15-05-18 |
5210 рет қаралған
Медиация бізге жат емес.
Медиация бізге жат емес

Бидің бір ауыз сөзіне тоқтап, дауды өзара келісіммен шешкен қазаққа медиация жат емес. Атауы өзгергені болмаса, дала дауының барлығы ақсақалдардың медиативтік келісімінің нәтижесінде оң қорытындыланған. Бүгінде не көп, дау көп. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша азаматтық даулардың саны соңғы үш жылда төрт есе өскен. Нәтижелі жұмыс істеп, күнкөрісін жақсартудың орнына азаматтардың бір-бірімен соттасып, уақытын берекесіз іске арнауы жақсылықтың нышаны емес, әрине. Міне, сондықтан да қазақы заң нормаларын тірілтіп, медиацияны дамытуға деген қажеттілік туған болатын.

Біз үлгі етіп отырған медиация ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған. АҚШ, Австралия және Ұлыбритания елдерін медиацияның пайда болған мекені деп атауға болады. Кейіннен дауды шешудің мұндай тәсілі Еуропа елдерінде, ал қазіргі уақытта Жапония, Қытай, Корея, Үндістан және тағы басқа елдерде белсенді түрде қолданылады.

Медиацияны бірінші рет отбасылық қарым-қатынас аясындағы дауларды шешу кезінде қолданған. Кейіннен бұл әдіс отбасылық даулардан бастап, кең ауқымды коммерциялық саладағы көпжақты қиын дауларды шешу кезінде мойындала бастады. Ірі бизнес саласында да медиацияны қолдану тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады. Бірнеше ондаған жылдар бойы американдық корпорациялар оны өз қызметтерінде табысты пайдаланады, себебі олар медиация арқылы өзара тиімді шешім табуға тырысқаннан кейін ғана сотқа жүгінеді. Бұл сотқа берілетін талаптардан жүздеген миллион долларларды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Медиация тәсілдері, ең алдымен, ынтымақтастық аясында келіссөздерді жүргізуге бағытталады. Медиация кезінде тараптар келіссөздер жүргізіп, оны орындау нәтижесінде өз арасындағы жанжалдарды реттейді. Сәйкесінше, медиацияның өзіне тән артықшылықтары бар. Атап айтсақ, ол шиеленіске қатысушы тараптардың іскерлік қарым-қатынастарын сақтай отырып, дауды жедел шешу мүмкіндігінің жоғары болуымен бағалы. Сонымен бірге медиация кезінде тараптар рәсімдерді жүргізуге өздеріне ыңғайлы уақытты таңдай алатынын және медиацияны жүргізу екі тарапты да қанағаттандыратын келісім жасауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Бүгінгі күні медиация біздің елімізде де белсенді даму үстінде. Қазақстан Республикасының 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Заңы медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Азаматтық процестік кодекске сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Медиация соттың қарауында жатқан жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда, тараптар кейіннен сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, медиацияны жүргізу мерзімін күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының VI-сьезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайтып, соттан тыс реттеудің әдістерін, яғни бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар бүгінде өз нәтижесін көрсете бастады. Айталық, Астана қаласының соттарында былтырғы жылмен салыстырғанда медиациялық келісіммен аяқталған істер 30 пайызға артық болып отыр.  Сотта медиацияны қолданғаннан кейін талап қоюшыларға шамамен 1 миллиард теңге көлеміндегі бюджетке төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылды, бұл медиация рәсімінің тиімділігін айғақтайды.

Әлемде медиация АҚШ, Англия, Австрия, Германия және тағы басқа Еуропаның континенттік елдерде кеңінен қолданылады. Мысалы, АҚШ-та медиация дауды реттеудің әдісі ретінде 1960 жылдан бері қолданылып келеді және Бірыңғай Медиация туралы Акт 2001 жылы қабылданды. Америкалық сот жүйесі көптеген даулардың сотқа дейін ерікті түрде тараптармен шешілуіне ықпал етеді. Кейбір штаттарда тараптар алдымен медиаторларға барып, өз ісіне медиацияны қолдануға болатынын біледі. Іс медиациямен шешілмейтін жағдайда ғана шағым сот өндірісіне қабылданады. Көбінесе соттар істі қарағанға дейін медиацияға жүгінуге ұсыныс білдіреді. Сонымен бірге, АҚШ-та медиацияның жаңа әдістерін әзірлеумен айналысатын дауларды шешудің Ұлттық институты, жеке және мемлекеттік медиация қызметтері бар. АҚШ-та судья сот отырысын тоқтата тұрып, тараптарды медиатордың көмегімен келісімге келуге жіберуге құқығы бар.

Ал Ұлыбританияда дау туындаған жағдайда ыңғайлы медиатордың тұрғылықты жерін таңдап, қоңырау шалатын жедел желі жұмыс жасайды.

Германияда медиаторлар сот жүйесі қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдете отырып, тікелей соттарда жұмыс істейді, ал Австрияда медиатор барлығымен тең, ресми түрде танылған мамандық болып табылады.

Францияның сотпен тағайындалатын медиацияның тәртібі қолданыстағы Азаматтық процестік кодекспен толығымен реттеледі. Сонымен қатар, татуластыру рәсімдері Нидерландияда дәстүрлі түрде белгілі және кең таралған.

Медиацияны шет елдерде қолдану тәжірибесі көрсетіп отырғандай, интеграциялық модель атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тиімді, ол құқықтық дауларды шешу үшін әр түрлі уәкілетті органдардың қызметінде қолданылуы мүмкін. Мемлекеттің басты міндеті – медиация үшін оңтайлы үлгіні таңдау, оны заңды түрде қолданыстағы юрисдикция рәсіміне енгізу.

Қорыта келе, медиация бүгінгі күні әлемде жанжалдарды шешудің мойындалған және өзін ақтаған әдісі деп айтуға болады. Азаматтар мен заңды тұлғалардың дауды медиация тәртібімен шешуге белсенді түрде жүгінуі кезінде сот жүйесіне түсетін ауыртпалық айтарлықтай жеңілдейді, соның арқасында ауыр, ірі істердің шешілу сапасы артады.  Халықаралық статистикаға сүйенсек, барлық даулардың 30-40  пайызы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижеге қол жеткізілген. Ендеше, медиация рәсімінің біздің елімізде де кеңінен қолданылып, өз орнын табатынына сенеміміз зор.

Алия УТЕГЕНОВА,

Астана қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.