Малайзия королі Мұхаммед V тақтан бас тартты. Король сарайы таратқан мәлімдемеде шешімнің дереу күшіне енетіні айтылған. Бұрынғы король енді Келантан штатына бұрынғыдай сұлтан болып бармақ. Оның тақтан не себепті бас тартқаны мәлімдемеде айтылмайды.
Мұхаммед V король тағынан бас тартуы ықтимал деген сыбыс соңғы апталарда тараған. Қарашада ол медициналық себептерге байланысты биліктен шеттегеннен кейін іс жүзінде король міндетін атқармаған. Баспасөздің хабарлауынша, 49 жастағы король 2018 жылы қарашада бұрынғы «Мәскеу аруы» Оксана Воеводинаға үйленген, неке қию рәсімі Мәскеу облысындағы Барвиха кентінде өткен. Әлеуметтік желілерде неке қию рәсімі кезінде түсірілген болуы ықтимал суреттер жарияланған. Малайзия билігі корольдің үйленгені туралы ақпаратты растамаған да, жоққа да шығармаған.
Малайзия 1957 жылы тәуелсіздігін алғалы бері бұл елде алғаш рет король биліктен бас тартып отыр. Конституциялық монархия басқаратын елде мемлекет басшысы – корольді федерацияны құрайтын тоғыз штаттың билеушілері (сұлтандар) арасынан сайлап қояды. 2016 жылы Келантан штатының сұлтаны Мұхаммед V Малайзия королі болып сайланған.
Дереккөз: Azattyq.org