздер дайындап бердік.
– Апострофты акутқа ауыстыру қаншалықты тиімді болды? Ғалымдар кеңесті ғой? Артықшылықтарын халыққа түсіндіріп берсеңіз…
– Оның артықшылығы – апострофта екі таңба, әріпті бір теру керек және оның қасына апострофты тағы теру керек. Ол екі жұмыс болатын. Ал, мынау бір дыбыс, бір таңба. Сосын біздің тіліміздің өзінде әліпби бір дыбыс, бір таңба болу керек қой. Қосақ таңба, т.б. болмауы керек. Сол жағынан алғанда бұл нұсқа дұрыс. Жалпы 80%-ы реттелді. Мұның бас жағындағыны ғылым тілінде «акут» дейді. Бірақ, орыстың «и», «у»-ына байланысты жерлер сол күйінше қалып қойыпты. Со жағын әлі де пысықтай түсеміз.
– Бұл нұсқа ІТ саласында айтарлықтай проблемалар тудырады деген пікір бар. Сіздің ойыңыз қандай?
– Алдыңғы апостроф қиындық тудыратын еді. Енді мына нұсқа қиындық тудыра қоймайды. Бағдарламаны программамен реттеп әліпбиге кіргізсе, оның ешқандай қиындығы болмайды.
– Техникалық тұрғыдан таяу уақытта көшуге дайынбыз ба?
– Қашан көшеміз дегенді әзір болжау мүмкін емес. Әлі әліпбидің тұрақты нұсқасына тоқтай алмай жатырмыз. Ар жағында емле, ереже дайындау керек. Содан кейін барып кірісеміз. Мерзіміне байланысты пәлен-түген деп айту қиын. Жалпы мынау компьютердің алдындағы латын негізді пернетақтаға негізделген әліпбидің қандай түрі болса да оның жақсысы болмайды. Алғашқы екі нұсқаның жарамай қалғаны сондықтан. Халық, көпшілік жұрт қарсы шықты. Оны айтқанбыз кезінде. Тілді компьютерге икемдемеу керек, керісінше, компьютерді тілге икемдеу керек. Қазір оның жолы көп қой. Әр түрлі бағдарламалар бар, оның ретін табу қиын емес деп ойлаймын.
Бүгін халыққа жаңа нұсқа деп ұсынылды. Алдағы уақытта баспасөз конференциялары, дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылады. Бәрі енді басталады.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан: Жандарбек Жұмағұл
Дереккөз: Ұлт порталы